Ислам соңғы иләһи дін. Оған ешкімнің күмәні жоқ. Діннің мақсаты адамды екі дүние бақытына қол жеткізу. Ислам діні адамның бақытты болуы үшін қажетті алғышарттар мен сауапты амалдардың орындалуын бұйырып, күнәға жетелейтін амалдардан тыйған. Күнә дін бойынша үлкен және кіші болып бөлінеді. Аят пен хадис арқылы қатаң түрде тыйым салынған амалдардың үкімі «үлкен күнәлар» (кәбаир) деп аталады. Тыйым салынған үлкен күнәнің бірі – зина. Яғни зина дегеніміз некесі болмаған бөгде әйел затымен ойнас жасау. Сондықтан ислам діні зинаны харам етіп, үйленуді бұйырған. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде: «Неке қидырып үйленіңдер, перзентті болып көбейіңдер. Әрине, мен сендердің көптіктеріңді қиямет күні басқа үмбеттің алдында мақтаныш етемін», – деуімен үйленудің Пайғамбар сүннеті екендігін аңғартады. Өкінішке орай қазіргі қоғамда осы бір арсыз істің етек алып бара жатқаны белгілі. Сондықтан бүгінгі уағыз зинақорлықтың зардаптары жайында болмақ.
Қасиетті Құранда айтылғандай Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистері және барлық ислам ғұламалары зина жасауды бірауыздан ең ауыр күнәға жатқызады. Ол ислам дінінде ғана емес, сондай-ақ өзге діндерде де тыйым салынған арсыз істер қатарына жатады. Мейрімі шексіз Жаратушы Алла өзінің сүйікті құлдарын зина жасаудан сақтануды ескертіп, былай деп бұйырады:
﴿وَلاَ تَقْرَبُواْ الزِّنَى إِنَّهُ كَانَ فَاحِشَةً وَسَاء سَبِيلاً﴾
«Зинаға жақындамаңдар. Ол масқаралық, бұзықтық»[1]. Аяттың мағынасына мән берсек, бұл жерде Алла Тағала «зина жасамаңдар» деп тұрған жоқ, «зинаға жақындамаңдар» деу арқылы арсыз үлкен күнәні жасау былай тұрсын оған жақындамауды, тіпті оған апаратын кез келген әрекеттен бойды аулақ ұстауды бұйырып тұр. Ал мына бір аятта: «Әшкере болсын, жасырын болсын жаман қылыққа жуымаңдар»[2], деп зинаға жетелейтін әрекеттің өзінен алыс тұруымызды бұйырса, зинаның алғашқы қадамы болған, өзге әйелге назар салуға болмайтынын басқа бір аятпен ескертуде:
﴿قُل لِّلْمُؤْمِنِينَ يَغُضُّوا مِنْ أَبْصَارِهِمْ وَيَحْفَظُوا فُرُوجَهُمْ ۚ ذَٰلِكَ أَزْكَىٰ لَهُمْ ۗ إِنَّ اللَّهَ خَبِيرٌ بِمَا يَصْنَعُونَ ٣٠﴾ وَقُل لِّلْمُؤْمِنَاتِ يَغْضُضْنَ مِنْ أَبْصَارِهِنَّ وَيَحْفَظْنَ فُرُوجَهُنَّ… ﴾
«Ей, Мұхаммед! Мүміндерге айт, бөгде әйелдерге сұқтанып қарамасын, көз сүзбесін, ұятты жерлерін ашпасын. Олардың осылай еткені жақсы. Шынында Алла олардың бар қылықтарын байқап тұрады. Мүмін әйелдерге айт, жат еркекке көз сүзбесін, ұятты жерлерін жапсын…»[3].
Зина жасау адамды үлкен күнәға батыратындықтан арсыз істен аулақ тұрудың өзі сауап және ақыретте тозақ отынан құтылуға себеп болмақ.
Хазіреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Меккеде өзіне байғат (серт) етуге келген мадиналық иман еткен мұсылмандармен 622 жылы «Екінші Ақаба келісімі» деп аталған кеште олардан былай деп байғат алады: «Аллаға серік қоспау, ұрлық істемеу, зина жасамау, балаларды өлтірмеу, өтірік айтпау, жала жаппау, дұрыс істе бас көтермеу жөнінде маған байғат етіңдер»[4].
Алғашқы мұсылмандар осылайша зина етпейтіндігі жайында ардақты Пайғамбарымызға (с.ғ.с) байғат еткен. Әрине бұлай уәде беруді Алла әйелдерге де бұйырған. Бұл жайында Құранда былай дейді: «Ей, Пайғамбар! Мүмін әйелдер саған келіп, Аллаға ешнәрсені теңемеуге, ұрлық істемеуге, зина жасамауға, балаларын өлтірмеуге, басқа біреудің баласын өз байына телімеуге, сен бұйырған жақсы істерден бас тартпауға серт берсе, сен де оларға серт бер …»[5].
Зина жасау мүміннің рухани жан дүниесін құрдымға жетелейтін арсыз іс. Адам зина жасаған сәтінде мүмін ретінде зина етпейді және шынайы мұсылман мұндай әрекетке бармайтыны жайында хадисте былай дейді: «Зина жасаған кісі зина жасаған кезде мүмін ретінде зина етпейді»[6].
«Зина жасаған мүмін (шынайы) мүмін болған халде зина етпейді. Ұрлық жасаған да (шынайы) мүмін ретінде ұрлық жасамайды. Ішімдік ішкен де (шынайы) мүмін ретінде ішпейді»[7].
«Бір құл зина еткен кезде иманы одан шығып, бұлт секілді басының үстінде тұрады. Зина жасап болған соң, иманы қайта өзіне қайтады»[8].
Демек, қадірлі жамағат, зина секілді күнәсі ауыр қылмысты жасаған пенде шынайы мұсылман ретінде жасамайды екен. Алла сақтасын зина сәтінде ажалы келсе, ақыреті не болмақ?
Зинаның үлкен күнә болуымен қатар рухани тұрғыдан күнәсінің ауырлығына байланысты бірнеше түрі бар:
- Некелесуі харам болған жандармен зина жасау: шариғат бойынша некелесуі әбәди харам болған жандармен, яғни шешесі, әпкесі, қарындасы, қайын енесі, сүт анасы секілді жандармен зина жасау ең ауыр зинаға жатады. Исламнан бұрын арабтарда әкесі өлсе, өгей шешесін алу әдеті болған. Алайда Алла өгей шешемен үйленуден тыйса да, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) заманында бір бәдәуи осы әдет бойынша өгей шешесін алады. Осы оқиғаға қатысты «Язид б. Бәра әкесінің былай дегенін риуаят етеді: Көкеммен кездесіп қалдым, өзімен бірге бір ту бар еді. Оған: «Қайда барасың?» – дедім. Ол: «Алла Елшісі мені әкесінің әйелімен үйленген бір адамға жолдады. Маған оның басын шабуымды және малын алуымды бұйырды», – деп жауап қатты»[9]. Себебі, ол Алланың харам еткенін халал еткен еді.
- Соғысқа кеткен жауынгерлердің әйелдерімен зина жасау: Алла жолында соғысуға кеткен жанның артта қалған әйелімен зина жасау да үлкен күнә болып саналады. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) мұндай жиіркенішті істен мұсылмандарды тыйған: «Соғысып жүрген мүміндердің әйелдерінен алыс тұрыңдар. Өйткені соғысып жүрген мүміннің жұбайы соғысқа бармаған мүмін еркектердің аналары секілді»[10].
- Көршінің әйелімен зина ету: көршінің жұбайымен зина етудің де күнәсі ауыр.
وعن ابن مسعودٍ رَضِيَ اللّهُ عَنْه قال: قُلْتُ يَا نَبِيَّ اللّهِ! أيُّ الذَّنْبِ أعْظَمُ عِنْدَ اللّهِ؟ قالَ: أنْ تَجْعَلَ للّه نِدّاً وَهُوَ خَلَقَكَ. قُلْتُ: ثُمَّ أيُّ؟ قَالَ: أنْ تَقْتُلَ وَلَدَكَ مَخَافَةَ أنْ يَطْعَمَ مَعَكَ. قُلْتُ: ثُمَّ أيُّ قَال: أنْ تُزَانِيَ حَلِيلَةَ جَارِكَ.
أخرجه الخمسة أبا داود.
Абдуллаһ ибн Масғудтан риуаят бойынша: «Ей, Алланың Елшісі (с.ғ.с) Алланың құзырында үлкен күнә қайсысы?» – дедім. Пайғамбар (с.ғ.с): «Сені жаратқан Аллаға серік қосу», – деді. «Содан кейін қайсысы?» – дедім. Пайғамбар (с.ғ.с): «Сенімен бірге тамақ ішіп қоймасын деп балаңды өлтіруің», – деді. «Содан кейін қайсысы?» – дедім. Пайғамбар (с.ғ.с): «Көршіңнің әйелімен зина етуің»[11], – деді.
- Үйленген және кәрі кісінің зинасы: «Алла қиямет күні үш сынып адаммен сөйлеспейді, оларға рахмет назарымен қарамайды, олардың күнәларын кешірмейді және олар үшін азап бар. Олар: өтірікші басшылар, кібірлі кедей, зина еткен үйленген адам»[12].
- Бойдақтың жасаған зинасы: Құранда бойдақтардың жасаған зинасының бұл дүниелік жазасы ретінде дүре соғылу керектігі ашық түрде айтылған. Олай болса, зинаның жазасы ауыр болмақ. Әрине мұндай жазаның ислам мемлекетінде ғана жүзеге асатынын ұмытпайық. Біздің еліміз зайырлы ел болғандықтан мұндай жаза қолданылмайды.
﴿الزَّانِيَةُ وَالزَّانِي فَاجْلِدُوا كُلَّ وَاحِدٍ مِّنْهُمَا مِائَةَ جَلْدَةٍ ۖ وَلَا تَأْخُذْكُم بِهِمَا رَأْفَةٌ فِي دِينِ اللَّهِ إِن كُنتُمْ تُؤْمِنُونَ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الْآخِرِ ۖ وَلْيَشْهَدْ عَذَابَهُمَا طَائِفَةٌ مِّنَ الْمُؤْمِنِينَ ٢﴾
«Зинақор әйелге де, зина жасаған еркекке де жүз дүре соғыңдар. Егер сендер Аллаға, қиямет күніне сенетіндерің рас болса, зинақорларға аяушылық жасамаңдар. Оларды жазалағанда мүміндерден бір топ куә қастарыңда болсын»[13].
Зина тек жыныстық қатынастан ғана тұрмайды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистеріне зер салғанымызда көз бен тіл зинасынан да сақтануды бұйырады. Бір хадисте былай дейді: «Алла Адам баласына зина жасауды жазған. Күмәнсіз Адам баласы осы қателікке бой алдырады. Көз зинасы қарау. Тіл зинасы сөйлесу. Нәпсінің де зина еткісі және қалауы бар. Жыныстық мүше осылардың қалауын жүзеге асырады немесе жалғанға шығарады»[14]. Олай болса, хадисте айтылғандай әуелі көз бен тіл зинасынан сақтануымыз қажет екен.
muftyat.kz «Жұма уағызы» кітабынан
[1] Исра сүресі, 32 аят.
[2] Әнғам сүресі, 151 аят.
[3] Нұр сүресі, 30-31 аят.
[4] Бұхари, иман 11.
[5] «Мумтаһина» сүресі, 12 аят.
[6] Бұхари.
[7] Бұхари, Мүсілім риуаяты.
[8] Әбу Дауіт, Тирмизи риуаяты.
[9] Әбу Дауіт, Хад, 4457.
[10] Мүсілім.
[11] Мүсілім, Иман 141.
[12] Нәсәи риуаяты.
[13] “Нұр” сүресі, 2-аят
[14] Бұхари, Истизан 12; Мүсілім, Қадар 12.