Бақдәулет қажы НҰРМАТҰЛЫ, Шымкент қаласының бас имамы
Ораза сөзінің тілдік мағынасы «іс-әрекеттен тыйылып, оны тәрк ету» дегенді білдіреді. Ал шариғаттағы мағынасы «тақуалыққа жетуді көздеп, сауабын бір Алладан үміт етіп, тәң сәріден күн батқанға дейін арнайы ниетпен белгілі бір істерден тыйылу» деген ұғымды білдіреді.
Ақыл-есі дұрыс, балиғатқа толған, басы азат мұсылманға ораза ұстау парыз екені қасиетті Құранда былай әмір етілген: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңнен бұрынғыларға парыз етілгендей сендерге де ораза ұстау парыз етілді. Бәлкім, сол арқылы (асау нәпсіні тізгіндеп) күнә атаулыдан сақтанып, тақуалыққа жетерсіңдер» («Бақара» сүресі, 183-аят); «Рамазан айы – адамзатты тура жолға бастаушы, айқын дәлелдерді һәм ақиқат пен жалғанның ара-жігін ажырататын өлшемдерді қамтыған қасиетті Құран түсе бастаған ерекше ай. Араларыңнан кімде кім Рамазан айына аман-есен жетсе, оны ораза ұстап өткізсін» («Бақара» сүресі, 185-аят).
Бұл – мұсылман үшін ораза ұстау парыз екенін дәлелдейтін Құран аяттары. Ал ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде де оразаның парыз екені баяндалады. Бұған дәлел ретінде мына хадисті келтіруге болады: «Ислам бес нәрсеге құрылған: Алланы жалғыз деу, намаз оқу, зекет беру, рамазанда ораза ұстау және қажылық».
Исламға дейін кітап иелері, яғни қасиетті кітап түскен яһудилер мен христиандар оразаны басқаша ұстайтын. Кейбір деректерде олардың ораза ұстаған күндері мұңайып жүруге міндетті болғаны айтылады. Сонымен қатар ораза кезінде еттен, балықтан, сүт пен жұмыртқадан бас тартқан. Христиандардың ең көне әрі танымал оразаларының бірі – пасха мейрамы алдында ауыз бекіту.
Мұса пайғамбар (Алланың оған сәлемі болсын) ораза ұстаған. Иса пайғамбар (Алланың оған сәлемі болсын) мен оның шәкірттері де ауыз бекіткен. Алайда одан кейін шіркеу басшылары оразаның басқа түрлерін енгізген. Жоғарыда айтылғандай, ораза түрлерінің, оған қатысты түрлі шарттардың пайда болуы сондықтан.
Ал асыл дініміз Исламдағы оразаның негізгі мақсаты – тақуалыққа жету, тыйым салынған барлық істі Алла разылығы үшін тәрк ету. Шынайы ниетпен ораза ұстаған пенде Алламен терең, яғни ихсан дәрежесінде байланыс орнатып, жүрегін түрлі дерттен тазартады. Осылайша жан-дүниесін рухани құндылықтармен байытады. Адам баласы рұқсат етілген шаһуат қалауларын тежеп үйренбесе, тыйым салынған нәрселерден бойын аулақ салып, одан сақтануға ерік-жігері жетпей қалады. Мұның ақыр аяғы күнә атаулыдан іргесін аулақ салуға ішкі сенімі мен иманы көмектеспей қалуы мүмкін.
Рұқсат етілген нәпсі қалауларын тәрк етіп, Алла Тағаланың бұйрығын орындаған адам шүбәсіз тыйым салынған нәрселерден бас тарта алады. Оразаның адамды тақуалыққа тәрбиелейтін хикметі осында жатыр. Былайша айтқанда, ораза бойға жақсы дағдыны, көркем мінез-құлықты қалыптастырады. Нәтижесінде күнәлі істен алыс болу үшін нәпсіні бір ай бойы тежеп, шынықтыра түседі. Оразаның мақсаты тек тақуалықты арттырумен шектелмейді. Оның бұдан басқа көптеген пайдалары бар. Соның кейбіріне тоқталуды жөн көрдік.
Ораза адам баласының құлшылық жасауға деген сабырлығын шыңдайды. Сабырлық қасиетін арттырған пенде рухани күшке ие болады. Бойға жиған рухани күш арқылы өмірде кездесетін түрлі қиыншылықтарға төтеп бере алу қабілетіне қол жеткізеді. Ауыртпалық деген түсініктің аясы кең. Қиындықты жеңу жолындағы қадам үйреніп, әдеттеніп қалған іс-әрекеттерді жасамаудан, одан толық бас тартудан басталады. Бұл үлкен сабырлықты, тұрақтылықты, табандылықты қажет етеді. Сол үшін Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ораза – сабырдың жартысы», – деген болар.
Ораза кедейлер мен мұқтаждардың жағдайын еске салады. Ораза ұстаушының бойында пақырлар мен кедейлерге деген мейірімділік пен жұмсақтық сезімі оянады. Аш жүрудің қиындығын сезінген пенде тамақсыз күй кешкен адамдардың хәліне еніп, оларға деген жанашырлық сезімі артады. Рамазан айында берілетін зекет, пітір садақасы, қайырымдылық көмектер адамға шүкіршілік сезімдерін сыйлайды. Мұның нәтижесінде бай мен кедейдің арасы жақындай түседі.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылман мұсылманға бауыр. Оған зұлымдық жасамайды әрі оны қиындықта қалдырмайды», – деген. Бұл хадис мұсылмандардың қоғамдағы өзара жауапкершілігін арттыра түседі. Ораза ашығуды білдірмейді. Ол жүректі тәрбиелейді. Осы тәрбиенің ең маңызды нәтижелерінің бірі – кедейдің хәлін түсіну және оған қол ұшын созу.
Ораза – тамақты шамадан тыс жеуден туындайтын көптеген ауруларға шипа. Бұған қатысты медицина мамандарының кеңестері көп. Қазір әлемде ашығу арқылы емделу тәсілдері кеңінен көрініс тапқан. Расында ораза кезінде ас қорыту жүйесі тынығады. Күнделікті үздіксіз ас ішу асқазанға ауыр екені белгілі. Ораза уақытында асқазан демалады, ас қорыту жүйесі ретке келеді, зат алмасу жүйесі жақсарады. Өйткені ораза кезінде ағза артық май қорын пайдалана бастайды. Мұның нәтижесінде қант пен холестерин деңгейі қалыпқа келеді. Ашығу семіздік пен диабеттің алдын алуға көмектеседі. Ораза ағзаны әлсіретпейді, керісінше сауықтыра түседі.
Бұл ретте айрықша атап өтер жайт, ораза ұстаудан бұрын ниетті түзеудің маңызын айрықша түсіну керек. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Амалдар ниетке байланысты, әркімге ниет еткені беріледі», – деген. Ниеттің дұрыс болуына байланысты «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабында мынадай түсініктеме берілген: «Адамзат баласының бұл дүниеде атқаратын әрбір ісі ниетіне байланысты. Ниет – түпкі мақсатқа жетелейтін негізгі себеп. Пенде игі іс істесе де, теріс іс істесе де осы ниетіне қарай сауабын алады, не жазасын тартады. Өйткені адам баласының іс-әрекеті ашық көрініп тұрады, бұл – оның іс-әрекеті.
Ал кейде пенденің ісі жасырын тұрады, бұл оның ішкі ниеті. Сондықтан пенденің іс-әрекетінің сырт көрінісінен қарағанда ішкі жан дүниесінің, яғни ниетінің таза болуы маңызды. Кейде біз адамдардың атқарып жатқан амалдарының сыртқы формасына қарап, баға беріп жатамыз. Алайда адам баласының ісі – оның шынайы ниетіне байланысты. Пенденің ісі Жаратқан Алла Тағаланың құзырында жүрегіне қарай бағаланады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Шын мәнінде Алла сендердің түрлерің мен сырт көріністеріңе қарамайды, алайда жүректерің мен іс-амалдарыңа қарайды», – деген».
Ниет – адамның жүрегіндегі негізгі мақсат, яғни амалды кім үшін және не үшін жасап жатқанын айқындайтын ішкі бағыт. Асыл дінімізде ниет – кез келген құлшылықтың рухы. Құлшылықтың рухы дұрыс болмаса оны орындаудан пайда аз. Ораза тек ішіп-жеуден тыйылуды білдірмейтінін жоғарыда айттық. Ауыз бекітуден алдын нәпсіні тәрбиелеуді, жүректі тазартуды, тақуалыққа жетуді, осының нәтижесінде Алланың мейіріміне, разылығына бөленуді ниет еткен абзал. Жүрек түзелмей, амал түзелмейді.
Ал ниет түзелсе, бүкіл құлшылықтың сауабы еселене түседі.
Адамдардың құлшылықты орындау барысында сыртқы амалдары бірдей болуы мүмкін. Бірақ кейбір адамдардың ниеті әртүрлі болуы ықтимал. Өйткені ниет жүректегі құбыла іспетті. Ол қайда бұрылса, амал да, адам да сонда барады.
