Шымкент қаласы «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында Адамзаттың абзалы, екі дүниенің сардары пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) туған айы – Мәуліт мерекесіне орай «Үммет сағынышы!” атты рухани іс-шарасы ұйымдастырылды.
Рухани кешке ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкілдігіне қарасты мешіт имамдары, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының басшылары, студенттер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және қала тұрғындары, барлығы 800-ге жуық көрермен қатысты.
Кеш барысында ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамы Ахметжан қажы Керімбек ҚМДБ-ның төрағасы Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің құттықтау хатын оқып беріп, мәуліт мерекесінің мән-маңызына ерекше тоқталып, құттықтау сөзін жеткізді.
Рухани кеште дін тұрғысындағы әндер мен жырларға кезек берілді. Діни өлеңдер оқылып, термелер орындалды. Қатысушыларға Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегелі өмір жолы жөнінде ҚМДБ-ның тапсырысымен түсірілген бейнефильм көрсетілді. Рухани шараға «Асыл мұра» өнер орталығы өнерпаздары өнерлерін ортаға салса, «Шымкент медресе» колледжінің шәкірттері мәуліт оқыды. Мұнымен қатар елімізге белгілі, әнші Заттыбек Көпбосынұлы мен Сәржанәлі сынды әртістеріміз жаңа туындысын елге таныстырды.
Кешті өткізудегі негізгі мақсат – Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың іс-әрекеттерін насихаттау, салауаттар айту, жастарға имандылық қағидаттарын түсіндіру, оларды отансүйгіштікке, бауырмалдыққа, адамгершілікке, ата-ананы құрметтеуге және түрлі теріс қылықтардан сақтауға шақыру болды.
Рухани кештің соңына барша қатысушыға мерекелік дастархан жайылып, ҚМДБ сараптауының оң қорытындысын алған кітаптар мен дискілер таратылды.
Жалпы, қатысушылар жоғары деңгейде ұйымдастырылған кештен үлкен рухани ләззат алып, ризашылықтарын білдіріп тарасты.