Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша Бас имамы бекіткен айлық жұмыс жоспарына сәйкес, ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфтидің үстіміздегі жылды «Ислам және дәстүр құндылығы» деп жариялауына орай, Шымкент қаласы, Әл-Фараби аудандық «Ордабасы» мешітінің ұжымы «Әжелер мектебі» тобымен бірлесіп ұмыт болып бара жатқан «Қыздың төркіндеуі» атты құнды дәстүрімізді насихаттау мақсатында рухани шара ұйымдастырды.
Рухани шараға Бас имам Бақдәулет қажы Абдрахманов, наиб имам Мұхаммеджан қажы Естеміров және ақсақал имамдар Бекайдар қажы Әміре мен Дәурен қажы Тасқараев, сондай-ақ, аудандардан келген имамдар мен «Ордабасы» мешітінің ұжымы қатысты.
Шараны наиб имам Ержігіт Досумбаев жүргізіп, алғашқы кезекті қасиетті Құран оқуға берді. Құранды Тұран ауданының бас имамы Батырхан Құрбанбаев оқып, батасын Бекайдар қажы Әміре ұстаз жасады.
Келесі кезекте, «Әжелер мектебі» тобынан қажы апаларымыз «Қыздың төркіндеуі» атауымен қойылым қойып, құнды дәстүрімізді көркемдеп, өте әсерлі етіп көріністер көрсетті. Қойылым барысы дастархан басында жалғасуы рухани шараның маңызын арттырды.
Шарада сөз алған Бас имам Бақдәулет қажы Нұрматұлы, бүгінгі шараның мақсаты мен маңызына кеңінен тоқталып, – «Расында, үстіміздегі жыл «Ислам және дәстүр құндылығы» деп жариялануы Бас мүфтиіміздің тарапынан ерте не кеш болмаған көреген шешім. Расында, кейінгі кездері бірі дінімізге тіл тигізсе, бірі дәстүрімізді теріс пиғылда иемденгісі келіп жүргені белгілі. Міне, бүгінгі шара дініміз бен дәстүріміздің біте қайнасқан қос құндылық екенін тағы бір дәлелдейді,» – деді, Бас имам өз сөзінде.
Сонымен қатар, Бекайдар қажы Әміре мен Мұхамметжан қажы Естеміров ұстаздар да сөз алып, бүгінгі рухани шаралар маңыздылығына тоқталды.
Шара соңында, «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы аясында осындай сапалы рухани шаралар жалғасатындығы айтылып, тарқасты.
Шымкент қаласы орталық мешіті баспасөз қызметі