Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2021 жылы қазан айында «Жібек Жолы» қайырымдылық мекемелер қауымдастығы заңды тұлғалар бірлестігінің өтінішіне сәйкес екі жақты өзара әрекеттесу мен ынтымақтастық туралы келісім жасаған болатын. Келісім аясында «Жібек Жолы» қайырымдылық мекемелер қауымдастығына қарасты қайырымдылық мекемелеріндегі тәрбиеленушілер Діни басқармаға қарасты мешіттер жанындағы діни сауат ашу курстарына қатысуға, имандылық тәрбие алуға уағдаласты.
Келісім бойынша Қауымдастыққа қарасты мекемелерде діни дәрістер мен діни насихат жұмыстарына рұқсат берілген жоқ. Алайда бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі хабарламада Қайырымдылық мекемелерінде діни дәрістер берілгені анықталуда. Мұндай әрекет екі жақты келісімге қайшы. Келісімді жүзеге асыру барысында тараптардың бірі талаптарды өрескел бұзатын болса, абыройы мен беделіне нұқсан келтіретін жағдайда келісім мерзімінен бұрын бір жақты тоқтатылады.
Осыған орай, Діни басқарма «Жібек Жолы» қайырымдылық мекемелер қауымдастығымен жасалған келісімді тоқтатқанын мәлімдейді.