Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жомарт жан болды. Кім не сұрап келсе де, қолындағы барымен бөлісетін. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Рамазан айында тіпті ерекше жомарттық жасайтын.
Айша анамыз (оған Алла разы болсын) Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жомарттығы жайлы былай деп баяндайды: «Алла елшісі өте жомарт болатын. Ал Рамазан айында одан да ерекше жомарттық танытатын». Айша анамыздың (оған Алла разы болсын) бұл сөзінен Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасиетті Рамазан айында сауапты амалдарды көбірек жасайтынын, дәлірек айтқанда, қасиетті айда ерекше жомарттық көрсететінін анық аңғарамыз.
Рамазан – жомарттық жасайтын ай. Бұл айда ізгі ниетпен жасалған әрбір амал Алланың құзырында қабыл болып, сауабы еселеніп жазылады. Жомарттық – мұсылманға тән сипаттың бірі. Ислам діні жомарттық жасаудың ең көркем үлгісін үйретеді. Асыл дініміз мұсылман баласын өзіне қажет бола тұра өзгенің қажетін бірінші орынға қоюға тәрбиелейді. Бұл – жомарттық жасаудың ең үлкен көрінісі. Өзі мұқтаж бола тұра өзгенің бақытты болуын қалайтын мұсылмандар, шын мәнінде бақытқа бөленеді.
Мына аят бізге біраз жайтты баяндайды: «Өз отбасы, ошақ қасында (Мәдинада) отырып иман келтіргендер, босып, қиналып келгендерге баспана беріп, қамқорлығына алғандар, өздері де мұқтаж бола тұра, өзгелерге берілген дүние-мүлікке ашкөздікпен, қызғана қарамайтындар, қайта солардың жағдайының дұрысталғанына қуана сүйсінетіндер, сараңдықтан бойын аулақ салған жандар түбінде, шын мәнінде бақытқа бөленетіндер!» («Хашр» сүресі, 9-аят).
Жомарттық жасаудың ең биік дәрежесі исар деп аталады. Бұл – өзіне қажет болса да, қолында барын өзгеге беру арқылы жасалған жомарттық. Ислам тарихын қарайтын болсақ, алғашқы мұсылмандар осындай жомарттық жасағанын көреміз. Мәдиналық мұсылмандар, яғни ансарлар Меккеден көшіп келген мұсылмандарға Алланың разылығы үшін көмектесіп, мал-мүлкін теңдей бөліп берген.
Біз Алла жолында жомарттық жасап, жақсылыққа үлес қосып, Оның разылығы үшін не жұмсасақ та жұмсаған мал-мүлкіміздің орнын Алла толтырады. Бұған шүбә келтірмеу керек. Өйткені Құрандағы: «Алла жолында не жұмсасаңдар да, Алла Тағала міндетті түрде оның орнын толтырады. Ол – ризық берушілердің ең қайырлысы» («Сәбә» сүресі, 39-аят) деген аят бізді жақсылық жасауға, барынша жомарттық танытуға жігерлендіреді.
Жомарттық – Аллаға, жәннатқа жақындататын ізгі амал. Бұл жайында Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Жомарт – Аллаға, жәннатқа және халыққа жақын, жаһаннамнан алыс. Сараң – Алладан, жәннаттан және ел-жұрттан алыс, жаһаннамға жақын».
Ойшыл Ахмет Иүгінеки бабамыздың жомарттық жайлы жазған мына сөзінде үлкен мән жатыр: «Егер мақтағың келсе, жомарт ерді мақта; барлық ер жомарттың жақсылығын айтады; жомарттық барлық айыптың кірін жуады; жомарт бол. Саған сөз де, сөгіс те келмейді; сөз келетін жолды жомарттық тыяды; жібімейтін көңіліңді жомарт кісі жібітеді; қол жетпейтін мұратқа жомарттың қолы жетеді; жомарттықты әрі зиялы, әрі қарапайым халық мақтайды; жомарт білімді жете меңгереді; жомарттың арқасында қорғансыздар жақсы өмір кешті; жомарт ер – халықтың құрметтісі; жомарттық абырой-атағыңды, ажар-көркіңді арттырады; жомарттық сені сүйіспеншілікке бөлейді». Біз бұл даналық сөзден жамарттық қасиет адам баласын екі дүниеде де бақытқа жетелейтінін түсінеміз.
Ислам дінінде жомарттық жасаудың өзіндік қағидасы бар. Біз Алла жолында не берсек те ең әуелі Оның разылығын көздеп, шынайы ықыласпен беруіміз тиіс. Бұл туралы Алла Тағала Құранда былай деген: «Жақсылықтан не берсеңдер де, өздерің үшін. Не берсеңдер де, тек Алланың разылығы үшін беріңдер. Ізгілік жолында не жұмсасаңдар да, бәрі өздеріңе толық қайтарылады және сендер әділетсіздікке ұшырамайсыңдар» («Бақара» сүресі, 272-аят).
Жомарттық жасаған сәтте аз беріп, қысып қалмау қажет. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Дорбаның аузын қыспа. Әйтпесе Алла да саған қысып (азайтып) береді» деп ескерткен.
Жомарттық жасаған кісі Алланың разылығы үшін жұмсап жатқан қолындағы мал-дәулетінің барлығы Құдайға тән екенін ескеруі керек. Шын мәнінде біздің қолымыздағы байлық Аллаға тиесілі. Төл мәзһабымыздың негізін қалаушы, ғұлама-ғалым Әбу Ханифа да қолы ашық, жомарт жан болды. Ол ғалымдарға, ілімге ден қойған шәкірттеріне көп көмектесетін. Жыл соңында табысынан артып қалған ақшаны ілім жолында жүргендерге таратып беретін. Сонда Әбу Ханифа былай дейтін: «Мына қаражатты қажеттеріңе жұмсаңдар. Алайда әрқашан Алла Тағалаға шүкір етуді ұмытпаңдар. Өйткені бұл дәулет маған тиесілі емес. Алланың рақым етіп, менің қолым арқылы сендерге жіберген несібесі».
Жомарттық жасаған кісі жасаған жақсылығын ешқашан міндет қылмауы тиіс. Бұл жайында Алла Тағала Құранда: «Сондай қайыр істегендер, бергендеріне міндетсу, ренжіту араластырмаса (беріп алып бұлданбаса, кейітпесе), оларға Раббыларының құзырында сыйлық бар. Сондай-ақ оларға қорқыныш жоқ әрі олар қайғырмайды» («Бақара» сүресі, 162-аят).
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өте жомарт жан болды. Ол біреу бірнәрсе сұраса «жоқ» деп айтуға ұялатын. Алла елшісінің қарт көршісі болатын. Намаз оқығанда киерге киімі болмай қалған көршісі бір күні қызын Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жіберіп, намаз оқыған кезде үстіне жабатын киім сұратады. Хақ елшісінің де үстіне жабатын артық киімі жоқ болатын. Соған қарамастан үстіндегі ұзын көйлекті көрші әйелге беріп жібереді. Намаз уақыты кірген сәтте үстінде киімі болмағандықтан, мешітке бара алмай қалады. Осы жайтты естіген сахабалар: «Алла елшісі сондай жомарт. Киімсіз қалып, мешітке келе алмай отыр. Біз де барымызды бөлісіп, кедейлерге таратып берейік» деген екен.
Өмірзақ қажы ҚАЗКЕНҰЛЫ, Қарағанды облысының бас имамы «Мұнара» газеті, №6, 2022 жыл