Алланың мейірімі шексіз және жасалған күнә үшін тәубе етушінің тәубесін қабыл етеді. Алла адамды күнә істемейтіндей етіп жаратпады, яғни күнә істемейтін періште секілді емеспіз. Біздің нәпсіміз бар, күнә істеуге жақын тұрамыз және жасап та қоямыз. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде: «Адам баласының бәрі қателік жасайды, бірақ солардың ішінде ең жақсылары қателігі үшін Алладан кешірім сұрап, тәубе еткендері», – деген. Екінші бір хадисінде: «Егер сендер күнә істемесеңдер, Алла сендерді жоқ етіп, күнә істейтін қауымды жаратады»[1], – деген. Олай болса, жасаған қателігіміз үшін Алладан кешірім сұрап, қайталамау шартымен тәубе етейік. Тәубе есігі жан алқымға келгенге дейін ашық. Жан алқымға келгенде тәубе қабыл болмайтынын ұмытпайық. Ал шынайы түрде, қайталамау шартымен тәубе етсек, Алла күнәмізді кешіретініне шүбәңіз болмасын. Себебі Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деп сүйіншілейді: «Тәубе еткен адам еш күнә жасамаған адам секілді болады»[2].

Зина – үлкен күнәнің бірі. Алайда зинаның күнә екендігін қабыл етпеген, терістеген жан Алла сақтасын діннен шығып кетеді.

Зинаның қоғамға тигізер зардабы

Зинақорлық жайылған сәтте қоғам мынандай зардаптарға душар болатынын Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтып кеткен:

«Жаман әйелдер көбейіп, қоғамда зина етек алса, халық бұрын соңды көрмеген жұқпалы ауруларға ұшырайды»[3].

«Зина кедейлікке ұшыратады»[4].

«Зина етпеңдер, әйелдеріңнің тартымдылығы мен сүйіспеншілігі азайып, әйел мен күйеудің арасы суыйтын болады»[5].

«Бір жерде зина мен өсім көбейсе, ол жердің халқы апатқа ұшырайтын болады»[6].

Зинаның қоғамға тигізер зардабы көп десек артық айтқандық болмас. Сол зардаптар қоғамның құрдымға кетуіне, ұлт ретінде жойылып кетуіне себеп болары сөзсіз. Енді сол зардаптарға тоқталсақ:

  1. Отан отбасынан басталады десек, зина отбасын шайқалтып, ажырасуға себеп болады. Ажырасу демекші, 2013 жылы республика бойынша 155,3 мың неке тіркелсе, одан 47,3 мың жұбы ажырасқан екен[7].
  2. Отбасы ажырасса тірі жетімдер көбейеді.
  3. Әпке, қарындастарымыздың арсыздануы, ұлт болашағына үлкен қауіп тудырады.
  4. Зина жайылған жерде некесіз бала дүниеге келеді. Некесіз бала дегеніміз тексіз ұрпақ пайда болады.
  5. Тастанды жетім балалар көбейіп, ата-ана мейірімінен мақұрым өскен ұрпақ өсіп жетіледі.
  6. Жасанды түсік жасату белең алады. Яғни шарананы жарық дүниеге келтірмей өлтіру десек қателеспейміз. Деректерге сүйенсек, 2013 жылы елімізде 22 мың бойжеткен жасанды түсік жасатқан екен. Оның 6 мыңы кәмелетке толмағандар[8].
  7. Хадисте айтылғандай жұқпалы аурулар етек алады. Мәселен, СПИД. Әлемде және елімізде аталмыш айықпас ауруға ұшырағандар саны күн санап өсіп келеді. Мәселен, 2000-шы жылы елімізде осы дертке шалдыққандар саны 1 347 ғана болса, 2012 жылдың мәліметтеріне қарағанда олардың саны 19 748-ге жеткен. Демек, 2000-шы жылғымен салыстырғанда 15 есе өскен. Бұл өте алаңдатарлық жағдай. БҰҰ-ның СПИД туралы жасаған баяндамасында 2001 мен 2011 жыл­­­­дар аралығында Қазақстан ВИЧ-тің кең таралуы жөнінен дүние жүзінде 9-шы орынға шыққан. 2000 жылдан бері елімізде осы індеттен 1 200-ге жуық адам көз жұм­ған. Осынау дертке ұшыраған адам­­дардың 75 пайызы (2006 жыл) әйел заты болып отыр[9].
  8. Қызтекелердің (көгілдір) көбейуіне себеп болады.
  9. Қоғам бұзылып, азғындаған соң, Алланың азабына ұшырайтын болады.

Қорыта айтқанда зина жасау арсыз да күнәлі іс. Алла жүректерімізге иман байлығын берсін. Мұндай арсыз істен бойымызды аулақ ұстайық, ағайын. Сөзімізді мына аятпен түйіндейік:

وَأَمَّا مَنْ خَافَ مَقَامَ رَبِّهِ وَنَهَى النَّفْسَ عَنِ الْهَوَىٰ ﴿٤٠﴾ فَإِنَّ الْجَنَّةَ هِيَ الْمَأْوَىٰ ﴿٤١﴾

«Раббыларының алдында (сұраққа тартылудан) қорқатындарға, пәни дүниенің нәпсісіне еруден өзін тыя білгендерге келсек, олардың орны жәннат болатыны анық»[10]

muftyat.kz «Жұма уағызы» кітабынан

[1] Мүсілім, Тәубе 9.

[2]  Ибн Мәжа, Зухд 30.

[3]  Байхақи риуаяты

[4] Байхақи риуаяты

[5] Байхақи риуаяты

[6] Хаким риуаяты

[7] Қазақстанда ажырасқандар саны артты. 15 қаңтар 2014 // http://baq.kz/kk/news/42143

[8] Елімізде жыл сайын 22 мың бойжеткен жасанды түсік жасатады. 13 декабря, 2013// http://news.nur.kz/294618.html

[9] Т.Өмірзақов. Ғасыр індеті салғырттықты көтермейді. 11.01.2014 // http://egemen.kz/?p=14815 

[10] «Назиғат» сүресі, 40-41 аят.

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38