Жаратушы Хақ Тағала біздің қандай екенімізді алдын-ала білсе, онда ыждаһаттыларды жалқаулардан, ақылдыларды ақымақтардан, гауһарға ұқсас таза жандарды, көмірдей қара жандардан айыру мақсатында не үшін сынақ жіберген?
Асылында, Алла Тағала кімнің не істеп жүргенін, өз қалауын қайда жұмсап жүргенін және ақыр аяғында кімнің Жұмаққа, кімнің Тозаққа баратынын біледі. Алайда біз – Алланың жаратқан пенделері, бұл туралы білмейміз. Біздің не жасап, немен айналысып жүргенімізді Алла Тағала көруі үшін өмір сүреміз деп ойлау – қателік.
Жоқ, біз ол үшін өмір сүрмейміз. Алла Тағала онсыз да бәрін анық біледі. Біз Алла Тағаланы танып-білуге әрі Оның құлы болу мүмкіндігін пайдалану үшін өмір сүреміз. Ендеше, біздің өміріміз өзіміз үшін қажет!
Біздің бұл жарық дүниеге келуіміз — Алла Тағаланың қалауы. Хақ тағала біздің өмір сүруімізді, жалғанның дәмін татуымызды, Оған жақындауымызды, тыныштық әрі жай табуымызды қалады.
Екінші жағынан алып қарайтын болсақ, егер Алла Тағала жаратқан әрбір пендесінің ғұмырының соңы қалай аяқталарын білетін болса, онда біз: «Неге Ол бірден пенделерін Жұмақтық немесе Тозақтық етіп жаратпады?», – деп сұрар едік.
Егер Алла Тағала адамдардың жартысын бірден Тозақтық етіп жаратар болса, олар міндетті түрде:
«Неліктен мен бұл жердемін? Егер маған мүмкіндік беретін болса, сөзсіз, жақсы істер жасар едім ғой»,-деп айтар еді.
Міне, сондықтан да Алла Тағала біздің өз ерік-қалауымыз бойынша амал жасайтынымызды білсін деп, бізге өмір сыйлаған әрі оны біздің куәгеріміз еткен.
Бұл жөнінде Қасиетті Құранның көптеген аяттарында айтылған, дәлірегінде, кейбір аяттарда бізге қарсы өзіміздің дене мүшелеріміз куәлік беретіндігі жайлы баяндалған. Оған мысал ретінде екі аятты келтіре кетейік:
«Бүгін олардың ауыздарын жауып мөрлеп тастаймыз, сөйтіп, қандай күнәлар істегендерін Бізге қолдары айтып береді, аяқтары соған куәлік етеді» (36:65)
«Олар межелі жерге келіп жеткендерінде құлақтары, көздері һәм терілері (дүниеде) не істеп, не қойғандарын айтып, өздеріне қарсы куәлікке жүреді» (41:20)