Наурыз мерекесі- сан ғасырлар бойы ата- бабаларымыздың қыс мезгілінен сау- саламат шығып, мал- жанының амандығы үшін Аллаға шүкірлік етіп, бір- біріне сый құрмет жасайтын айы. Тек адамзаттың ғана емес табиғаттың да жасарып, бой түзейтін шағы. Қыс мезгілі өтіп, жылғалардан сылдырлап су аға бастаған, бәйшешектер гүлдеп, көктемнің көркіне көрік қосқан әз Наурыз да келіп жетті. Осынау салт- дәстүрі Құран мен сүннеттен аттамаған дана халқымыз бұл айды көптеген мерекелермен атап өткен. Дүйім жұртқа ас беріп, көрші- қолаңды ақ дастарқанға шақырып отырған. Ата- баба дәстүрін берік ұстанған Мақтарал ауданы дін қызметкерлері де мешіттерімізде көптеген мерекелік шаралар өткізді. Солардың қатарында Жетісай қалалық «Бердібекұлы Әбдіуәсіл» мешіті имамы Адилов Ақболат киіз үй тігіп, мешітке келуші жамағаттарға ас беріп, әр түрлі қазақи ойындарды ұйымдастырды. Мәдениет ауылында орналасқан «Дорман ата» мешітінің ұйымдастыруымен мешітте тәлім алып жүрген шәкірттер арасында «22 наурыз» күніне орай арнайы Құран жарысын ұйымдастырды. Жүлделі 3 орынға қаржылай және заттай сыйлықтар табыс етілді. Және де мешіт имамы тарапынан алғыс хатпен марапатталды. Бұл игі іс- шара жалғасы ретінде наурыз мейрамына жиналған барша жамағатқа дастарқан жайылып, үлкен ас таратылды. Ал Атакент қалашығында орналасқан «Мырзақұл ата» мешіті ауыл тұрғындарына шынайы наурыздың бейнесін Ислам дінімен ұштастыра отырып, көрсете білді. Ауданда орналасқан өзге де мешіттер мерекеде іс- шаралар солардың ішінде, қайырымдылық істерін де өз дәрежесінде атқарды.
Мақтарал аудандық «Нұғман» мешітінің баспасөз қызметі