Шымкент қаласы Тұран ауданы Айқап мешіті «Әйел-қыздар» бөлімінің ұйымдастыруымен Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының «Дін мен Дәстүр» бағыты бойынша дін мен дәстүрді дәріптеп, сабақтастығын көрсету, ұлттық салт-сананы байыту мақсатында «Абысын тату болса» атты абысынды келін жұптары сайысы өтті.
Сайыс шарты бір әулеттің екі келіне топтық сайысқа қатысуы, өнер сайыстарында өз еңбектерімен жасауы, сайыс киімдерінің қазақ дәстүрінің үлгісінде әрі заманауи болуы.
Іс-шара Жаратушы Алланың кәләмі Қасиетті Құранның оқылуымен және Шымкент қаласы «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Досжанова Балжан ұстаздың алғысөзімен басталды.
Абысынды келіндердің додасы бес түрлі сайыстан өтті.
Бірінші сайыс «Сәлем сөздің патшасы» таныстыру сайысы.
Екі абысын өлең жолдарымен өздерін, кей қатысушылар бір бірін таныстырды. Қосымша абысындық өмірлерінен видеоролик көрсетілді.
Екінші сайыста «Ойлы болсаң озып көр!» сұрақ-жауап айдары өтті. Бұл сайыста қазақ салты, ғұрпы, дәстүріне қатысты сұрақтарға жауап берілді. Ол сұрақтардан бірнешеуін айтып өтер болсақ: қалжа деген не?; жеті атасын және жеті ата атауын атау; мал етінінің мүшелерін атау; ұлттық аспаптарды атау және тағы басқа сұрақтарға жауап берді.
Үшінші «Өнерлі келін сүйкімді» өнер сайысы өтті.
Бірінші топ «Қызға қырық үйден тыю» тақырыбында спектакльдік көрініспен әртістік шеберліктерін паш етіп онымен қоса
қолдан тіккен бұйымдарын көрсетті, екінші абысындар тобы дастархан мәзірін дайындау өнерімен, үшінші топ өз қолдарымен тіккен және тоқыған киімдер мен бас киімдерімен, төртінші топ өз қолдарымен құрақ көрпе мен оюлы шашақты қоржындарымен сайысқа түсті.
Төртінші «Қазақтың ұлттық киімдерін насихаттау» сайысы. Келінді абысын жұптары қазақ қыздарының, келіншектерінің, аналардың, көп балалы аналардың, әжелердің киім үлгілерін көрсетіп таныстырды.
Бесінші «Саусағынан бал тамған» сайысында қазақтың ұлттық тағамдарын өз қолдарымен әзірлеп көрсетті.
Абысынды келіндер бір күн бұрыннан, түн ұйқысын бөліп, ет ауқат, қарын бүрме, бас, құйрық майға жасалған құймақ пен қаттама, бауырсақ түрлері, құрт, ірімшік, жент, талқан тағы басқа тағамдарды ерінбей саусақтарының балын тамызып дайындап әкелді.
Сайыс нәтижесінде бірінші орынға ыдыстардан астау топтамасы, екінші орынға тақтай топтамасы, үшінші орынға оқтау-тақтай, төртінші орынға қысық-шанышқы топтамасы сыйға берілді.
Сайыс өте биік деңгейде өтті.
Әділ-қазы алқасы ретінде Шымкент қаласының орталық мешіті Ақмешіт ұстазы Күлсара Бекет ұстаз, Атырау қаласының бұрынғы «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Айжарқын Түзелова ұстаз, Шымкент медресесінің бұрынғы ұстазы Мадина Телешова ұстаз, әжелер мектебінің төрайымы Қалдыкүл Бекжанова апамыз, әжелер мектебінің мүшесі Беке Сарыбаева апамыз төрелік етті.
Қорытынды сөз ұстаз, көрпе тігу, перде тігу, түрлі бұйымдарды тігудің хас шебері, салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына берік Айжарқын Түзеловаға берілді. Айжарқын ұстаз өзінің салт-дәстүр, әдет-ғұрып, қазақ әйелдерінің киінісі туралы берген ақпараттары тыңдаушы жұртты ұйып тыңдатып, жүректеріндегі ұлтжандық және діндарлық отын одан бетер лаулатты.
Келген жұрт өткен іс-шараға алғыстары мен қуаныштарын жасыра алмады.
Осы іс-шараны ұйымдастырған Айқап мешіті ұстаздарына, күні-түні көзінің майын тамызып дайындалған сайыскерлерге, қызметпен және қаражатпен қамтамасыз еткен демеушілерге Алла разы болсын!
Шымкент қаласы орталық мешітінің баспасөз қызметі