АСТАНА, 1 наурыз — Sputnik, Айымгүл Әбіл. Еліміздегі діни ахуалдың қазіргі жай-күйі көпшілікті алаңдататыны анық. Өткен жыл тыныш өтті, дегенмен көңілді күпті еткен мәселелер жоқ емес. Діни саланы реттейтін жаңа заң жобасы парламентте қаралып жатыр. Оның кейбір нормалары қоғамда даулы пікірлер тудырды. Осы маңызды мәселелер төңірегінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Оразбен сұхбаттастық.
Серікбай қажы Сатыбалдыұлы, Сіздің Бас мүфти болып сайланғаныңызға үш ай болып қалды. Әрине, көп уақыт емес. Десек те, осы уақыттағы жұмыстың қорытындысын шығаруға да болатындай. Маңызды лауазымдағы міндетіңізді неден бастадыңыз? Қандай жоспарларыңызды іске асырып үлгердіңіз?
— Бисмиллаһир рахманир рахим. Бүкіл әлемнің жаратушысы Алла Тағалаға сансыз мақтаулар болсын. Екі дүние сәруәрі Мұхаммед пайғамбарымызға Алланың салауаты мен сәлемі болсын. Расында да, өткен жылы сегізінші желтоқсанда кезекті құрылтайда еліміздегі төрт мыңға тарта дін қайраткерінің арнайы өкілі болып келген делегаттардың шешімімен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жетекшісі және дін саласында жоғары лауазым болып саналатын Бас мүфти қызметінің жүгі мен жауапкершілігін арқаладым. Қазақта «бір басшыға — мың қосшы» деген сөз бар. Мінекей, бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ үшін барша дін қайраткерлері жұмыла ұмтылып, жұмысымызды бастап кеттік.
Соңғы бес жылда 2013-2017 жылдары дін және руханият саласында қазақ мұсылмандығы, ел тарихындағы өте маңызды көп шаруа жасалғанын айту керек. Екі-үш жылда бір рет өткізілетін имамдар форумын жолға қойдық. Форумда «Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы», «Бүгінгі мұсыл-манның келбеті», имам-молдалардың жауапкершілігін айқындап, білімі мен тәжірибесін шыңдайтын «Дін қызметкерінің этикасы», «XXI ғасырдың зияткер имамы» секілді маңызды құжаттар қабылданғанын білесіздер.
Ал барша түркі әлеміне қасиетті де қастерлі Түркістан қаласында өткізген «Ұлы дала және ислам өркениеті» республикалық ғылыми-әдістемелік конференциясы — ең басты жоспарлы жұмысымыздың бірі. Беташары іспетті болған бұл істің жалғасы екінші наурызда Астанада өтетін Еуразия мұсылман ғұламаларының форумы болмақ.
– Ғұламалар форумын өткізудегі мақсат қандай?
— Кешегі жоғалтқанымызды түгендеп жатқан осы бір кезеңде дала халқының болмысымен бітеқайнасып кеткен ортаазиялық діни мектепті қайта жаңғыртсақ деген ой. Еуразия кеңістігінде шариғат мәселесінде Әбу Ханифа мәзхабы және сенім мәселесінде имам Матуриди діни мектебін ұстанатын мұсылман қауым өмір сүреді. Біздің мақсатымыз бір, мектебіміз бір, таным-түсінігіміз бір.
Сондықтан форумда біртұтас пәтуа жүйесін қалыптастыруды, Рамазан айының басталуын, үлкен екі мұсылман мерекесі — Ораза айт пен Құрбан айттың уақытын белгілеуді көздеп отырмыз. Бұдан бөлек шариғат негізінде қоғамда кездесіп отыратын кейбір мәселелер бойынша бірізділік үшін ортақ пәтуа кеңесін құрмақшымыз. Осы бастаманы әріптестерім қолдайды деген ойдамын.
Бүгінде бүкіл әлемді дүрліктіріп отырған дін атын жамылған экстремизм, терроризм, яки болмаса басқа да араға іріткі салып жүрген деструктивті ағымдардың алдын алу үшін осы кеңістіктегі мұсылман қауымының иммунитетін қалыптастырған жөн-ақ. Осыған орай болашақта Еуразия мұсылман ғұламаларының форумын Қазақстанда тұрақты түрде өткізсек дейміз.
© FOTO: ҚМДБ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ
Sputnik Қазақстан тілшісі Бас мүфтимен сұхбаттасып отыр
Форумға 21 елдің мүфтилері мен Ислам ұйымдарының басшылары қатысамыз деп отыр. Оның ішінде Хорватия, Латвия, Литва, Эстония, Польша, Венгрия, Румыния да бар. Әрине, бұл елдерде мұсылман қауымы бар ма деген сұрақ туындауы мүмкін. Біріншіден, біз өмір сүріп отырған осы кеңістіктегі елдер қоғамының құрылымы – зайырлы. Олар зайырлылықтың принциптерін сақтай отырып, оны діни құндылықтармен ұштастырып, ортадан жол салып, діннің мәдениетін, ағартушылығын дұрыс жолға қойып, насихат жүргізіп жүрген діни жетекшілер деп айтуға болады. Осылайша, діни күрделі сұрақтар туындап отырған кезеңде өзіміздің мақсатымызды айқындап қана қоймай, тәжірибемізбен бөлісіп, өзгелерден үйрену өз жемісін беретіні анық.
– Бұл көп жұмыстың басы болса керек. Өзіңіз жетекшілік еткен мүфтияттың биылғы жылға қойып отырған мақсат-міндетін айта кетсеңіз. Тың бастамаларыңыз да бар шығар?
— Жоспарлы алға қойған жұмысымыздың ең бастысы – ағартушылық. Осы мақсатта қабылдаған тұжырымдамамыз бар. Дін қайраткерлері бүгінгі уақыт талабына жауап бере алатындай білімді де білікті, жан-жақты болуы тиіс. Тек діни біліммен шектеліп қалмай, ғылыми-зерттеу жұмысында да белсенді болған абзал. Биік мақсаттар қойып отырған көпэтносты, көпконфессиялы қоғамның ортасында жақсы идеялар мен дұрыс насихат жүргізудің бәсекелестігі жүріп жатқан кезеңде елге білім үйретіп, жол көрсететіндей ортаны қалыптастыру міндеті тұр.
Сонымен бірге, өте бір жақсы бастаманы қолға алып отырмыз. Қазіргі уақытта Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты 2600-ден астам мешіт бар. Бұл мешіттердің қызметі халықтың алдында ашық. Дегенмен, қаржылық ашықтықты қамтамасыз етудің бірден-бір оңтайлы жолы — мутауалли қызметін қалыптастыру. Ол қаржылық-шаруашылық жұмысқа жауап береді. Екі ай сайын, бәлкім тоқсан сайын жамағат алдында мешіттің түсімі мен шығындарын, болмаса мешіттің басқа күнделікті тыныс-тіршілігін жамағатқа жеткізіп отырады. Ал ақ шапан мен сәлде киген имамдар қаржылық-шаруашылық іске мүлдем араласпайтын болады. Діни басқарманың жарлығына өзгеріс енгізу үшін қазір жұмыс істеп жатырмыз. Менің осы бастамам әріптестерімнің тарапынан қолдау тауып отыр.
– Бұл бастама қашан іске асырылады?
— Биыл сәуір айында толыққанды жүзеге асырамыз. Бір айта кететіні, бұл ойдан табылған дүние емес. Орта Азия дін басқармасы кезінде мутауалли қызметі болған. Осыны қайта қалыптастырсақ, ел ортасында өзара сенімді арттыру үшін жақсы септігін тигізеді деген ойдамын. Қазір қаржы-шаруашылық мәселелерін қоса алып жүру имамдарға кәдімгідей салмақ болып отыр. Елімізде дінге бет бұрушы жамағат саны өсіп келеді, олардың арасында жүргізілетін уағыз-насихат жұмыстары бар. Діни ғибадаттар мен рәсімдерді жүргізудің өзі бөлек дүние. Мешіттер жанындағы сауат ашу курстары мен елдің сұрақ-жауап мәселесіндегі жауапкершілік де имамның мойына жүктеледі.
Былтыр елімізде «Уақып» қорының құрылғаны белгілі. Қазіргі таңда 350-ге тарта имамға қайырымдылық көмек көрсетілді. Діни оқу орындарында тәлім алып жатқандарға шәкіртақы тағайындалды. Осы бағыттағы жұмыс жалғаса береді. Имамдардың әлеуметтік мәселесін шешіп, еш нәрсеге мұқтаж қылмай, олардың алаңсыз діни қызметін, ағартушылық жұмысын жүргізуіне жағдай жасауымыз керек.
– Елдегі бүгінгі діни ахуалды қалай бағалайсыз? 2016 жылы болған Ақтөбедегі қайғылы оқиға елде діни ахуал өткір тұрғанын көрсетіп еді. Қазір жағдай қалай өзгерді?
— Ақтөбедегі жағдай біздің қоғамға, отанымыздың әрбір тұрғынына ой салды десек қателеспеспіз. Діннің атын жамылып, адамдар зұлымдыққа барады, біреуге қиянат жасайды, нақақсыз қанын төгеді, ұйып отырған елге іріткі болады деген терең ойға бармаған кез еді. Күнделікті жамағатпен еңбек етіп, дініміздің барша жақсы құндылықтарын насихаттап, еліміздің, халқымыздың бірлігін айтып отырған діндарларға да үлкен ойтүрткі болды. Барлық ортада оның себептері мен салдары талданды. Осының нәтижесінде ең бастысы, деструктивті діни ағымдардың қандайы болмасын — оның байсалдысы, жұмсағы, қатқылы деп бөліп отырмастан, қандай да бір көрінісі көрінген сәттен бастап оның алдын алу керек екенін түсіндік деп айтуға болады.
Қазір республикалық ақпараттық-насихат тобы еліміздің барлық өңірінде жүйелі түрде жұмыс жасап жүр. Топтың құрамында белгілі теологтар, тәжірибелі ғалымдар мен мамандар еңбек етеді. Осындай кешенді жұмыстың нәтижесінде 2017 жыл, біздің ойымызша, жақсы жыл болды. 950-ге тарта деструктивті ағымдардың жетегінде жүрген азамат саналы түрде осы көзқарасынан бас тартып, дәстүрлі діни таным-түсінікке қайта оралды.
Өздерінің шешімін саналы түрде мойындай отырып, ағым мүшелері болып жүрген ортада өздері де насихатын жүргізе бастады. Жалпы, еліміз бойынша өткен жылдың соңындағы көрсеткіш бойынша өсім тоқтаған. Бұл — ең басты мәселе, бірінші жетістік деп ойлаймын. Өткен күннен алған сабақтың нәтижесі. Себебі мен салдарын тыңғылықты зерттей отырып, біз тиімді жұмыс жасауға өттік деген сөз.
Енді мүдделі мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар және ең алдымен діни басқарманың мойнында үлкен жауапкершілік тұр. Дәстүрлі дініміздің құндылықтарын насихаттап, ағартушылық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қоғам болып бірлесіп күресетін болсақ, бұл нәтиже жақсара береді деп санаймын. Дәстүрлі діни мектептің негізгі өкілдері болып саналатын имамдардың, діни басқарма теологтарының белсенділігі артты ғой. Қоғам тани бастады. «Пәленше деген белгілі дінтанушы ұстаз-ғалым бар екен, түгенше дегеннің уағызын тыңдаймыз» деп жатыр. Еліміздегі барлық мешітте деструктивті ағым мүшелері бар деген сөз емес. Ал ондай мәселе бар жерлерді біз назарымызға алып, жекелеген мешіттер айналасында жұмыс істеп, бар күшімізді салатын боламыз.
– Әңгімемізді қазіргі уақытта парламентте қаралып жатқан заң жобасына қарай ойыстырсақ. Құжатты әзірлеуге діни басқарманың да атсалысқанын білеміз. Ендеше, дін қызметкерлері тарапынан қандай ұсыныстар болды? Жалпы, сіздің пікіріңізше, бұл өзгертулер ең түйткілді деген қандай мәселелерді шешеді?
Заң жобасын әзірлеу кезінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының діни қайраткерлері, біздің ғалымдарымыз бірнеше талқылауға қатысып, ойларын ортаға салды. Заң жобасы парламент қарауына түскенге дейін көптеген ұсыныс ескеріліп, мүлдем алынып тасталған тұстары да болды. Бүгінде құжатта біз түбегейлі қарсы болатындай мәселе көріп тұрған жоқпыз. Бірақ, әлі де болса айтылған ұсыныстарды заң шығарушы орган ескереді.
Діни бірестіктердің ішкі тәртіптерін айқындайтын талаптарға мешітке келушілер бағынуы керек. Осы заң жобасының аясында ескеріліп отыр. Бұл аса маңызды дүние. Мешіт — Алланың үйі, ғибадат ететін орын. Діни басшылардың талап-тілектерін, ішкі тәртіптерін орындауға тиіс. Намаз құлшылығын өтеудегі белгіленіп қойған дәстүрлі ереже бар. Сонда ғана біз бірізділікке келеміз. Діни басқарманың талаптары мен ережелерін өзіміз жазып қойғанымызбен, егер ол ешқандай заңда жоқ болса, оған мойынұсынбаған жағдайда шара қолдана алмаймыз. Осындай даулы мәселелер заң жобасында қарастырылған.
Сондай-ақ білім алу мәселесі реттеліп отыр. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бізде діни білім ошақтары болған жоқ. Азаматтарымыз әлемдегі белгілі 5-6 діни мектепте білім алды. Енді қазір елімізде оқу орындары жеткілікті, кадр дайындауға қауқарлы мамандарымыз бар. Сондықтан орта білім мен бакалаврды отандық оқу орындарында қалыптастыру керек. Ал одан әрі білімді тереңдету үшін белгілі білім ошақтарымен жасалған келісімнің аясында шетелге жіберуге болады. Осы мәселе де заң жобасында ескерілген.
– Қоғамдық орындарда қара киініп жүруге, деструктивті діни ағымдарға қатысы барын көрсететін сыртқы атрибуттарға тыйым салынбақшы. Оның ішінде сақал мен балаққа қатысты қоғамда түрлі пікірлер айтылып жүр. Өйткені адамның теріс діни ағымның жетегінде жүрген-жүрмегенін сақал мен балақтың ұзындығы арқылы да анықтау қарастырылып жатыр. Осы мәселеге қатысты сіздің пікіріңізді білгіміз келеді. Артық қыламыз деп, тыртық қылып алмаймыз ба?
— Заң жобасында тап сол сіз айтқандай бап жоқ. Заңда сақал, балақ деп жазылып қоймаған, ондай түсінік те жоқ. Есесіне діни деструктивті ағым деген түсінік бар. Соның анықтамасы жазылған. Бірақ деструктивті ағымдағы адамның портреті жоқ. Сондықтан заң қабылданғаннан кейін әзірленетін нормативтік-құқықтық актілерде оның нақты белгілері анықталады. Бұл мәселе кешенді дүние. Анықтамасын беретін мамандар бар. Деструктивті ағымдағы адамның портретін қалыптастыру үшін әлі де біраз ізденіс керек шығар. Бір ғана көрініс оған толыққанды жауап бере алмайды.
Десек те, өкінішке қарай, бүгінде қысқа балақ пен ұзын сақал ой салып, күдік тудыратыны рас. Өйткені, деструктивті деп күмәндануға негіз бар. Олар иманды, мұсылмандықты балақ пен сақалдың ұзындығымен таразылайды. Әлемнің мұсылман еліміз деп отырған ешбір мемлекетте ұзын сақал мен қысқа балақ деген норма жоқ, бұл негізгі өлшем емес. Жаңсақ пікір ғой. Олардың келтіріп жүрген дәлелдері мен дәйектері міндетті түрде балақтың қысқа болуына міндеттемейді. Сондықтан оның бәрі артық дүние.
Дәстүрлі дінімізде балақты қысқарту деген жоқ. Сақал — пайғамбарымыздың сүннеті, бірақ сақал мен балақтың ұзындығымен мұсылмандықты өлшеу — әсіре діншілдік, қате таным-түсінік.
Нағыз мұсылман төңірегіне нұр шашып жүретін, отанын сүйіп, оған қалтқысыз қызмет етуді парыз көрген, қоғамға пайдалы болған адам. Кемел мұсылман жүріс-тұрысымен өнеге көрсетіп, ынтымақ пен бірлікке үндейді. «Нағыз мұсылман – өзге адамдар оның тілі мен қолынан зиян көрмеген адам» делінген хадисте.
– Қара киімге, сақал мен балаққа заңды түрде тыйым салдық дейік. Сіздің ойыңызша, бұл қаншалықты тиімді болады?
— Заң деген дүние үнемі жетілдіріліп отырады ғой. Сондықтан бүгінгі заңға түсіністікпен қараған жөн болар. Осындай жұмыстар радикалды көзқарастағы азаматтар өсімінің тоқтап, жағдайдың тұрақталуына негіз болды. Ал қалғандарымен жұмыс істеп жатырмыз. «Әр қазақ менің жалғызым» деген тамаша сөз бар емес пе? Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды. Олардың бәрі осы елдің азаматтары, отанын жақсы көреді.
Біздің ендігі мақсатымыз — оларды райынан қайтару. Дінге жаңа бет бұрған адамдар да назарымызда болады. Енді қазір жеке адамға көңіл бөлеміз. Біз үйретпесек, ол интернеттен «ұстаз» тауып, соны үлгі тұтатын болады. Сөйтеді де, ертең адасады. Мұндайға біз жол бермеуіміз керек.
– Заң жобасында дінге сенбейтіндердің сезімі мен намысына тиюдің әкімшілік жауапкершілігі қарастырылып отыр. Бұл норманы енгізу не үшін қажет болды?
— Бұл норма күпірлікпен айыптау секілді шектен тыс кеткен радикалды көзқарастан туындап отыр. Әсіре діншілдікке берілген адам өзі секілді деструктивті көзқарастағы азаматты ғана дұрыс мұсылман, ал намаз оқыса да, өзгеше ойлайтын жанды нағыз мұсылман емес деп есептейді. Мүлдем намаз оқымаған адам «кәпір». Міне, осылай қоғамды айыптай бастады. Ал бұлардың құқығын қорғайтын норма заңда болған жоқ. Біреудің сенімін кінәлауға болмайды деген сияқты жалпылай болғанымен, нақтыланбаған екен.
Пайғамбарымыздың заманында ол өмір сүрген қалада басқа діндегілер де жүрген. Сонда пайғамбарымыз, қазіргі тілмен айтқанда, толеранттылық танытты. Мұсылмандар басым деп, оларды көшіріп жіберген жоқ, не болмаса «бәрің мұсылман боласыңдар» демеді. Пайғамбарымыз Алла Тағаланың әділет жолымен жүрді. Алла Тағала қасиетті Құранда «дінде зорлық жоқ» дейді. Дінде насихат бар, бірақ мәжбүрлі насихат емес, айла мен қулыққа сүйенген насихат емес. Бірін-бірі асыра айыптамау үшін адамға Алла Тағала ақыл, пайым, еркіндік берген.
– «Қоғам діниленіп бара жатыр. Ал қоғамның діниленуі — қауіпті процесс» деген пікірге қатысты не айтар едіңіз?
— Дін адамның бұл дүниеде бақытты, мағыналы өмір сүріп, ұрпақ өсіріп, артынан жақсы із қалдыруын, адамдарға қылдай қиянат жасамауын, ойы да, жан-дүниесі де, іс-әрекеті де тек жақсылықты мұрат етіп жүруін мақсат тұтады.
Дін – мемлекеттің рухани тірегі. Өйткені дінсіз қоғам болмайды. Ал дінге бетбұрыс үдерісі — қалыпты құбылыс. Дінилену дегенді қандай өлшеммен таразылауға болады? Елдің бәрі намаз оқып, елдің бәрі арақ ішпей қойды дейік. Осы да діниленудің бір көрінісі бола ма? Адамдар Алла тыйым салған дүниелерден тыйылса, керісінше жақсы емес пе? Қоғамның діниленуі қалыпты процесс деп айтар едім. Бұл дегеніміз елдің бәрін дінге бұрылуға насихаттау емес, діниленуге шақыру емес. Елдің бәрі сәнге еліктесе, ол дүниенің сапасы болмайды.
Діниленуден гөрі, дінге бет бұрғандардың қатаң радикалдануына жол бермеуге тиіспіз. Бұл жерде имандылыққа бет бұрып жатқан ортаны дұрыс жолға бағыттау және соны дұрыс игере алуымыз маңызды. Иманды қоғам, иманды жұрт, иманды адамнан тек қана жақсылық болады. Өмірде ешкімге қиянат жасамайды. Жақсы ұрпақ өсіреді. Бірақ міндеттеу, соған мәжбүрлеу дұрыс емес. Алла Тағала Құранда, Пайғамбарымыз хадисінде осыны анық айтқан.
— Орыс тілінде исламның дұрыс уағыздалуына қаншалықты көңіл бөлініп жатыр? Құран аяттары мен хадистерін орысша сауатты түсіндіре алатын имамдар бар ма?
— Жоспарлы бағдарлама құру ойымызда жоқ. Оған аса бір қажеттілік те жоқ. Орыс тілінде уағыз айтатын имамдардың пулын жасақтағанбыз. Олардың саны 40-тан асады, бұл қажет болған ортада жекелеген адамдармен жұмыс істеуге жеткілікті. Кейбір медреселерімізде орыс тілі бөлімін аштық. Онда дәрістер толыққанды орыс тілінде оқылады. Әрі Ресейдегі ислам университеттерімен бірлесе жұмыс жасап, тәжірибе алмасып жатырмыз.
Айта кететіні, имамдарды аттестациядан өткізудің жаңа ережесі бекітілген. Бұл әлеуетімізді үнемі байқап отыру үшін керек. Қазір қайта-қайта даярлау курстары өткізілуде. Соңғы төрт-бес жылдағы жұмыс жақсы нәтиже беріп отыр. Тұжырымдама бойынша 2020 жылға дейін мамандардың алпыс пайыздан астамы жоғары білімді болады.
– Бүгін — Алғыс айту күні. Бұл мереке туралы не айтар едіңіз? Алғыс айту туралы дінімізде не айтылған?
— Алла Тағала қасиетті Құранда, Пайғамбарымыз хадисінде «адамдар әрбір атқан таңына, батқан күніне тәуба, шүкір, рақмет деп алғыс айту керек» деген. Пайғамбарымыздың мынадай хадисі бар: «Адамға алғыс айта алмаған, Аллаға да алғыс айта алмайды». Рақмет деген сөздің мағынасына үңілейікші. Оны айтқан адам Алладан «Уа, Алла, мына пендеңе риза болдым, осы кісіге рақым ет» деп тілеп тұр. Періште «Әумин!» деді. Ол үшін міндетті түрде қолын жайып, бата беру шарт емес. «Рақмет» деген сөздің өзі бата.
Мұсылман адам өзіне жасалған жақсылықтың қайтарымы ретінде Аллаға және адамға әрдайым алғысын айтуды міндет санайды. Елбасымыздың бастамасымен белгіленген тәрбиелі, ғибратты, өнегелі мереке елімізде алдымен Жаратушыға, одан кейін бір-біріне алғыс айтатын адамдардың көп болуына себеп болады деп ойлаймын. Бір Алла жар болсын, алғыс айтып жүрейік, бір-бірімізге ризашылығымызды білдіріп жүрейік. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда сыйластық пен өзара алғыс айтқан ізгілік қана қалады. Сондықтан сіздерге де рахмет!
– Сұхбатыңызға көп рахмет!