Қасиетті Рамазан айын құтты болсын! Қазақ халқында сақталған әдептілік дәрістерінен нағыз мұсылман ұстанымының көрінісін көреміз. Солардың бірі дастарханда отыру, тамақтану әдебі. Енді халық санасында сақталған сол әдептерді хадис шәрифтермен ұштастырып көрелік.
Дастарханға отырғанда Алланың атын ауызға алып, тамақты табақтың жақын жерінен оң қолмен алып жеу ата-бабадан келе жатқан дәстүрлі әдеп. Бұл Пайғамбардың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын.) өсиеттерінен алынған өнегелер.
Омар ибн Әбу Сәләмә (р.а.) былай дейді: «Маған Алланың Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, бала! Алланың атын атап, оң қолыңмен же. Өзіңе жақын жерден же», – деп айтты» [Бұхари мен Мүслім риуаят еткен.]. Асты ала бастағанда Алланың есімін айтуды ұмытып, кейіннен есінен түсірсе, «алдында да, аяғында да бисмилла» десе болады.
Мүміндердің анасы Айша (р.а.) былай дейді: «Алланың Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Егер де біреулерің тамақ жесе, «Бисмиллә» деп айтсын. Ал егер басында ұмытса, онда «Басында да, аяғында да «Бисмилла» деп айтсын», – деп айтты» [Термези риуаят еткен.].
Асқа сол қолын салған балаға үлкен кісілер оң қолмен жеуді үйреткен. Бұл келесі хадистен алынған тағылым болып саналады.
Ибн Омардан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Қайсыбірің тамақ жесе, оң қолымен жесін, ішсе де оң қолымен ішсін. Шындығында, шайтан сол қолымен ішіп, сол қолымен жейді» [Мүслім риуаят еткен.].
Осы тұрғыда оң жақ пен сол жақ жайындағы халық ұғымы мен мұсылмандық дәстүрдегі пайымды түсіндіріп өтудің реті келіп тұр.
Оң жақты жақсы көру. Халқымызда барлық істерді оңшылдықты жақсы көру үрдісі бар. Игілікті іс бастағанда «Іс оң болсын!» деп тілек тілеген. Мейрам-мерекеде «Ұлыс оң болсын!» деп құттықтаған. Әрбір істі оң жақтан бастағанды дұрыс көрген. Адамдармен амандасқанда оң қолмен амандасқан, бірдеңе бергенде немесе алғанда оң қолмен, оң жақтан бастаған. Үйге кіргенде оң аяқпен кірген. Жаңа түскен келінді босағадан оң аяғымен аттатқан. Алғаш қадам басқан балаға, жаңадан келген кісіге «Қадамың оң болсын!» деген тілек айтқан. Жағымды нәрсені «оңды» деп бағалаған. Жалпы, оң жақты жағымды, ал сол жақты теріс, жағымсыз деп ұғынған. Бұл ұғымның мұсылмандық ұстанымға қатысы бар. Құран Кәрімде Уақиға сүресінің 27-аятында жұмақтықтар «оң жақ иелері» деп сипатталған. Хаққа сүресінің 19-шы, 25-ші аяттарында жұмақтық пенденің амал дәптері оң жағынан беріліп, ал тозақтықтың амал дәптері сол жағынан берілетіндігі айтылған.
Сондай-ақ, Пайғамбар (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) әрбір істі оң жақтан бастағанды ұнатқан әрі үмбетіне де солай үйреткен.
Айша анамыздың (р.а.) айтуынша Аланың Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) дәрет алғанда да, аяқ киім кигенде де, шашын тарағанда да оң жақтан бастағанды ұнататын [Бұхари, Мүслім, Нәсәи риуаят еткен ].
Айша анамыз (р.а.) былай дейді: «Алла Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) оң жақтан бастағанды жақсы көретін. Оң қолымен беріп, оң қолымен алатын. Барлық істерінде оңшылдықты жақсы көретін» [Нәсәи риуаят еткен.].
Қорыта айтқанда, дастарханымыз мол, береке мен бірлік, ел аман жұртымыз тыныш болғай!
Нұржан Қасымбеков, Шымкент орталық мешітінің найб имамы