Бақдаулет қажы Абдрахманов, Шымкент қаласының бас имамы.

Құрметті Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтары! Қадірлі жамағат!

Қасиетті Қадір түніне баршамызды аман-есен жеткізген Алла Тағалаға шексіз шүкірлер мен мадақтар болсын!

«Қадір» сөзі «қасиетті түн» деген мағынаны білдіреді. Бұл – Құран түскен түн. Алла Тағала «Қадір» сүресінде: «Расында Біз Құранды қадір түні түсірдік. Қадір кеші мың айдан қайырлы», – деп баяндаған.

Түндердің төресі, мың айдан қайырлы, періштелер жерге түсіп, жер бетінде береке орнайтын Қадір кеші – сауаптар еселеніп жазылатын ерекше, қасиетті түн.

Жаратушы Иеміз бұл түні шынайы намаз оқып, Өзіне жалбарына дұға жасаған пенденің барлық қайырлы амалдарын қабыл етеді. Өткен қате-кемшіліктері мен күнәлары үшін өкініп, Жаратқаннан кешірілуін тілеген адамның тілегі де қабыл болмақ. Сондықтан осы кеште көбірек дұға жасаған абзал.

Пайғамбарымыз тағы бір хадисінде: «Алла Тағала Қадір түнін менің үмметіме сыйлық етіп берген. Мұндай нығмет бұрынғы үмметке бұйырмаған», – деп Сіз бен бізге сүйінші хабар айтып, шаттыққа бөлеген.

Құрметті жамағат! Қасиетті Рамазан айы Құран айы болғандықтан қала бойынша биылғы жылы 45 мешітте 87 қарилардың қатысуымен қасиетті Құран Кәрім хатым етілді. Осы Құран хатым сауабын  елім, жерім деп өткен барша ата-баба рухына бағышталады.

Алла Тағала баршамыздың дұға-тілектерімізді, әрбір қайырлы амалдарымызды Қадір түнінің құрметі үшін қабыл еткей!

Тәуелсіз еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Бірлігіміз бен берекеміз артып, Жаратушы Иеміз әрқашан халқымызға жар болғай! Әмин!

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38