Ибраһимнің (ғ.с.) иудаизм, христиан, ислам – үш дінге сенушілер арасында алатын орны өте зор. Оның аты барлық дінде де үздіксіз ұлықтаумен, дұғамен, құрметтеумен еске алынып отырылады. Ол пайғамбарлардың ішіндегі өзіне тапсырылған ұлы шариғат істерінде берік шешімді, бекем тұрушылардан болған еді. Алланың бірлігін танытып, Оған ғибадат етуге дағуа жолында жиһад жасаған адам. Ол Аллаға деген сенімін бекем ұстады, сол жолда иманына берік болды. Тәңірі үшін өмірін бірнеше рет құрбандыққа да байлады. Оның Аллаға деген ықыласы, махаббаты, иманы, сол жолдағы күрес-тартысы бұл дүниеден өткеннен кейін де бүкіл халыққа мысал, ғибрат болып қалды. Сондықтан Ибраһимнің дәрежесі әрқашан да жоғары тұрады. Онымен ғана тұрмай ол пайғамбарлардың атасы да. Көктен түсірілген барлық кітаптар Ибраһимнен кейінгі оның ұрпақтарына берілді. Бұл Алланың оған берген сый-құрметі. Алла Ибраһимнің екі бірдей баласына пайғамбарлық берді. Олар – Исмайл мен Ысқақ. Исмайл пайғамбардың ұрпақтарынан Мұхаммед (с.ғ.с.) шығады. Сондықтан Исмайл пайғамбар Мұхаммедтің (с.ғ.с.) бабасы болып саналады. Ашық айтатын болсақ, Исмайл Хижаз арабтарының бабасы. Олай болса Хижаз арабтарының тек-түбірі Исмайлдың Набит, Қайзар деген екі баласына барып тіреледі. Құранда арабтың атасы Ибраһим екендігіне ишарат етілген. Алла Тағала мүминдерге былай дейді.
«Құдай жолында шамаларың келгенше күресіңдер. (Дінге) көмектесу үшін Алла сендерді таңдады, сонымен бірге бұл жолда ешқандай ауырлық та түсірмейді. Бұл дін – аталарың Ибраһимнің (ғ.с.) діні. Сендерді Алла бұрын-ақ (Құраннан бұрынғы кітаптардың өзінде) мұсылман деп атаған, Құранда да солай аталды. Сендерге куә болсын деп пайғамбар жіберді. Пайғамбарға куә болсын деп сендерге ықылас аударды. Намаз оқыңдар, зекет беріңдер. Құдайға қол жайыңдар. Ол сендердің иелерің. Алла қандай керемет, қандай күшті медеткер десеңші!» (Хаж сүресі, 78-аят).
Ибраһимнің Ысқақ, Жақып атты да ұлдары болды. Жақыпқа Исрайл деген лақап ат қойылды. Сол кезден бастап оның ұрпақтарының бәрі солай аталатын болды. Пайғамбарлардың көбі сол ұрпақтардан болды да, ақыры Мәриям ұлы Исамен аяқталды. Аталарының Ибраһим екендігіне ишарат Інжілде Исаның ізбасарларына да берілген.
«Біз (Ибраһимге) Ысқақты, Яғқупты (Жақыпты) сыйладық, оларды тура жолға салдық. Одан бұрын Нұхты да тура жолға түсірдік. Ибраһим әулеттерінен Дәуітті, Сүлейменді, Аюбты, Жүсіпті, Мұсаны, Һаронды да тура жолда ұстағанбыз. Ізгі іс істеушілерге Біз осылай жақсылық сыйлаймыз» (Әнғам сүресі, 84-аят).
«Зәкәрия, Яхия, Иса және Ильяс – барлығы да ізгі жандар болды» (Әнғам сүресі, 85-аят).
«(Тура жолдан таймаған) Исмайлды, Әл-Ясағты, Жүністі және Лутты жаһандағы барлық жаннан артық еттік» (Әнғам сүресі, 86-аят).
Ибраһимнің еврейлердің, христиандардың, мұсылмандардың бабасы екендігі Құранда осылайша ашық баяндалған. Ақиқатында, бұл үш дін пайғамбарларының түп-тегі бір жерге барып түйіседі. Түптерінің бір тектен екені үш дінге де мәлім. Ол үш дін пайғамбарларының бәрі де бір мақсатта болған. Олардың барлығы да бір Аллаға иман келтіруге және бір Аллаға ғана ғибадат қылуға шақырған.
Ибраһимнің Бабыл жерінде өсуі
Ибраһимнің туып-өскен жері мен өмір сүрген кезеңі туралы көзқарас түрліше. Арабша «Сифруттаквин» (Библия. «Книга Бытия») деген кітаптағы дерек пен археологиялық қазба жұмыстарының арасында айырмашылық байқалады. Аталған кітапта Ибраһим дәуірі христиандық ғасырдан екі мың жыл бұрын болған делінсе, археология ғалымдары б.з.б. он тоғызыншы ғасыр немесе он алтыншы ғасырлар шамасы деп шамалайды. Ақиқатында Ибраһимнің туып-өскен бесігі Ур қаласындағы Әл-Кәлдания еді. Ол бүгінгі күнде Муғир деп аталады. Евфрат және Тигр екі өзендерінің аралығындағы жазықта орналасқан. Арабтық негіздерге сүйенсек Ибраһим шынында да Бабылда туылған. Тарихшы Яқут Бабыл Евфрат пен Тигр өзендерінің аралығындағы жер, оны қазір әс-Сауад деп атайды дейді. Ибраһим Намурд ибн Канған ибн Куш патшаның заманында дүниеге келген. Тарих Ибраһимнің Иракта өмір сүргенін дәлелдейді. Ол кезде Иракта Бабыл мәдениеті болған.
Ибраһим және Бабыл құдайлары
Ол уақыттағы Бабыл халқының сенімдері қандай еді? Оны түсінуге Құран аяттары жәрдем берді. Бабыл халқының құдайлары көп және әр қалада, әр мекенде болған, оны өздері қолдан жасаған. Үлкенді-кішілі мүсіндер бірте-бірте азайтылып, үлкен құдайлар қалдырылған. Бабылдықтардың құдайларының үлкені Мардак болған. Патшалар сол құдайлардан кешірім сұраған, олардың алдарына ыдыстармен тағамдар, шараптар т.б. қойған. Алла Ибраһимге нағыз ақиқат жолын түсінуі үшін ақыл-парасат, зерде берді. Тәңірі оған Алланың біреу, бұл болмыс әлемдегі жалғыз сақтаушы екендігін уахи етті. Сол үшін қауымын адастырмай тура жолға бастауға, оларды бұл өтіріктен құтқаруға әмір берді. Сөйтіп, ол үгіт-насихат жүргізе бастады.
«(Олардан бұрын) Ибраһимге де нағыз дұрыс жол көрсеттік. Өйткені оның әулеті тура жолда болатынын білгенбіз» (Әнбия сүресі, 51-аят).
«Кезінде Ибраһим әкесіне де, жалпы жұртына да: «Сендердің табынып жатқан мынау пұттарың не нәрсе?» – деді» (Әнбия сүресі, 52-аят).
«Біз өз ата-бабаларымыздың осыған шоқынғанын білеміз», – десті олар» (Әнбия сүресі, 53-аят).
«Онда сендер де, ата- бабаларың да нағыз адасушылар екенсіңдер», – деді (Ибраһим)» (Әнбия сүресі, 54-аят).
«Оу, бұл сенің шын сөзің бе, әлде қалжыңдап тұрсың ба?» – деді олар» (Әнбия сүресі, 55-аят).
«Қалжың емес, сендердің Тәңірлерің – аспан мен жерді жаратқан Алла. Ал, мен соған кепілдік етушілердің бірімін» (Әнбия сүресі, 56-аят).
Ол қауым ата-бабаларының пұттарға шоқынғандарын көріп соларға еліктеп, солардың істегендеріне еруші еді. Ибраһим қауымын пұттарға шоқынудан құтқаруды ойлады. Оларды нағыз ақиқатқа жеткізіп, оны жер бетіндегі әр адам айтып ұрандап жүретіндей етуді армандады.
«Апыр-ай! Неменеге табынатындарыңды көрсеңдер етті», – деді» (Шуара сүресі, 75-аят).
«Сендер де, сендердің ата-бабаларың да, тіпті ғаламның Тәңірінен басқаның бәрі де менің дұшпаным» (Шуара сүресі, 76-77-аяттар).
«Мені жаратқан сол – Алла, маған тура жол көрсететін де, мені асырайтын да (ішкізіп- жегізетін де), ауыра қалсам шипа жасайтын да сол – Тәңірім» (Шуара сүресі, 78-80-аяттар).
«Ол мені өлтіреді, мені тірілтеді» (Шуара сүресі, 81-аят).
«Қиямет күнінде мені жарылқайтын да өзі, мен одан үміт күтемін» (Шуара сүресі, 82-аят).
Ибраһимнің иманы кемшіліктерден таза, қайғы-қасірет, қапалықтан аулақ кәміл иман еді. Ол ризық беруші, шипа беруші, тірілтуші, өлтіруші, күнәні кешіруші бүкіл әлемнің Тәңірінен басқа ешкім жоқ. Ол тек бір Алла ғана деп таныды. Сөйтіп, шын ықыласымен беріліп, күмән, жаман істерден аулақ болып, Алланың жолына түсті.
Ибраһимнің әкесін пұттарға шоқынуды тастауға шақыруы
Ибраһимнің әкесі пұттарға шоқынушылардың ішіндегі белсендісі еді. Онымен ғана тұрмай тастан қашап пұттардың мүсінін жасап сататын. Мүсін жасаудың өте күшті шебері болған. Ибраһимге әкесі адамдардың ішіндегі жүрегіне ең жақыны еді. Ол әкесіне насихат етіп, күпірліктен сақтандыруды өзінің міндеті санады. Пұттарға шоқынудың пайдасыз екенін оған әдеп сақтай отырып дәлелдермен түсіндірді.
«Кітаптағы Ибраһим оқиғасын да есіңе ал. Ол шын мәнінде өте турашыл пайғамбар болды» (Мариям сүресі, 41-аят).
«Ей, әке! – деген кезінде (Ибраһим) өз әкесіне. – Сен (ештеңені) естімейтін, көрмейтін және өзің үшін еш нәрсеге жарамайтын бірдеңеге шоқынасың?» (Мариям сүресі, 42-аят).
«Ей, әке! Маған сен білмейтін тағылымдар берілді. Сен маған ілес. Мен сені тура жолға бастаймын» (Мариям сүресі, 43-аят).
«Ей, әке! Шайтанға сыйынба. Ол рахымды Аллаға шынында да астамшылық жасады» (Мариям сүресі, 44-аят).
«Ей, әке! Сені Алланың қаһары соғып, шайтанның серігіне айналып кете ме деп қорқамын» (Мариям сүресі, 45-аят).
«Ей, Ибраһим! – деді әкесі. – Сен, сірә, менің Тәңірімнен безбексің- ау? Егер ол ниетіңнен қайтпасаң, мен сені таспен атып өлтіремін. Сен менен аулақ жүр» (Мариям сүресі, 46-аят).
«Аман бол, әке! – деді Ибраһим. – Сен үшін Тәңірден кеңшілік тілейін. Алланың маған деген мейірімі шынында зор» (Мариям сүресі, 47-аят).
«Сендерден де, сендер Тәңір тұтып шоқынып жатқан нәрселерден де бездім. Тәңіріме сыйынамын. Жаратқанға жалбарынудан қол үзбеуді көздеймін» (Мариям сүресі, 48-аят).
«Олардың да, олар тәңір деп табынып жатқан нәрселерден де (Ибраһим) бойын аулақ ұстады. Оған біз Ысқақ пен Жақыпты бердік, екеуін де пайғамбар еттік» (Мариям сүресі, 49-аят).
Тыңдаушылардың жүректерін елжірететіндей етіп әдеби тілде мәдени, сыпайы, шеберлікпен сөйлеуі Алланың оған берген дарыны еді. Ибраһимнің үгіт-насихаты адамға ұғымды да әсерлі болды. Ол әкесіне: «Ей, әке! Аллаға шын жүректен жалбарын. Шын тілесең мейірімді де рахымды Алла өткен күнәларыңды кешіреді. Есітпейтін, көрмейтін, саған жақсылық та, жамандық та етердей шама-күші жоқ қатып қалған затқа не үшін шоқынасың?» – деді. Ол әкесі қорлап қорқыныш келтіріп отыр деп ойламайтындай, тіпті өзін білімдар етіп көрсетпейтіндей және әкесі жек көріп кетпейтіндей өте сыпайы, мәдениетті сөйлеп: «Расын айтсам, бұл білім маған Алладан келді. Ал, саған оған ұқсас білім келуі мүмкін емес. Сондықтан менің үгіт-насихатыма ер, мен сені тура жолға бастаймын. Шайтан Тәңірінің алдында күнә жасады. Ол сенің де дұшпаның, сені адастырып, ақырында Алланың азабына душар етеді»,- деді. Бірақ әкесі оның сөзін тыңдамай: «Ей, Ибраһим, сонда сен пұттарға шоқынудан бет бұрып кетпекшімісің? Бұл ойыңнан қайтпайтын болсаң сені сөзсіз таспен ұрып, тас боран жасаймын. Жоғал көз алдымнан! Егер құтылғың, өміріңді сақтағың келсе, көзіме көрінбей құры!» – деп қаһар төкті. Ибраһим әкесінің қорқытуынан еш сескенбей: «Менен саған жамандық та, бәле-жәле де болмайды. Керісінше, Алладан жалынып-жалбарынып сені кешіруін, саған азап бермеуін тілеймін», – деді. Сөйтіп, әкесі үшін Аллаға жалынып тілек тіледі. Алланы ұлықтайтынын, ғибадатының көп құдайға шоқынушылардікі сияқты босқа кетпеуінен үміт қылатынын, Алладан басқаға табынып, шоқынушылардан бөлінетінін айтты. Әкесінің Алланың дұшпаны екені, пұттарға шоқынуды тастамайтыны анық болды. Ибраһим әкесінен аулақтауға бекінді.
«Әкесі үшін Ибраһим Жаратқанға жалбарынып кешірім сұрады. Бұл оның әкеге беріп қойған уәдесін орындайын дегені еді. Әкесінің Аллаға дұшпан екені анық мағлум болған соң ол өз әкесінен мүлде безді. Шынын айтсақ, Ибраһим әрі азапты көп тартқан (күйрек), әрі төзімді еді» (Тәубе сүресі, 114-аят).
Ибраһимнің пұттарды қиратуы
Ибраһим пұттарды қиратуға бел байлады. Қауымына пұттардың зарар да, пайда да бере алмайтынын ашық көрсетпек болды. Олардың зиян да, пайда да келтіре алмайтыны былай тұрсын, әрбірден соң өздерін қорғауға да, қорғануға да шамалары келмейтініне көздерін жеткізгісі келді. Сол ойын жүзеге асыру үшін қолайлы сәтті күтті. Ақыры олардың мейрам күні де келіп жетті. Ибраһимге әкесі: «Ей , Ибраһим, бүгін мейрам, егер бізбен бірге қатыссаң жүрегіңе қуаныш кірер еді»,- деді. Ибраһим олармен бірге шығуға әуелі келісті де, соңынан бармай қалуға сылтау іздеп, ауырып тұрғанын айтты. Содан кейін ол пұттар тұрған жерге келді. Олардың орта шенінде үлкені тұрғанын көрді. Олардың алдында қауымы қойып кеткен құрбандықтар – тағамдар мен сусындарға көзі түсті. Мұны көрген Ибраһим оларға: «Ішіп- жемей не қылып тұрсыңдар? Неге сөйлемейсіңдер?» – деп айқайлады. Содан соң қолына балтаны алып пұттарды быт-шыт етіп қиратып тастады да, үлкен пұтты ғана қалдырып, оның қолына балтаны іліп кетті.
«Сөз жоқ, Ибраһим де Нұхтың даңғыл жолында болды» (Саффат сүресі, 83-аят).
«Тәңіріне ол таза жүрекпен келген еді» (Саффат сүресі, 84-аят).
«Сендер не нәрсеге ғибадат етіп жатқандарыңды білесіңдер ме? – деді ол кезінде әкесіне де, өз жұртына да» (Саффат сүресі, 85-аят).
«Алла тұрғанда жалған Тәңірге шоқынғандарың қалай? Бүкіл әлемнің Тәңірі болған Аллаға қалай шек келтіресіңдер?» (Саффат сүресі, 86-87-аяттар).
«Ол жұлдыздарға қарады. «Мен шынында да ауырып тұрмын», – деді» (Саффат сүресі, 88-89-аяттар).
«Жұрты теріс айналып, оны жалғыз тастап кетті» (Саффат сүресі, 90-аят).
«(Ибраһим) ептеп басып олардың пұттарына келді. «Ал, неге тамақ жемейсіңдер? Не болды сендерге? Неге үндемейсіңдер?» – деді (оларды келекелеп)» (Саффат сүресі, 91-92-аяттар).
«Сонан соң жақын барды да, пұттарды оң қолымен ұрды» (Саффат сүресі, 93-аят).
«Құдай атымен ант ішейін, сендер қайтқан соң, сөз жоқ, мынау пұттарды талқандаудың қамын қарастырамын» – деді (Ибраһим)» (Әнбия сүресі, 57-аят).
«(Ибраһим) пұттардың күл-талқанын шығарды, тек қайта айналғанда содан сұрайтын шығар деп ең үлкен пұтты ғана қалдырды» (Әнбия сүресі, 58-аят).
«Егер олар шын құдайлар болса өздерін неге қорғамайды? Жамандық жасаушыны неге білмейді?» – деп қаумының көзін ақиқатқа жеткізбек болды. Осы ақиқатты бертінгі заманда Жапон императоры Һидиюши түсінген еді. Ол өз заманында Будданың алып мүсін тұрғызып жатқан кезде 1596 жылы жер сілкініп, құрылысы аяқталмаған мүсін қирап қалды. Сонда император Һидиюши қирап жатқан пұтты садақпен атып: «Мен сені қыруар қаражат жұмсап тұрғыздым. Ал, сенің өзіңді қорғап қалуға да шамаң келмеді», – деп келемеждеп күлген болатын.
Ибраһимнің жазалануы
Қауым мерекелерін өткізіп болғаннан кейін барлығы үйлеріне қайтады. Көп ұзамай оларға пұттардың қирап жатқаны туралы хабар жетеді. Бір-бірінен оны жасаушы кім екенін сұрасады. Біреулер пұттарды Ибраһимнің жамандап жүретінін естеріне алып әкімдеріне хабар берді. Әкім Ибраһимді тауып әкелуді бұйырады. Ибраһим келген соң әкім одан: «Біздің құдайларға мұны істеген сен бе? – деп сұрайды. Ибраһим ақиқатты дәлелдейтін кез келгенін түсінеді де: «Пұттарды сындырушы, бәлкім, олардың үлкені шығар. Сендерге кімдер келіп шоқынады деп ашу-ызамен кішкентай пұттарды қиратқан болар. Өзінен сұрамайсыңдар ма?» -дейді. Ал, олар: «Пұттардың сөйлеуге шамасы келмейтінін сен білесің ғой, одан қалай сұраймыз? –дейді. Сол уақытта Ибраһим: «Ендеше не сөйлей алмайтын, не жауап қатпайтын, не пайда бермейтін, зарар да келтіре алмайтын тас мүсінге неменеге сенесіңдер? Алладан басқаға неге шоқынасыңдар? Бұларыңның надандық, соқырлық, адасушылық екенін түсінбейсіңдер ме? – деді. Олардың айтарға дәлелі қалмады. Соған қарамастан сырларының ашылып қалуынан қорқып, оны отқа өртеп өлтіруге үкім шығарды. Бірақ Алла оны оттан құтқарып қалды.
«Ибраһим деген бір жігіттің пұттарды айыптағанын естіп едік», – десті кейбіреулер» (Әнбия сүресі, 60-аят).
«Ибраһимді жұрттың алдына әкеліңдер! Куә болған адам шығып қалар!», – десті (Намруд) қауымының ақсақалдары» (Әнбия сүресі, 61-аят).
«Ей, Ибраһим! Пұттарымызды мына күйге түсірген сенсің бе?» – десті» (Әнбия сүресі, 62-аят).
«Жоқ! – деді Ибраһим. – Мүмкін, мына үлкен пұттың өзі осылай еткен шығар. Егер сөйлей алар болса, содан сұрап көрсеңдерші!» (Әнбия сүресі, 63-аят).
«Олар өздері мен өздері дауласып: «Әй, шын залымның өзі сендерсің!» – десіп айыптасты» (Әнбия сүресі, 64-аят).
«Сонан соң салдары суға кетіп: «Бұлардың сөйлей алмайтынын сен білесің ғой», – деді» (Әнбия сүресі, 65-аят).
«Ендеше, Алла тұрғанда, сендер ешбір пайда да тигізе алмайтын, ешқандай зиян да жеткізе алмайтын нәрсеге неге табынасыңдар? – деді (Ибраһим)» (Әнбия сүресі, 66-аят).
«Сендерді де, Алла тұрғанда шоқынып жатқан пұттарыңды да қарғыс атсын! Сендердің түсінбейтіндерің қалай осы?» (Әнбия сүресі, 67-аят).
«(Ибраһимді) отқа өртеңдер! Тәңіріңе шын жандарың ашыса жәрдем беріңдер!» – десті олар» (Әнбия сүресі, 68-аят).
«Ей, от! Сен салқын бол. Ибраһимге зиян тигізбе!» – дедік Біз отқа» (Әнбия сүресі, 69-аят).
«Сөйтіп, олар Ибраһимге қастандық жасамақ болды, Біз олардың өздерін барынша зиянға ұшыраттық» (Әнбия сүресі, 70-аят).
«Қауымы алқын-жұлқын қайта жетіп келді де: «Біз шоқынып жатқан (тәңірімізді) сен бұзып тастағалы жатырсың ба?» – десті» (Саффат сүресі, 94-аят).
«Өздерің ойған тасқа шоқынатындарың қалай?» (Саффат сүресі, 95-аят).
«Сендерді де, сендер жасаған (мына ) нәрселерді де жаратқан – Алла», – деді» (Саффат сүресі, 96-аят).
«Оған ғимарат салып, өзін отқа тастаңдар», – десті олар» (Саффат сүресі, 97-аят).
«Оған қарсы қулық ойлады, бірақ біз кәпірлерді жерге қараттық» (Саффат сүресі, 98-аят).
Ибраһимнің иманы
Ибраһим (ғ.с.) өмір сүрген кез адамдардың күнді, айды, жұлдыздарды құдай етіп алатын заманы болатын. Бір Аллаға иман келтірген Ибраһим (ғ.с.) қауымына пұттарға, күнге, айға, жұлдыздарға шоқынудың қате екенін айтудан жалықпады.
«Содан соң Ибраһимнің сенімін бекемдеу үшін біз оған көктің де, жердің де ғажаптарын көрсеттік» (Әнғам сүресі, 75-аят).
«Жер бетін қараңғылық басты. Ибраһим аспаннан жұлдыз көрді де: «Менің Тәңірім – осы жұлдыз», – деді. Жұлдыз сөнді. «Мен сөнген жұлдызды Тәңір тұтпаймын», – деді» (Әнғам сүресі, 76-аят).
«Ай туды. Оны көрді де: «Менің Тәңірім – осы», – деді. Ай батты. «Егер менің Тәңірім тура жолға салмаса, мен сөзсіз азғын қауым қатарында болады екенмін-ау», – деді» (Әнғам сүресі, 77-аят).
«Күн көтерілді. Оны көргенде: «Менің Тәңірім осы болар, бұл бәрінен де зор екен», – деді. Күн де батып кетті. Сонда ол: Ей, жарандар! Шынын айтайын, мен сендердің сыйынған Тәңірлеріңнің бәрінен бездім» (Әнғам сүресі,78-аят).
«Мен жүзімді жалған діннен ақиқи дінге бұрып, аспан мен жердің Жаратушысына қараттым. Көп дінділер қатарында мен жоқпын», – деді» (Әнғам сүресі, 79-аят).
Бұл аяттардан көрініп отырғандай, Алла Ибраһимге Көктен дәлелдер көрсетті. Ибраһим қауымының арасында сөйлесіп тұрған кезде жұлдыздардың бірі жылтырап шығады. Сонда ол жұлдызға шоқынатын қауымға: «Бұл жұлдыз күндіз көзден ғайып болып көрінбей қалады. Сонда оған қалай құдай деп сенуге болады?» – деді. Сондай-ақ, ол қасындағыларға нұрын шашыратып, түн қараңғылығында жарық беріп тұрған айды да көрсетіп: «Қазір жарық беріп тұрғанымен көп ұзамай осы ай да ғайып болады. Ендеше бірде бар, бірде жоқ бұл қалай құдай бола алады? Олай болса жұлдызға да, айға да шоқыну дұрыс емес», – дей келіп, осылардың бәрінен жоғары, соларды жаратушы басқа құдай бар екенін, оның адамдарды тура жолға бастайтын бір Алла екенін күннің, айдың батуы, жұлдыздардың көрінбей қалуы сияқты мысалдармен түсіндірді. Өзінің аспан мен жерді жаратқан бір Аллаға ғана ғибадат ететінін, адасып, шатасушылардан аулақтайтынын мәлімдеді.
Пұттардың болғанын археологиялық қазбалар да дәлелдейді. Ежелгі өткен халықтар тарихынан қалған белгілер қазірге дейін табылуда. Ибраһим заманындағы айға шоқыну белгісі Ур қаласынан табылған. Ол қалада Ибраһим тұрған болатын. Сол сияқты күнге шоқынып, оны Шамас деп, жұлдыздарға шоқынып, олардың ең үлкенін Зуһра деп атаған. Осы тарихи ақиқаттардың барлығы бұрынғы өткен пайғамбарлар заманынан дерек береді.
Бір Алланың құдай екендігіне дәлел
Ибраһим заманында Намруд деген патша болған. Ол өзін құдаймын деп дәріптеген. Ибраһим пайғамбардың бір Алладан басқа құдай жоқ деп пұттарды қабылдамай, жұртты жалғыз Аллаға ғана құлшылық қылуға шақырып жүргені оның құлағына жетіп, оған адам жіберіп, алдына келуді талап етеді. Сөйтіп екеуінің арасында сөз жарысы басталады. Бұл жайында Құран былай баяндайды.
«Өзіне Алла әкімшілік берген біреудің Ибраһиммен Жаратушы жайлы таласқанын естімеп пе едің? (Бұл өзін құдаймын деп есептеген Бабыл патшасы Намруд болатын). Сонда Ибраһим: «Менің Тәңірім өліні тірілтеді, тіріні өлтіре алады», – деді. «Мен де өлтіріп, тірілте аламын», – деді ол. (Намруд өлімге үкім етілген екі адамды алып келді де, бірін өлтіріп, екіншісін қоя берді). Мұндай асқақтықты көрген Ибраһим: «Алла күнді шығыстан шығара алады, (Құдай болсаң) сен сол күнді батыстан шығаршы», – деді. Бұған келгенде әлгі кәпір ауыз аша алмады. Алла залымдар қауымын тура жолға бастамайды» (Бақара сүресі, 258-аят).
Ибраһим Тәңірдің бірлігі жайында сөз қозғап, оған патшалықты Алла бергенін айтады. Бірақ патша ол сөздерге мән бермей, Құдайдың құдыретінің күштілігіне таңданудың орнына оның сипаттарын сұрайды. Ибраһим Тәңірінің тірілтетінін, өлтіретінін, өмірді жаратушы, жоқтан бар етуші, бүкіл әлемнің иесі екенін айтады. Бірақ патша тәкәпарланып: «Мен де өлтіре және тірілте аламын», – деді. Ибраһим қалайша өлтіріп-тірілтетінін сұрады. «Екі адамды аламын да, біреуін өлтіремін, екіншісін кешірім жасап босатамын. Сөйтіп, біреуін өлтірген боламын да, екіншісін тірілткен боламын», – деп жауап берді патша. Бұл астамшылық сөз еді. Өйткені өлтірмей босату тірілту емес, кешірімге жататын іс. Ал, тірілту жоқтан барға келтіру, өлгенге қайта жан бітіру деген сөз. Ибраһим бұл сөзге таласқысы келмеді де, аузын аштырмай жабатын одан да күшті, қисынды дәлел тауып: «Алла күнді шығыстан шығарады, ал сен батыстан шығаршы», – деді. Бұған патша жауап таба алмады. Бұрын өзін Аллаға серік етіп, ширк келтіріп жүрген құдыретінің бұған шамасы келмей қалды.
Алла Тағаланың өлікті тірілтуі
Адамның өлгеннен қайта тірілуіне, тірілгеннен кейін бұл дүниеде істеген жақсылық, жамандығына есеп беретініне иман келтіру иман үкімдерінің ең маңыздысы болып табылады. Әу баста барлығын жаратқан Алланың қиямет күні қайта тірілтуге де күші жетеді. Ибраһим (ғ.с.) Алла Тағаланың қиямет күні өлікті қайта тірілтетініне иман келтірген еді. Солай бола тұрса да Тәңірінен өлікті тірілтіп көрсетуін өтінді. Ондағысы көңілінің бүтіндей орнығуын қалағандағысы болатын. Алла Тағала оның өтінішін орындап, құдырет күшін көрсетті.
Бұл туралы Құран былай баяндайды.
«Кезінде Ибраһим: «Жаратушым, өлікті қалай тірілтетініңді көрсетші», – деді. «Оу, сенбеген екенсің ғой?» – деді Алла. «Сендім, бірақ көңілім орнықсын», – деді. «Онда төрт құс ал да, адамдарды шақыр. (Әлгі құсты сойып, сүйек-саяғын араластырып) әр бөлшегін әр тауға таста. Сонан соң соларды шақырсаң, әп-сәтте-ақ ұшып келеді. Алланың ұлылығы мен данышпандығын осыдан біл» (Бақара сүресі, 260-аят).
Ибраһимнің қиямет күні Алланың құдыретімен өліктердің тірілетініне күмәні қалған жоқ. Бірақ оның қалай жүзеге асатынын көргісі келді. Аллаға сол тілегін білдірді. Сонда Алла оған: «Төрт түрлі құс ал. Оларды кейін танитын бол. Содан соң оларды сойып, еттері мен сүйектерін бір-біріне араластыр да, әр тауға апарып таста. Кейін оларды шақыр, сонда олар саған ұшып келеді. Оларды бұрын тірі кезінде қандай болса, сондай қалыпта көресің», – деді. Бұл шіріген ет-сүйектердің қиямет күні көзді ашып-жұмғанша қайта бұрынғы қалпына келетініне айқын дәлел болып табылады.
Ибраһимнің Мысырға көшуі
Ибраһим біршама уақыт Харрон қаласында тұрды. Сонда әкесінің туысының қызы Сараға үйленді. Бірақ бұл қала халқының арасында тұру оған ауыр болды. Өйткені олар оның дағуасын қабыл алмады. Оған Лут және аздаған адамдар ғана ерді. Сондықтан оған басқа жаққа көшуге тура келді. Мұны Лут пен бұларға ерген адамдар қолдады. Сөйтіп, олар хижрат жасауға бел байлады. Бұл туралы Құран кәрім былай дейді.
«Лут ( Ибраһимге) иман келтірді. (Лут Ибраһим пайғамбардың туысы Һаронның баласы еді, Ибраһимге әу бастан сенген). «Мен, сөз жоқ, Тәңірімді іздеп сапар шегемін», – деді Ибраһим. Алла өте үстем, әрі дана» (Әнкәбут сүресі, 26-аят).
Бұл оларға қарсы дұшпандықтың күшеюіне байланысты туған жағдай болатын. Ибраһим олардан бет бұрып, аулақтауға мәжбүр болды. Құран Кәрімде оған ерген мүминдерге мақтау айтылған.
«Ибраһим және оған ілескен (мүминдер) сендер үшін нағыз өнеге. Кезінде олар өз қауымдарына: «Шынын айтсақ, біз сендерден де, Алла тұрғанда (оны қоя салып) шоқынып жатқан пұттарыңнан да мүлде аулақпыз. Сендермен арамыздағы өшпенділік қашан сендер Жаратқан Хаққа иман келтіргендеріңе дейін үнемі сақтала береді», – деді. (Бұл орайда) тек Ибраһимнің өз әкесіне айтқан: «Әрине, сен үшін кешірім тілеймін, бірақ Алла жазалаймын десе, одан сені аршалай алмаймын», – деген сөзін ғана үлгі етулеріңе болмайды. Раббымыз, – деді олар, – бір өзіңе ғана сүйендік, саған бет бұрдық, түбі қайтатын жеріміз өзіңнің алдың» (Мумтаһина сүресі, 4-аят).
Ибраһим және онымен бірге иман келтіргендер Шам жеріне қарай бет алды. Онда олар аз ғана уақыт аялдады. Себебі ол жерде қиыншылыққа ұшырай бастады. Ашаршылық туып, адамдар ризық іздеп кетуге мәжбүр болды. Ибраһим да Мысырға қарай көшті. Ибраһим әйелі Сарамен Мысырға келген кезде Мысыр патшасына хабаршылары бір сұлу әйелдің келгенін хабарлады. Патша Сараны көргенде «Мұндай да сұлу әйел болады екен-ау!» – деп таңданып, оны өзіне жар етіп алғысы келді. Ол Сараның ері Ибраһим екенін білмеген еді. Сара да Ибраһимге қастандық болудан сақтанып, оны туысы ретінде көрсеткен болатын. Алайда Сараның иманының күштілігі себепті Алла оны түрлі себептермен патшаның жаман ойынан сақтап қалды. Ақырында патша басын иіп, өзінің қолындағы Ажар есімді қыптилық қызметші қызды Сараға сыйға тартып, шығарып салды. Ажар Исмайлдың болашақ анасы еді.
Ибраһим Мысырдан Палестинаға оралды. Бұл кезде онымен бірге әйелі Сара және оның Мысыр патшасы сыйлаған қызметшісі Ажар бар еді. Ибраһим балалы болуды қалайтын. Аллаға жалынып, салих бала беруін тілеп дұға қылатын. Мұны әйелі Сара да сезетін. Сондықтан ол Ибраһимге: «Тәңір маған бала бермей қойды. Сенің менің қызметшім Ажарға үйленуіңді қалаймын. Алла саған перзент берер деп үміттенемін», – деді. Сараның жасы ұлғайып, бала көтеруден қалған кезі болатын. Сөйтіп, Ибраһим Ажарға үйленіп, одан Исмайл деген перзент көрді. Бұл арабша «Сифруттаквин» деген кітаптың 17-бөлімінің 20-тармағында сипатталған.
«Пайғамбарлар тарихы» – кітабынан.
Тағылымы мол бұл кітапты араб тілінен аударып, жинақтап ұсынушы – елімізде алғаш рет Муфтият құрып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын қалыптастырған тұңғыш муфтиіміз, терең білім иесі, әлемге танымал Ислам ғалымы Ратбек қажы Нысанбайұлы. Ол – Қазақстанда Исламның қалыптасып, өркендеуіне зор үлес қосқан, Ислам институтын ашып, ұстаздық етіп, одан бірнеше буын имамдар даярлап шығарған дін қайраткері.
Шымкент қаласы орталық мешіті