IMG 452

IMG 452

Шардара қаласындағы «Алты алаш» алаңында Шардара ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына, көркейіп-гүлденуіне сүбелі үлестерін қосқан азаматтарды марапаттау рәсімі өтті. Аудан басшысы Болатбек Қыстауов пен аудандық мәслихат хатшысы Бұлтбай Мүтәлиев 21 желтоқсанда өткен аудандық мәслихаттың ХХІІ сессиясының шешімі негізінде берілген бір топ азаматтарға «Шардара ауданының Құрметті азаматы» атақтарын салтанатты түрде табыс етті. Әрқайсысы әр салада қажырлы еңбек етіп, шағалалы өңірдің шарықтап өсуі үшін аянбай тер төккен азаматтарға көптің алдында құрмет көрсетілді. Солардың бірі ауданды діни ахуалды тұрақты ұстап тұруға, қасиетті ислам дінімізді халық арасында кеңінен таратып, жұртшылықтың береке-бірлігін сақтауға айрықша үлесін қосып келе жатқан Шардара ауданының бас имамы Асылхан қажы Данияров. Айта кетейік, аудан тарихында дін өкілдеріне мұндай марапат тұңғыш мәрте беріліп отыр. «Шардара ауданының Құрметті азаматы» атағын иеленген Асылхан қажы Қасымұлы алдағы уақытта да бойдағы күш-жігерін елдің ынтымағы мен ауызбірлігін сақтауға, Елбасы саясаты мен имандылық шарттарын насихаттай отырып, тұрғындарды бір мақсат, бір мүдде төңірегіне топтастыруға белсенді түрде атсалыса береді деп сенеміз.
Мұнан басқа да азаматтарға ұзақ жылғы еңбектерінің өтеуі ретінде лайықты марапат жасалды. Атап айтар болсақ, медицина саласының ардагері Құдайберген Өтепбергенов, аудандық құрылыс және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Жұмабек Қабылов, зейнеткер, Ленин орденінің иегері, атақты күрішші Қойшыбай Тұртабаев, ОҚО бойынша балық инспециясы бөлімінің бас маманы Аманкелді Әбдіраманов, зейнеткер Тұрсынқұл Байтұрғанов, М.Горький атындағы жалпы орта мекетебінің мұғалімі Марина Карюгина, жеке кәсіпкер Сәкен Бердібеков, Сүткент аулының биі Оразбек Сейдомаров, «Шардара су электр стансасы» АҚ-ның бас заңгері Үсен Құралбай сынды азаматтар «Шардара ауданының Құрметті азаматы» атанды.
Мерекелік кеште «Ақ әжелер» ансамблі, аудан өнерпаздарымен қатар Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары әсем әннен шашу шашып, тыңдармандардың құлақ құрыштарын қандырды.

Әділ ӘБДІРАМАНОВ, Шардара ауданы, ОҚО.

 

IMG 452

IMG 454

IMG 453

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38