Құран Кәрім түскен рамазан айы ғажайыптар мен кереметтерге толы әрі бұл айдың да керемет сырлары таусылмайды. Рамазан айы сабыр мен ғибадаттың, төзімділіктің, нәпсіні тәрбиелеудің айы. Нәпсісін тезге салу арқылы пенде өзінің рухани әрі денелік шама-шарқын, дәрменсіздігін біліп, өзін-өзі таниды. Ал кім өзін-өзі таныса Алланы тануға қадам жасайды. Жұмақ жолы жеңіл емес. Оған Алланың разылығы үшін нәпсісімен күресіп, хақ жолында аянбай күрескендер ғана кіре алады. Осы рамазан айындағы мұрсатты пайдаланған әрбір пенде өзін-өзі жақсы жаққа өзгерте алады. Алла Тағала былай дейді: «Алла бір қауымды қашан олар өз-өздерін өзгертпейінше өзгертпейді» (Рағыд, 11).

Ұлық айдың ғажайыптары көп. Бұл айда жасалған әрбір жақсылықтың орны ерекше. Имам Бәйһақи таратқан риуаятта Пайғамбар (с.а.с.): «Егер Алланың пенделері осы айдың берекесі мен артықшылығын білсе, рамазан айының жыл бойы болғанын қалар еді», – деп берекелі айдың баға жетпес биік мәртебесін анықтап берген.

Ислам тарихында нақ осы рамазан айында мұсылмандар көптеген жеңістерге қол жеткізген. Солардың ең біріншісі Ислам тарихындағы ең алғашқы жеңіс Бәдір шайқасы болатын. Бұл имандылық пен күпірліктің алғаш рет бетпе-бет келген кезі болатын. Бәдір шайқасы Пайғамбар (с.а.с.) Меккеден Мәдинаға көшкеннен кейін екінші жылы рамазан айының екісі күні орын алды. Бұл шайқастың баяны мынадай.

Бәдір шайқасы

Алланың Елшісі (с.а.с.) Мәдина қаласының жанындағы керуен жолынан Меккедегі құрайыш тайпасының сауда керуені өтетіндігін біледі. Керуенбасы – құрайыш шонжарларының бірі Әбу Суфиян. Пайғамбар (с.а.с.) сахабаларына: «Оларға қарсы шығыңдар, бәлкім, Алла сендерге олжа нәсіп етер», – деп бұйырады.

Алайда Әбу Суфиян мұсылмандардың жоспарларын біліп қалып, Меккедегі құрайыштықтардан қарулы көмек шақыртып алады да, өзі басқа жолмен өтіп кетеді. Сөйтіп, мүшріктер керуені мұсылмандардың құрған торынан сытылып кетеді. Әбу Суфиян аттанар алдында керуенді мұсылмандардан қорғау үшін келген меккелік жасақтарды қайтарып жібереді.

Дегенмен, меккелік мүшріктердің әскербасы Әбу Жәһл Бәдірде той-думандатып, арақ-шарап ішіп, үш күн боламыз деп шешеді. Мақсаты – мұсылмандар мен басқа араб тайпаларына қыр көрсету.

Арада көп уақыт өтпей Мәдинадан Пайғамбар (с.а.с.) бастаған мұсылман әскері шығады. Мұсылман жасағының құрамында 316 жауынгер, 70 түйе, 3 ат болады. Ал мүшріктердің әскерінде 950 жауынгер, 700 түйе, 100 ат бар еді.

Екі әскер жолыққан шақта шайқас басталады. Алла Тағала мұсылмандардың жүректерін орнықтыру үшін көктен көмекші періштелер түсіреді. Ақырында иләһи қолдаудың арқасында мүміндер тобы жеңіске жетеді. Мұсылмандардан он төрт жауынгер шәһид болады, ал мүшріктерден жетпісі жер жастанып, тағы жетпісі тұтқынға түседі. Осы жолы Алланың дұшпаны Әбу Жәһл мен құрайыш тайпасының кейбір шонжарлары өлім құшады. Алла Тағала бұл оқиға туралы: «Алла сендерді Бәдірде өте аз болғандарыңда да жеңіске жеткізген еді. Алладан қорқыңдар, бәлкім, шүкір етерсіңдер», – деп баяндаған (Әли Имран, 123).

Осы оқиға арқылы мұсылмандар жеңістің әскер мен қару-жарақтың көптігімен емес, тек бір Алланың қалауымен ғана болатындығын жете түсінді. Бұл кейінгі мұсылмандарға да үлкен сабақ болды. Қара қылды қақ жарған әділ халифа Омар ибн Хаттаб (р.а.): «Біз ешкімді күш-қуатпен, қарумен жеңбейміз. Біздің басты қаруымыз – Аллаға деген иманымыз, тақуалығымыз», – деген.

Меккенің ашылуы

Ислам тарихындағы ең үлкен жеңіс Меккенің мұсылмандардың қолына өтуі десек қателеспейміз. Өйткені Қасиетті Мекке қаласының мұсылмандардың қолына өтуі ең шешуші шайқас, ең үлкен жетістік. Осы жеңісі арқылы Алланың Елшісі (с.а.с.) қасиетті қаланы көпқұдайшылдардан азат етіп, пұт тастарынан тазартты. Һижра жыл санауымен 8-жылдың рамазан айының 20-сы күні болған шайқас былай басталған еді.

Меккелік құрайыштармен одақтас Бәкір тайпасы Пайғамбармен (с.а.с.) одақтас Хузаға тайпасына тұтқиылдан шабуыл жасап, жиырма адамын өлтіреді. Бұл шабуылда оларға одақтастары құрайыштықтар да жәрдемдеседі. Осыдан кейін Хузаға тайпасының көсемі Амр ибн Сәлим әл-Хузағи Алланың Елшісіне (с.а.с.) барып көмек сұрайды. Сонда Пайғамбар (с.а.с.): «Саған жәрдем беріледі», – деп уәде етеді. Мұны естіген құрайыштықтар өздерінің үлкен қателік істегендерін түсініп қатты өкінеді.

Пайғамбар (с.а.с.) он мың жауынгерден тұратын әскер дайындап, Меккеге аттанады. Әл-Жахфа деген жерге жеткен кезде алдынан әкесімен туысқан көкесі Аббас шығады.

Пайғамбардың (с.а.с.) Меккеге қарай үлкен қолмен келе жатқанын естіген құрайыштықтарда зәре қалмайды. Құрайыштықтардың көсемі Әбу Суфиян істің алдын алу үшін мұсылман әскерінің алдынан шығады. Жолай Аббас кездеседі. Аббас: «Уа, Әбу Суфиян! Енді сені Пайғамбардан (с.а.с.) ештеңе құтқара алмайды, мұсылман бол», – деп кеңес береді. Әбу Суфиян сол жерде Исламды қабылдап, Меккеге мұсылман әскерінен бұрын барады да: «Уа, халайық! Алланың Елшісі сендерге жер қайысқан қолмен келе жатыр. Кімде-кім өз үйінен шықпаса, оған бас амандығы берілетін болды, кімде-кім Әбу Суфиянның үйінен шықпаса, оған бас амандығы берілетін болды», – деп жар салады.

Пайғамбар (с.а.с.) Меккеге қашырының үстінде тағзым ете кіреді. Осылайша қасиетті қала соғыссыз алынады. Тек Халид ибн Уалидтің жасағына мүшріктер шабуыл жасап, екі мұсылман шәһид болып, жиырма мүшрік өлтіріледі, тағы да екі мың мүшрік тұтқынға алынады. Пайғамбар (с.а.с.) алдына әкелінген тұтқындарға қарап: «Мен туралы не айтасыңдар?» – деп сұрайды. Олар: «Сен біздің қадірлі туысымызсың әрі қадірлі ағайынымыздың ұлысың», – деп жауап қатады. Сонда әрдайым кешірімшіл Алланың Елшісі (с.а.с.): «Барыңдар, сендер азатсыңдар», – деп талай жылдардан бері өзіне қарсы соғысып келген қас дұшпандарына бас амандығын береді. Осы күні адамдар топ-топ болып Ислам дініне өтеді. Екі мыңдай кісі мұсылман болып, Меккедегі үш жүз алпыс пұт түгелдей қиратылып, Алланың Үйі пұттардан біржола тазартылады. Алла Тағала бұл ұлы жеңіс туралы Насыр сүресінде: «Егер Алланың көмегі мен жеңісі келгенде адамдардың Алланың дініне топ-топ болып кіргендерін көресің. Сонда Раббыңды пәктеп, кешірім тіле, шындығында, Ол тәубені қабыл алғыш», – деген.

Дініміздің тарихында мұсылман жауынгерлерінің рамазан айында қол жеткізген бұдан да басқа жеңістері көп болған. Мысалы, һижраның 91-жылы рамазан айында мұсылман әскерлері Испанияға кіреді. Ал келесі 92-жылы рамазан айында мұсылман қолбасшысы Тариқ ибн Зияд өзінің аздаған әскерімен Испания королінің мыңдаған әскерін талқандайды.

Һижраның 584-жылы рамазан айында мұсылмандар айбынды қолбасшы Салахуддин Аййубидің басшылығымен Құдыс қаласын крест жорықшыларынан азат етеді.

Һижраның 647-жылы рамазан айында Мысыр мұсылмандары елге басып кірген Франция королі Луидің әскерін талқандап, королдің өзін тұтқынға алады.

Һижраның 658-жылы рамазан айында Бейбарыс бастаған Мысыр мәмлүктерінің әскері Шам аймағындағы Айн Жалұт деген жерде мұсылман әлеміне лаң салған монғол шапқыншыларын ойсырата жеңіп, алғаш рет бетін қайтарады.

Міне, көне тарихтағы рамазан айында болған жеңістердің бірсыпырасы осындай. Сонымен бірге қазіргі заманымызда да рамазан айында мұсылмандар көптеген жеңістерге жетті. Соның ең бастысы Мысыр әскерінің елге тұтқиылдан басып кірген басқыншыларды жеңуі. Бұл 1973-жылы 6-қазан, мұсылманша рамазан айының оны күні еді. Дұшпандарға әлемдегі алпауыт елдер көмектесті. Соған қарамастан, Алланың қалауымен, көмегімен мұсылман қолы жеңіске жетті.

Мүбәрак ай тарихта осындай жеңістермен айшықталыпты. Мекке ашылған соң Пайғамбар (с.а.с.) сахабаларына: «Алдымызда ең үлкен жиһад тұр. Ол – нәпсі жиһады», – деген екен. Олай болса, Жаратқан Ие баршамызды осы рамазан айындағы жиһадтың ең үлкені нәпсі жиһадында жеңіске жеткізсін!

Шымкент қаласы орталық мешіті

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38