Күн көзі жылып, осы наурыз айынан бастап әрбір пенденің тіршілігін бастайтыны белгілі. Мысалы, егін егу, құрылыс жұмыстары, сондай-ақ, сапарға шығу, үйлену алдында немесе сауда-саттық бастау, т.б. алдын жасалатын амал болып табылады. Сондықтан әрбір істі бастаудан алдын истихара намазын оқығаны абзал.
Истихара дегеніміз – бір нәрсенің қайырлы болуын тілеу. Шариғаттағы мағынасы, бір іске аяқ баспас бұрын, көңілдегі күдікті сейілту үшін, ең дұрыс таңдауды Алладан намаз оқып немесе арнайы дұға айтып тілеу.
Истихара – ардақты Пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) үмметіне үнемі кеңес ететін сүннеті. Һәйсәмиде риуаят етілген бір хадисте Алла Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Адам баласының шаттығының бірі – Аллаға истихара жасау», – дей отырып, истихараның маңыздылығын көрсетеді (Әл-Һайсәми, Мәжмуғуз Зәуәид «Бәбуль Истихара» – 3669 хадис.).
Бір іске истихара жасайтын адам екі ракәғат нәпіл намаз оқып, сәлем бергеннен кейін истихара дұғасын айтады. Сахих Бухариде келген бір хадисте сахаба Жәбир ибн Абдулла былай дейді: «Алланың Елшісі бізге истихараны Құран сүрелерін үйреткендей үйрететін: «Сендерден әлдекім бір іске ниет білдірсе, парыз намазынан бөлек, екі рәкағат намаз оқысын да мына дұғаны айтсын: «Ей, Раббым! Маған іліміңнен игілік бергейсің. Құдіретіңмен мені қуатты еткейсің. Кең пейіліңмен мені қуанышты еткейсің. Расында менің құш-құдіретім жетпейді. Мен еш нәрсені білмеймін. Ал, Сен барлық нәрсені білесің, барлық нәрсеге күшін жетуші. Әрі Сен ғайыпты да толық көрушісің. Ей, Аллаһым! Егер бұл істі (дәл қандай іс болса, сол айтылады, мысалы некелесу т.б) дінімде, тіршілігімде, істерімнің соңында, мен үшін қайырлы десең, оны маған нәсіп ете гөр әрі маған ол істі оңай етіп, мен үшін берекелі ет! Ал, егер бұл істің дінімде, тіршілігімде, істерімнің соңында бұл істі мен үшін қайырсыз десең, оны менен алыстата гөр. Әрі мені де одан аулақ ет. Қай жерде болса да, мен үшін жақсылықты нәсіп ет, мені сол жақсылықпен разы ете гөр» (Сахих Бухари – №1166-хадис).
Истихара намазын оқитын кісі фатихадан кейін қалаған бір сүресін оқуына болады. Алайда, ғалымдарымыз бірінші ракәғатта фатихадан кейін «кәфирун сүресін», ал екінші ракәғатта фатихадан кейін «ықылас сүресін» оқуды кеңес етеді.
Сондай-ақ, истихара жасар адамның көңілі бейтарап күйде, яғни жаңағы іске байланысты ешқандай шешімді қабылдамауы тиіс. Себебі, іштей бір шешімге келіп қойған кісіге мәселенің шын мәні жасырын қалуы мүмкін.
Истихара жасағаннан кейін, діттеген ісінің хайырлы екендігі қалай белгілі болады?
Истихара жасағаннан кейін діттеген ісі қайырлы болса, жүрегінде сол іске деген сүйіспеншілік, көңіл хошы (бірақ нәпсіқұмарлық басқа!) туындайды. Ал, қайырлы болмаса, ол іске деген жүрегінде ешбір қалау туындамайды. Жүрекке ештеңе сезілмеген жағдайда, истихараны жеті рет қайталауға болады. Өйткені, Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Ей, Әнәс, егер бір іске ниет етсең, Рабыңа жеті рет истихара жаса. Кейін жүрегіңде туындағанға қара. Күмәнсіз қайыр жүректе!», – дегендігі риуаят етіледі.
Бірақ, бұл хадис истихара нәтижесі шартты түрде жүрекке ғана білінеді деген сөз емес. Алла Тағала кейде ол іс қайырлы болса, оған жету жолын жеңілдетіп қояды. Егер қайырсыз болса, одан сізді алыстатып, өзі разы болатын одан да абзалын нәсіп етуі мүмкін. Истихара дұғасында келген «оны менен алыстата гөр. Әрі мені де одан аулақ ет» деген тілектің де астарында осы жатыр.
Истихарада намаз оқымай, тек дұғасын ғана оқуға да болады (Әл-Маусуғатуль фиқһия – 3/242-247 бет).
Мұхамеджан Естеміровтың
«Наурызнама» кітабынан үзінді