Бүгін Шымкент қаласы Еңбекші ауданы Тура жол мешітінде әйел-қыздар жамағатына «Адал ас — шариғат талабы» атты семинар өтті.
Қасиетті Рамазан айы қарсаңында өткізіліп жатқан бұл семинарға спикерлер ретінде Шымкент қаласы бойынша әйел-қыздар секторы жетекшісі, бас ұстаз Балжан Досжанова, ҚМБД «Халал Даму» стандарттау және сертификаттау орталығының технолог маманы Аружан Аралбай арнайы шақырылды.
Берекелі жиынымыз әуелі Аллаға мадақ, сүйікті Пайғамбарымызға (с.а.у.) салауатпен басталып, соң Балжан ұстазымыз жиналған жамағатқа асыл дініміз ислам адалдық пен тазалық діні екені, біздерге күнделікті табысымыздың және жейтін асымыздың адал болуына аса мән беруіміз керектігі, қазіргі заманамызда дүкендерде бірден көзіңді ойнатып, тәбетіңді оятар әртүрлі өнімдердің құрамы расында да біз үшін адал ма, жоқ па, мұсылман ретінде бұл жайлы ойланып, ізденуіміз қажеттілігін талап ететіні жайлы сөз қозғады.
Ия, аса Мейірімді Жаратушымыз бізге иман нығметін нәсіп етіп, ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) арқылы ненің адал, ненің арам екенін анық білдірді. Және бұл екеуі арасында көпшілік біле бермейтін күмәнді деген дүниелер де бар екенін, шын мұсылман бұндай күмәнді заттардан да өзін сақтауы керектігін де Алла Елшісі (с.а.у.) бізге ескертті.
Әсіресе, келе жатқан мүбәрак Рамазан айында мұсылманның ауызашар дастарқаны қандай болуы керек, сауап жинаймын деп, керісінше, күнә алып қалмаймыз ба, осы жөнінде де ардақты ұстазымыз көркем түрде насихат жасады.
Технолог Аружан ханым дәл осындай заттардың қазіргі заманауи түрлері, тағамдарымыздағы, дәрі-дәрмектердегі, күнделікті қолданатын тұрмыстық химиялық заттардың құрамындағы күмәнді қоспалар жайлы және олар неліктен күмәнді болып есептелетіні жайлы слайдтық презентациялар арқылы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Және мұндай өнімдерді сараптамадан өткізетін ҚМДБ «Халал Даму» зерттеу орталығында қандай тексерістер жүргізілетінін, өнімдерді стандарттау және сертификаттау жұмыстары қай тәрізде іске асатынын баяндап берді.
Жиынымыз соңында «Тура жол» мешіті наиб имамы, Шымкент қалалық Жастар Ісі жетекшісі Ержан Нарботаев сөзге шығып, семинарымызды қорытындылады.
Берекелі жиынымыз керемет рухани деңгейде өтті. Өте көп пайдалы кеңестерге ие болдық, көптеген сұрақтарға жауап алдық.
Ал Алла жолында дінге, халыққа қызмет етіп жатқан ұстаздарымызға Алла разы болсын!




