Бүгін Шымкент қаласы Ақпарттық-коммуникациялық орталығының брифинг алаңында  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет  Абдрахманов пен  шаһар бас имамының орынбасары Мұхамеджан  Естеміров  қасиетті Құрбан айт мейрамына байланысты БАҚ өкілдеріне брифинг берді.

«Қаржылай мүмкіндігі бар мұсылманға құрбандық шалу – уəжіп, мұсылмандық міндет. Ал шамасы келмеген адамға Алла Тағала мұндай міндет жүктемеген. Айт күндері аз да болса садақа беріп, қараусыз қалған қарттарға, жетімдер мен көпбалалы отбасыларға көңіл бөлу – сауапты іс болып табылады. Құрбан айт намазын оқу уажіп амал болып саналады. Мұсылман қауымын мейірімділік пен бірлікке үндейтін мерекеде барынша жақсылық жасауға тырысайық», -деді Бас имам Бақдаулет қажы Нұрматұлы. 

«Мереке күндері құрбандық шалушылар мен көмек алушыларға барынша ыңғайлы және ашық болуы үшін  ҚМДБ-ның тарапынан жасақталған www.qurban2022.kz сайты арқылы онлайн және офлайн құрбандық шалу рәсімдері мен  мешіттерде қайырымдылық шаралары ұйымдастырылатын болады.  Үш күн бойы санитарлық талаптардың барлығына сәйкес келетін арнайы «Бозарық Халал» қасапханасы мен қаланың төрт мешітінде бекітілген адамдар қызмет жасайтын болады. Толық ақпарат алу үшін Шымкент орталық мешіті жанындағы «Құрбан айт «Call-Center»   орталығы мен  +7708 478 48 72 ұялы телефонына хабарласу мүмкіндіктері жасалды», – деді шаһар найб имамы Мұхамеджан Естеміров.  

Жалпы, қасиетті Құрбан айт мерекесін жоғары деңгейде атап өту үшін бірқатар жұмыстар қолға алынады. Дәстүрлі түрде айт мерекесі күндері мешіттерде ұлттық салт-дәстүрге сәйкес өткізіледі. Онда ұлттық ойын түрлері, мерекелік дастархан жайылады. 

Айта кетсек, қасиетті Құрбан айт намазы Шымкент қаласында орналасқан барлық мешіттерде 2022 жылы 09 шілде күні таңғы сағат 6:40-та  оқылады. Брифингке жергілікті «Хан тв», «Оңтүстік», «Отырар», «Нар тв» телеарналары мен газет, журналдардың тілшілері, блогерлері қатысты.

ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38