Қасиетті  аяттар мен хадис шәрифтерде ұрпақ тәрбиесінің тым әріден – үйленбестен бұрын болашақ балаларына жақсы ана, өзіне жақсы жар болатын әйел затын таңдаудан басталатындығы айтылады.

Ең басты тәрбие – имани тәрбие

Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді:

«Уа, иман келтіргендер! Өздеріңді және отбасыларыңды отыны адамдар мен тастар болған оттан (тозақ отынан) құтқарыңдар» “Тахрим” сүресі 6, аят.

Осы аяттың тәпсірінде мынадай риуаяттар келтіріледі. Бір кісі Әли ибн Әбу Талибтен (Алла оған разы болсын)мұндағы «өздерін және отбасыларын оттан құтқару» туралы сұрағанда ол: «Оларды жақсы тәрбиелеу әрі білім үйрету», – деп түсіндірген.

Ал Хасан Басри: «Аллаға мойынсұнуға бұйырып, ізгілікті үйретіңдер», – деген.

Омардың (оған Алла разы болсын)халифалығы кезінде бір адам оған ұлын ерте келіп:

“Ей, мұсылмандардың әміршісі.

Мынау – менің ұлым. Өзіме қарсы шығып, жапа шектірді”– деп шағымданады. Сонда Омар (оған Алла разы болсын)балаға қарап:

“Құдайдан қорықпайсың ба? Баланың ата-анасына қарсы шыққанын қайдан көрдің?

Ата-ананың ақысын білмеуші ме едің ?”– деп зекиді. Бала еш қаймықпай:

“Әміршім, айтып тұрғаныңыз әке-шешенің ақысы. Ал баланың ақысы жоқ па?”– деп сұрайды. Омар (оған Алла разы болсын ):

“Иә, ата-анада баланың да ақысы бар. Ең әуелі үйленерде баласына ана болатын жақсы жар таңдауы тиіс.

Тәрбиесіз қызға үйленсе, болашақта туылатын балаға қиянат жасаған болады. Ал баласы туылғанда оған жақсы ат қоюы керек. Сосын ес білгенде оған Алланың кітабы – Құранды үйретуі керек” – деп санап береді.

Мұны естіген бала: “Уа, мұсылмандардың әміршісі! Әкем жоғарыдағы айтқандарыңыздың ешбірін орындаған жоқ.

Біріншіден, менің анамды құл базарынан сатып алған. Оның өткен өмірі белгісіз. Екіншіден, маған қара қоңыз деген мағына білдіретін “Жуал” деген нақұрыс ат қойған.

Үшіншіден, Құраннан бір әріп те үйретпеді”, – деп зарлап қоя бергенде Омар (оған Алла  разы болсын) баланың  әкесіне бұрылып:

“Балаңның қиянат жасағанын айтып шағымданасың. Негізінде, сен оған қиянат жасағансың. Бұл қателік алдымен өзіңнен кеткен. Енді амал жоқ. Бар, жолыңды тап”,– деп шығарып салады. Сондықтан да ізгі ұрпақ болуын қалаған жан ең әуелі балаға жақсы ана таңдауы, сосын жақсы есім қоюы, жақсы тәрбие беруі керек.

Сәби ештеңе жазылмаған таза ақ парақ сияқты. Оны ата-анасы тәрбиелеп, не салихалы мұсылман етеді, не тәрбиесі кемшіндеу адам етіп шығарады.

Әбу Һурайрадан (оған Алла разы болсын)Пайғамбарымыз ( оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)былай деген: “Әрбір туылған сәби фитрада (“әуелгі таза болмыста”– яғни, ешнәрседен бейхабар пәк болып) туылады. Сосын оны әке-шешесі не яһуди, не насара, не отқа табынушы мәжуси етіп шығарады”.

(Бұхари риуаят еткен).

Әбу Насыр әл-Фараби айтқандай: 

 “Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берген білім – адамзаттың қас жауы, ал келешекте оның өміріне қауіп әкеледі”.

Мұсылмандық тәрбие дегеніміз-  кәлима шәһәдаттан басталып, Хақ Тағаламен қарым-қатынас, басқа адамдармен қарым-қатынастарды, дүниелік һәм ахиреттік мүдделерді қамтиды.

Ең алдымен иман шарттарын, сосын мұсылмандық әдептерді, дұрыс амандасуды, ата-ананы сыйлауды, ағайынмен, достармен, басқа жандармен жақсы мәміледе болуды үйретеді.

Обал-сауапты, адал мен арамның ара-жігін көрсетіп, оңы мен солын танытады. Ал балиғат жасына жеткенде намаз оқуға бұйырады.

Балаларды сүйіспеншілікпен тәрбиелеп, махаббат нұрын жаудыру әр ата-ананың міндеті.

Бір хадисінде Пайғамбарымыз ( оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)былай дейді:

“Кімде-кімнің қыз баласы болып, оған жақсы тәрбие берсе, жетерліктей ішіп-жегізсе, Алла Тағаланың берген нығметінен молынан берсе, ол қыз оған береке кіргізеді, әрі тозақтан құтқарып, жәннатқа кіруге себепкер болады” (Табарани риуаят еткен).

Ізгі ұрпақ пенденің артында қалдыратын ең жақсы нәрселерінің бірі. Ұрпағы ол дүниеден өткенде игілікті істерін жалғастырады, атын өшірмейді әрі артынан үздіксіз дұға тілеп тұрады.

Оған дәлел мына хадистер:

Әбу Һурайрадан (оған Алла разы болсын)риуаят етілген хадисте Алланың елшісі Пайғамбарымыз ( оаған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) :

“Адам өлгенде оның үш нәрсесінен – тоқтаусыз садақасы (мысалы, құдық, көпір, медресе) немесе пайда келтіретін білімі (таратқан білімі) немесе артынан дұға қылатын игі жақсы баласынан басқа барлық амалы тоқтайды”,– деген.

(Мүслім риуаят еткен).

Тағы бір хадисінде:

Әбу Һурайрадан (оған Алла разы болсын.)жеткен риуаятта Пайғамбарымыз ( оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)былай деген:

“Бір (қайтыс болған) пенденің дәрежесі көтеріледі. Сонда ол: “Уа, Раббым! Бұл маған қайдан келді?”– дейді. Сонда (Раббысы): “Бұл сенің артыңдағы балаңның саған истиғфар (кешірім) тілеуінен»,”– дейді”.

(Имам Ахмет риуаят еткен).

Алла Тағала бізді және ұрпақтарымызды салихалы  мүмін-мұсылман етсін. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын.

Осындай Қасиетті Рамазан айында ұл қыздарымыздың тәрбиесіне қатты мән беруді ұмытпайық.

Үлкендерді құрметтейтін Иманды , білімді , парасатты жастарымыз көп болсын.

Шымкент қаласы, Абай ауданы  «Жастар ісі секторы» «Темірші ата» мешітінің имамы  Ербол Тастанбекұлы

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38