Кеше, Мақтарал аудандық ішкі істер басқармасының мәжіліс залында АІІБ- басшысы подполковник Бауыржан Жанаев Даулетханұлы және Аудандық «Нұғман» мешітінің бас имамы Сыздықов Бекзат Оқапұлының бастамасымен маңызды жиын болып өтті. Жиынға Мақтарал ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Жолдасбеков, жергілікті полиция басшысы Сапарбеков Әділбек, учаскелік полиция қызметкерлері және мешіт имам- молдалары қатысты. Жиында қозғалған басты тақырыптар аясында Аудандағы діни тұрақтылықты сақтау, діни ағымдардың алдын- алу, оларға түсіндірме жұмыстарын жасауда және өзге де іс- қимыл әрекеттерде бірлесіп жұмыс жасауға әкімшілік және ішкі істер басқармасы тарапынан ұсыныс білдірілді. АІІБ-ның бастығы Б. Жанаев аудандағы тұрақтылық пен тыныштыққа өз үлестерін қосып келе жатқан аудан имамына және де барша дін қызметкерлеріне өз алғысын айтса, Жергілікті полиция қызметінің бастығы Ә. Сапарбеков қала, ауыл, өңірде орналасқан барша имамдардың жергілікті учаскелік полициямен тығыз қарым- қатынаста болу керектігін айтты. Сонымен қатар, осал объекті болып табылатын, халық көп жиналатын (солардың қатарында мешіттер) орындарда бейнебақылау камераларын орнату бойынша да біраз мәселелер талқыланды. Аудан имамы Б. Сыздықов қазіргі уақытта мешіттердің баршасында дерлік бейнебақылау орнатылып жатқандығын атап өтті. Ал аудан әкімі орынбасары М. Жолдасбеков конфессия аралық тұрақтылықта, біртұтастықта, бірлікте болған дін қызметкерлеріне өзі және аудан әкімі тарапынан 1 наурыз «Алғыс айту» күніне орай шынайы ыстық лебізін білдірді. Маңызды жиын соңында аудан имамы Пайғамбарымыздың (с.а.с):«екі көз тозақта күймейді: оның бірі- Алладан шынайы қорқып жылаған көз, екіншісі- Отан алдында борышын өтеп, шекара күзеткен көз»- деген хадисін айтып, күн демей, түн демей Ел алдында борышын өтеп, қызметте жүрген азаматтарға да имам- молдалар атынан алғыс айтты.
Мақтарал аудандық «Нұғман» мешітінің баспасөз қызметі