Бүгін Шымкент орталық мешітінде «Ислам және ізгі қоғам» атты мешіт имамдарының кеңейтілген мәжілісі өтті. Мәжіліске Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет қажы Нұрматұлы, найб имамдар Мұсабек Ақтамберді, Мұхамеджан Естеміров, қала имамының кеңесшісі Бекайдар қажы Төлжанұлы, қалалық «Халал Даму» ЖШС-ның бақылаушы өкілі әрі найб имамы Қазыбек Сарыбаев, қалалық «Зекет және қайырымдылық» қоры мен жастар ісі секторының жетекшісі, Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау және Тұран аудан имамдарының имамдары қатысты.
Кеңейтілген мәжілісте Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет қажы Нұрматұлы ҚМДБ-ның тарапынан бекітілген «Дін мен дәстүр», «Ізгі қоғам», «Ихсан және насихат», «Діни оқу-ағарту» және «Жат діни ағымдардан сақтандыру» бағыттарына қарасты 22 саланың жұмыстарын күшейту, жан-жақты жетілдіру туралы арнайы тапсырмалар берді. Сондай-ақ, ҚМДБ төрағасы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының 2023 жылға арналған бағдарлық баяндамасына негізделген жылдық жұмыс жоспарын түсіндіріп, таныстырылды. Соның ішінде 2023 жыл «Ислам және ізгі қоғам» жылы деп жарияланды. Осы жыл аясында атқарылатын кешенді жоспар әзірленді. Атап айтқанда, жастардың рухани патриоттық сезімін ояту бағытында «Алаштану», «Тұлғатану», «Яссауи дүниесі» т.б. рухани оқыту орталықтары ашылады. Мұнымен қатар, мешіт имамдарының біліктілігін арттыру мақсатында орталық мешіт жанынан көне түркі тілінде жазылған Ханафи мазһабы негізінде бабаларымыздың кітаптарын тереңдетіп оқыту курстары жұмыс жасайтын болады.
Айтулы мәжіліс барысында ҚМДБ төрағасы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен Шымкент қаласына қарасты 5 аудан бас имамдары таныстырылды. Олар: Абай аудандық мешіттің бас имамы Бердалы Жәміш, Әл-Фараби аудандық мешіттің бас имамы Ахметжан Керімбек, Еңбекші аудандық мешіттің имамы Ербосын Орын, Қаратау аудандық мешіттің бас имамы Дастан Желеуов және жуырда ғана жаңадан ашылған Тұран аудандық мешітінің бас имамы болып Ақтөре Тұрапбай тағайындалды. Қызмет баянды һәм табысты болсын әріптестер!
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі