Ақтық сағаты жақындап, ақыретке көшкелі жатқан бір діндар адам зекеті мен садақасы берілген адал дүние-мүлкін баласына мирас етіп қалдырмақ ниетпен оған: «Балам! Өмір бақи адал жолмен тауып, жоқ-жітікке ақысын берген мына дүние-мүлкімді саған тастап барамын. Саған берген осы мирасым үшін сенен бір-ақ нәрсе талап етемін. Байқа, бұл менің ақырғы өсиетім. Мен қайтыс болғаннан кейін сүйегімді жуған молдаға айт, менің денемді табытқа қоярда аяғымның біріне жыртық, ескі шұлық қигізсін»,- дейді.
Әкесінің сөздерін зер салып тыңдаған баласы оның осы өсиетін орындауға уәде береді.
Көп өтпей әлгі адам науқастанып, артынан көз жұмады. Барлық алыс-жақындары жиылып «жақсы адам еді» деп көңіл айтысады. Молда да шақырылып, сүйегі жуылады. Осы кезде баласы молданың құлағына әкесінің өсиетін айтып сыбырлайды. Молда өлген адамның аяғына шұлық кигізу шариғатта жоқ екендігін айтып, айтылған өсиетті өтеу қажет еместігін түсіндіреді. Бірақ баласы кигіз де кигіз деп болмай қойған соң, молда мәселені мүфтиге жеткізеді. Мүфти де қайтыс болған кісінің бұл өсиеті шариғатқа қайшы екендігін айтып, фәтуасын береді.
Бірақ баласы әкесінің басында тұрып: «Онда тұрған не бар? Әкемнен мынау жыртық шұлықты да аяп тұрсыңдар ма?»,- деп шұлықты оған кигізбек болып ұмтылғанда, молдалар қолынан ұстап кейін тартады. Осылай алысып-арпалысып тұрғанда, бір қария келіп: «Балам, әкең маған өлер алдында саған арнайы жазылған бір хат қалдырды. «Балама мына хатты менің сүйегімді табытқа қойып жатқанда бер» деген еді. Ал, қане аш, оқы, не жазғанын көрелік»,- дейді. Сол жерге жиналған халық тыңдауға асығып құлақ қойғанда, баласы хатты дауыстап оқи жөнеледі: «Балам! Мұншама байлыққа иелік еткен менің халімді міне көріп тұрсың. Мен артыма осыншама дәулет қалдырғанмен олар маған ескі шұлық та кигізуге рұқсат етпей жатыр. Бір күні мен секілді саған да екі метр бөзден басқа еш нәрсе бұйырмайды. Маған қарап ғибрат ал. Саған қалдырған байлығыма мастанып, тәкаппарланып, дініңді ұмытып кетуші болма. Жоқ-жітіктің жай-күйін біліп, олардың жанына терең үңіл. Міне, өзің көргеніңдей қанша бай болсаң да, бәрібір өлген соң дүниең қол бұлғап артыңда қалмақ. Қабірге кірерде үстіңе жібек шапан тұрмақ, аяғыңа жыртық шұлық та бұйырмайды!».
(Пейішке жетелер пейіл)