Ұлы Жаратушы Алла тағала адамзат баласына Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғс) арқылы қараңғылықтан шығатын жарқын жолды нұсқады. Адасушыларды тура жолға бағыттап, оларды иман нәрімен сусындатты. Өзінің хақ жолымен жүрген пенделерін ізгілікке бөлеп, олардың ақыретке деген сенімдерін жан-жақты нығайтты.

Жер бетінде көптеген діндер болғанымен Алла тағаланың алдында қабылданатыны тек қана Ислам діні. Бұл жөнінде Құран Кәрімде:

إِنَّ الدِّينَ عِندَ اللّهِ الإِسْلاَمُ

«Алла құзырындағы дін тек Ислам ғана» («Әли Имран» сүресі, 19-аят) – делінсе,  Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өз хадис шәріпінде:

وَمَن يَبْتَغِ غَيْرَ الإِسْلاَمِ دِينًا فَلَن يُقْبَلَ مِنْهُ وَهُوَ فِي الآخِرَةِ مِنَ الْخَاسِرِينَ

«Кімде-кім Исламнан басқа дін іздесе одан осындай бір дін әсте қабылданбайды да, ол ақыретте зиянға ұшыраушылардан болады» (Бұхари), – деген. Бұл аят пен хадис дүние мен ақырет бақыты үшін таңдалатын жалғыз жолдың тек қана Ислам екендігінің нақты айғағы.

Алла тағала жаратқандарының ішіндегі ең асылы, Оның Елшілерінің ең абзалы әрі пайғамбарлардың ең соңғысы Мұхаммед Мұстафаға (с.ғ.с) уахи арқылы көптеген сүрелерді түсірсе, Пайғамбардың (с.ғ.с) соңынан ерген сахабалары арқылы солардың ары қарайғы таралуы жүзеге асырылды. Құранның бірде бір әрпінің өзгерместен бүгінгі күнге дейін жетуі әуелі Алла тағаланың кеңшілігі десек, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) арқылы олардың негізгі себепшісі ретінде сахабалардың жанқиярлық еңбектерін атап өту маңызды.        

Сахаба – Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с) серіктеріне берілген атақ, дәреже.

«Сахаба» (етістігі) – серік, жолдас, дос болу және сұхбаттасу деген мағыналарды білдіреді. Аз болсын, көп болсын, Пайғамбарымызбен (с.ғ.с) сұхбаттасқан адамға осындай атақтар берілген.

Кез-келген мәселеде белгілі бір себептер мен салдарлардың болуы заңдылық. Сол сияқты дініміздің таралуына, ары қарайғы дамуына сахабалар өлшеусіз үлес қосты. Олар Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) естіп, көргендерінің барлығын мұсылман үмбетіне жеткізу үшін көптеген еселі еңбектер сіңірді.

Олардың арасында сөзге шешен, аса ділмәр кісілер де болды. Дінді кейінгі буынға жеткізуде олардың осындай шешендіктерінің, зеректіктерінің, психологиялық тұрғыдан өсіп-жетілген жан-жақты сезімталдықтарының көптеген пайдасы болды. Бұл туралы сахабалардың өздері Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) естігендері жөнінде: «Оның құзырында басымызға құс қонақтағандай аса сақтық танытып, әрбір сөзіне мұқият ден қоятынбыз» (Бұхари, Әбу Дәуіт), – дейді. 

Осылайша сахабалар Алланың қолдауымен, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) бастауымен адамзат тарихында теңдесі жоқ, ұлы өзгеріс жасау құрметіне ие болды. Олар кейінгі ұрпақ үшін дұшпан күйініп, дос сүйінетін өшпес өнеге, мәңгілік рухани мұра қалдырды.

Сахабалардың әрбірінің өзіндік орнындары қалыптасып, олардың әрқайсысының бойындағы өзіндік ерекшеліктері тарихи тұрғыдан үлгі тұтар асыл қасиетке айналды.

Мысал ретінде  келтіре кетер болсақ, хазірет Әбу Бәкір (р.а) Пайғамбарды (с.ғ.с) танып, иман нәрімен сусындаған соң ісі шынайылығымен астасқандықтан пайғамбарлардан кейінгі ең жоғарғы мәртебеге жетті. Ол өзінің саналы ғұмырын Алланың хақ жолында сарп етті. Сахабалардың арасындағы ерекше шоқтығы биігі болып танылған хазіреті Әбу Бәкір (р.а) мейірімділігі, қайырымдылығы, жомарттығы, шыншылдығы, ақыл-парасаттылығымен ерекше-ленді.

Бір кездері өзінің арыстандай айбарымен айналасындағылардың мысын басып, зәре-құтын ұшыратын, көзіне жас алмас қатал Омар (р.а) хақ дінге иман келтіріп, Пайғамбардың (с.ғ.с) тәрбиесінен өткеннен кейін әділдігімен тарихта өшпес із қалдырды. Ол туралы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Егер менен кейін пайғамбар келер болса, ол Хаттабұлы Омар (р.а) болар еді» деген ілтипатын иеленген айырықша дара тұлғаға айналды.

Имандылықтың, ар-ұят пен биязылықтың төресі, аса жомарттық пен әдептіліктің ізгі үлгісі хазірет Осман (р.а) Алла елшісінің (с.ғ.с) тәрбиесімен бойындағы қасиеттерін кемелдендіре түссе, ғылымға деген терең құлшынысымен, құштарлығымен, тақуалығымен шоқтығы биік хазірет Әли (р.а) тәрізді қаһармандар өсіп, жетілді.

Кезінде мүшріктердің сапында болып, кейіннен Алланың ақ жолын таныған, қатардағы қарапайым сарбаз бола тұра «Алланың қылышы» атағын иеленген қолбасшы Халид ибн Уәлид (р.а), ірі мемлекеттік саяси тұлғаға, қайраткерге айналған Амр ибн Ас (р.а), бастапқы кезде қатардағы бір құл болып, кейіннен өмірінің соңына дейін “бас қолбасшы” атағына ие болған Зәйд ибн Хариса (р.а) мен оның ұлы Усама (р.а), құлдық пен қой бағушы шопандықтан Иран билеушілігіне дейін көтерілсе де атақ-даңқтың буына семірмей, көптің бірі ретінде қоңырқай ғана ғұмыр кешкен Салман Фарси (р.а) сияқты тұлғалар Пайғамбардан (с.ғ.с) тағылымды тәлім алып, тарих тұғырынан нық орын алды.

Шын мәнінде, дініміздің жер бетіне тарап, кеңінен қанат жаюы жолында сахабалар ерен еңбектер істеді. Осы жолда мал-жандарын қиып, ізгіліктің үлгісіне, салиқалылықтың символына айналды.

Олардың жасаған еңбектері мен амалдары, атқарған іс-әрекеттері әр-түрлі биіктен көрінеді. Енді осыған қысқаша тоқтала кетсек.

Сахабалардың арасындағы дәреже айырмашылықтары туралы мәселелерді әркім өз хал-қадерінше айқындап, көрсеткен. Солардың ішінде хадис ғалымы Хаким ан-Нисабуридің пікірінше бұл дәрежелер төмендегіше белгіленген деуге болады:

  1. Хулафа-ур Рашидин (әділетті 4 халифа: Әбу Бәкір (р.а), Омар (р.а), Осман (р.а), Әли (р.а) және солармен бірге алғаш иман келтіргендер. Осы сахабалармен бірге көздерінің тірісінде-ақ жәннатпен сүйіншіленген он сахаба (әль-ашарат-ул мубашшарату) және олардан кейінгі 6 кісі.
  2. Дар-уль Аркам асхабы. Бұлар – Омар ибн Хаттабтан (р.а) бұрын иман келтіріп, мұсылман болғандықтарын жасырын ұстап, Аркам ибн Әбул-Аркамның үйінде жиналғандар.
  3. Мұсылман болғандықтары үшін Меккеде зорлық көріп, лажсыз Эфиопияға һижрет (көш) жасағандар.
  4. «Бірінші Ақаба сертіне» қатысып, Пайғамбарымызды (с.ғ.с) көрген, иман келтірген және серт беріп, қол алысқан ансардың алғашқылары.
  5. «Екінші Ақаба сертінде» Пайғамбарымызбен (с.ғ.с) кездесіп, өмірінің соңдарына дейін оны қорғап-қолдауға сөз берген мұсылмандар. Олардың көпшілігі ансарлардан еді.
  6. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Мәдинаға бармай тұрып Құбаға келгенінде, оған (с.ғ.с) келіп қосылған алғашқы мұһажирлер.
  7. Бәдір шайқасына қатысқандар.
  8. Бәдір шайқасы мен Худайбия оқиғаларының тұсында һижрет жасағандар.
  9. Ридуан сертіне қатысқандар. Худайбияда ағаштың астында Пайғамбарымызға ант бергендер. Құранда олар жайлы:

﴿لَقَدْ رَضِيَ اللَّهُ عَنِ الْمُؤْمِنِينَ إِذْ يُبَايِعُونَكَ تَحْتَ الشَّجَرَةِ﴾

«Шынында Алла ағаш астында саған серт берген мүміндерге разы болды» («Фатх» сүресі, 18-аят), – делінсе, Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Сендер бүгін жер бетіндегі ең қайырлы жансыңдар», – деген.

  1. Худайбия келісімі мен Меккенің алынуы арасындағы уақытта һижрет еткен сахабалар. Олардың арасында Халид ибн Уәлид, Амр ибн Ас және Әбу Һурәйра сияқты белгілі сахабалар бар.
  2. Мекке алынған кезде және одан кейін мұсылман болғандар.
  3. Пайғамбарымызды (с.ғ.с) Меккенің алынуы кезінде және қоштасу қажылығында көрген жас балалар (Хаким).

Жалпы, дінді тарату барысындағы сахабалардың еңбектері туралы не айтуға болады? Бұл жөнінде Құран, хадистерде не айтылған? Сахабалардың өздері бұл жөнінде не айтады? Енді осыған қысқаша тоқтала кетсек.

Сахабалардың жанқиярлық еңбектері туралы Құранда былай делінеді:

﴿وَمَا لَكُمْ أَلَّا تُنفِقُوا فِي سَبِيلِ اللَّهِ وَلِلَّهِ مِيرَاثُ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ لَا يَسْتَوِي مِنكُم مَّنْ أَنفَقَ مِن قَبْلِ الْفَتْحِ وَقَاتَلَ أُوْلَئِكَ أَعْظَمُ دَرَجَةً مِّنَ الَّذِينَ أَنفَقُوا مِن بَعْدُ وَقَاتَلُوا وَكُلًّا وَعَدَ اللَّهُ الْحُسْنَى وَاللَّهُ بِمَا تَعْمَلُونَ خَبِيرٌ﴾

«Әрине, сіздердің араларыңызда Меккенің алынуынан бұрын Алла жолында мал-мүлкін жұмсап, соғысқан адам мен басқалар тең болмайды. Олардың дәрежесі одан кейін мал-мүлкін жұмсап соғысқандардан үстем. Сондай-ақ Алла бәріне жақсылық уәде етті. Алла сіздердің істегендеріңізден толық хабардар»[1].

Ислам діні жаңа тарай бастаған алғашқы уақытта мұсылмандықты қабылдау – өз еркіңмен басыңды қауіпке тігу, яғни, сан түрлі қиыншылықтарға душар болу болып табылатын. Бұл туралы Әбу Бәкір (р.а) Әлиге (р.а) былай деп айтқан екен: «Ол күндері көңілді қайғы басып, көзге қан толып, кеудені кек кернейтін. Ызалана қылыш біленіп, жер беті қорқыныштан арылмайтын. Өлімге нар тәуекелмен ғана күн кешетінбіз. Өйткені, өзімізді қорғап шыбын жанды аман алып жүру қиынның қиыны еді. Қабырғаңды қайыстырып ауыртпалыққа көнбейінше ештеңені түзету мүмкін емес-ті. Міне, осындай қиын-қыстау кезеңде әке-шеше, туған-туыс, барымыз бен жоғымызды, бүкіл дүниемізді шын разышылығымызбен қуана-қуана Алла расулының (с.ғ.с) жолында пида етуші едік» (Қысасүль әнбия ве таварихуль-хулафа).

Иә, Ислам дінінің арғы-бергі, сан тараулы тарихын парақтар болсақ, сахабалардың ең қайырлы үмбет болғандығын анық аңғарамыз. Сахабалардың  ерліктері, табандылықтары мен шынайылықтарын мадақтап, дәрежелерінің қаншалықты жоғары екендігін кейінгі ұрпаққа білдіру үшін Алла тағала Құран Кәрімнің көптеген аяттарында олар туралы жан-жақты баяндаған. Бұл жайлы:

﴿كُنتُمْ خَيْرَ أُمَّةٍ أُخْرِجَتْ لِلنَّاسِ تَأْمُرُونَ بِالْمَعْرُوفِ وَتَنْهَوْنَ عَنِ الْمُنكَرِ﴾

«Сендер елді жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю үшін шығарылған қайырлы үмбетсіңдер»[2].

Саңлақ сахабалардың ерен еңбектері жөнінде Жаратушының тарапынан түсірілген кітаптарда не айтылған? Әңгімеміздің барысында бұл туралы да біршама тоқтала кеткенді жөн санаймыз.

Сахабалар туралы Тәурат пен Інжілде оларды жан-жақты сипаттап, мадақтаған жерлерінің бар екендігі Құран Кәрім арқылы белгілі. Құранның «Фатх» сүресінің 29 аятында:

﴿مُّحَمَّدٌ رَّسُولُ اللَّهِ وَالَّذِينَ مَعَهُ أَشِدَّاء عَلَى الْكُفَّارِ رُحَمَاء بَيْنَهُمْ تَرَاهُمْ رُكَّعًا سُجَّدًا يَبْتَغُونَ فَضْلًا مِّنَ اللَّهِ وَرِضْوَانًا سِيمَاهُمْ فِي وُجُوهِهِم مِّنْ أَثَرِ السُّجُودِ ذَلِكَ مَثَلُهُمْ فِي التَّوْرَاةِ وَمَثَلُهُمْ فِي الْإِنجِيلِ كَزَرْعٍ أَخْرَجَ شَطْأَهُ فَآزَرَهُ فَاسْتَغْلَظَ فَاسْتَوَى عَلَى سُوقِهِ يُعْجِبُ الزُّرَّاعَ لِيَغِيظَ بِهِمُ الْكُفَّارَ وَعَدَ اللَّهُ الَّذِينَ آمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ مِنْهُم مَّغْفِرَةً وَأَجْرًا عَظِيمً﴾

«Мұхаммед – Алланың елшісі. Онымен бірге болғандар, кәпірлерге өте қатал, ал өз араларында тым мейірімді. Сен оларды рұкұғта, сәждеде көресің. Олар Алладан мәрхамат пен ризашылық тілейді. Жүздерінде сәжденің іздері бар. Олардың Тәураттағы сипаттары осы. Інжілдегі сипаттары болса: бұл бас жарып, сосын бара-бара күшейген, жуандап өз сабағында тік тұрған масаққа ұқсайды. Бұл егіншілерді таңғалдырып, кәпірлерді ызаландырады. Олардың ішінен иман етіп, ізгі істер істегендерге Алла кешірім мен үлкен сыйлық беруді уәде етті», – делінген. Міне, шынайы әрі үлгілі қасиетке ие жандардың сипаттары осындай.

Сонымен қатар, Құран Кәрімнің «Әнфал» сүресінің 74 аятында:

            ﴿وَالَّذِينَ آمَنُواْ وَهَاجَرُواْ وَجَاهَدُواْ فِي سَبِيلِ اللّهِ وَالَّذِينَ آوَواْ وَّنَصَرُواْ أُولَئِكَ هُمُ الْمُؤْمِنُونَ حَقًّا لَّهُم مَّغْفِرَةٌ وَرِزْقٌ كَرِيمٌ﴾

«Иман келтіріп, һижрет жасағандар, Алла жолында соғысқандар, оларды үйінде қонақ еткендер, оларға көмектескендер, міне, бұлар нағыз иман еткендер. Оларға жарылқау мен қымбатты ырзық бар», – делінген.

Сахабалардың ерлік істері мен тақуалығы туралы Құранда үлгі ретінде баяндалады. Құранның «Әли Имран» сүресінің 173-аятында бұл жөнінде:

﴿الَّذِينَ قَالَ لَهُمُ النَّاسُ إِنَّ النَّاسَ قَدْ جَمَعُواْ لَكُمْ فَاخْشَوْهُمْ فَزَادَهُمْ إِيمَاناً وَقَالُواْ حَسْبُنَا اللّهُ وَنِعْمَ الْوَكِيلُ﴾

«Оларға адамдар: – Дұшпандарыңыз сіздерге қарсы қол жинады, қорқыңдар! – дегенде, бұл сөз керісінше олардың имандарын күшейте түсті де: – Алла бізге жетіп асады. Ол нендей жақсы дос – деді» – делінген.

Бұл аяттардан сахабалардың Жаратушының алдындағы құрметі мен абырой-беделдері айқын көрінеді.

Сонымен қатар, қажетті кезеңдерде өз қасынан табылған сахабалары жайлы Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с) көптеген хадистері бар. Мысалы, «Менің сахабаларымды жамандап сөз айтпаңыздар. Егер сіздердің біріңіздің Ухуд тауындай алтыны болып, оны тұтастай Алла жолында бағыштаса, бұл олардың бір уыс бергеніне, тіпті оның жартысына да тең келмейді» (Бұхари, Мүсілім) делінсе, келесі бір хадисте «Адамдардың ең жақсылары менің ғасырымда  өмір сүрген сахабалар, содан кейін олардан кейін келген (яғни табиғиндер), содан кейін де олардан кейін келгендер», – дейді (Бұхари, Мүсілім). Сондай-ақ, олардың дәрежелері туралы: «Сахабаларым көктегі жұлдыздар секілді. Қайсысына ерсеңіз де тура жолды табасыз» (Ажлуни, Кашфул-хафа) деп айтқан.

Күллі ғаламға рақым етіп жіберілген ақырғы Пайғамбарымызға (с.ғ.с) серік болған сахабалар өздерінен кейін келетін бүкіл ұрпақтар үшін қашанда  үлгі-өнеге. Олар ең жоғарғы мақсатқа жету жолында жеке құлшылықтарына айрықша мән бергені сияқты, жұртшылыққа Ислам ақиқаттарын жеткізу жолындағы міндеттерін де ең жоғарғы дәрежеде орындады.

Ізгілік пен игіліктің үлгісі болып табылған сахабалар Құранның құнды дәстүрлерін Алланың елшісі хазірет Мұхаммедтен (с.ғ.с) үйреніп, жүзеге асырды. Олардың ең маңызды істерінің бірі – Құранды түскен күйінше өзгеріссіз сақтап, кейінгілерге жеткізулері еді. Алланың құдіреті, пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жігері және сахабалардың берілгендіктерінің арқасында Құран оған дейін түсірілген басқа қасиетті кітаптар сияқты өзгеріске ұшыраудан аман қалып, біздің заманымызға дейін жетті, Алла тағаланың қорғауымен қияметке дейін де солай сақталмақ.

Құран мен Алла елшісінің (с.ғ.с) тәрбиесінде өскен сахабалардың көркем мінез-құлықтары, олардың өмір сүру дағдылары – кейінгі ұрпаққа қашанда үлгі, өнеге. Осы кезеңдерге дейін мұсылман үмбетінде оларға тең келетін  жамағат болды деп ешкім де айта алмаса керек.

Олар туралы Жаратушы Иеміздің өзі Құранда: «шынайы мүмин», «Алланың разылығына ие болғандар», «құлшылыққа берілгендер», «турашыл, шынайы», «ақыретте (азаптан) құтылғандар», «оларға кешірім, сый және жәннат берілетіндіктері» айтылған бақыттылар деп мадақтау арқылы дәрежелерінің қаншалықты жоғары екенін көрсетеді.

Міне, осылардың барлығы Құранның нұр әрі тура жолға бастаушы иләһи кітап, хазірет Мұхаммедтің (с.ғ.с) Ұлы Жаратушының Ардақты елшісі екендігін айқын көрсетеді.

Алланың әмірлеріне мойынсұнып, Расулының (с.ғ.с) нұрлы жолымен, жұлдыздар шоғырындай сахабалардың сара жолымен жүргенде ғана адамзат қараңғы қапастан анық құтылады. Әрі ақыретте де мәңгі бақытқа қол жеткізетіндігі анық. Бұған Исламның діңгегі болып танылған сахабалардың нұрлы өмірлері нақты дәлел. Алла тағала баршамызға сахабалар сияқты ақиқатты жете тануды және оған  жетуді жазғай! Әмин!

muftyat.kz «Жұма уағызы» кітабынан

[1] «Хадид» сүресі, 10-аят

[2] «Әли-Имран» сүресі, 110-аят.

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38