Рамазан айынан бір күн бұрын, кешкі құптан намазынан соң тарауық намазы оқыла бастайды.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Рамазан айында шынайы сеніммен әрі ықыласпен түнді намаз оқып өткізген адамның бұрынғы күнәлары кешіріледі», – деген (Бүхари, Муслим). Рамазан айында әр күні құптаннан кейін, үтірден бұрын тарауық намазын оқу еркек және әйел адам үшін – сүннет.

Тарауық намазы 20 ракағаттан тұрады. Әр екі ракағаттан кейін сәлем береді. Төрт ракағат етіп оқыса да болады. Жалғыз оқыса да дұрыс, бірақ жамағатпен оқығанның сауабы зор. Тарауық намазымен бірге үтір намазы да жамағатпен оқылады. Имам тарауық намазы мен үтір намазының қирағатын дауыстап оқиды. Құныт дұғасын имам да, жамағат та іштей оқиды («Фатху бабил-ғиная», 1/460-461).

Екі ракағат тарауық намазына былай ниет етеді: «Ниет еттім 2 ракағат тарауық намазын өтемекке, ұйыдым осы имамға, хаалисан лилләәһи тәғааләә, Аллааһу акбар». Әр төрт ракағаттан кейін сәл отырып демалу – сүннет. Демалып отырған кезде әдетте бір адам үш рет мына тәсбихты оқиды, қалғандар оны тыңдап отырады:

«Субхаанә зил-мүлки уәл-мәләкуут, субхаанә зил-ғиззати уәл-азомәти уәл-құдрати уәл-кибрияа-и-уәл-жәбаруут, субхаанәл-мәликил-хайил-ләзии ләә ямуут, суббуухун құддуусун раббул-мәләәикәти уар-руух, ләә иләәһа илләллааһу нәстағфируллааһ, нәсъәлукәл-жәннәтә уә нәғуузу бикә минән-нәәр».

Мағынасы: Жердегі және аспандағы жаратылыстардың иесі – Алла Тағаланы әрқандай кемшіліктен пәк деп білемін. Үстемдік, ұлықтық, құдірет және жоғары мәртебелік иесі – Алла Тағаланы әрқандай нұқсаннан пәк деп білемін. Еш өлмейтін, мәңгі тірі, бүкіл әлемнің патшасы – Алла Тағаланы әрқандай айыптан пәк деп білемін. Ол мін-кемшіліктерден пәк әрі таза, періштелердің және Жәбірейілдің Раббысы, бір Алладан басқа құдай жоқ. Біз Алла Тағаладан күнәларымыздың кешірілуін сұраймыз. (О, Жаратқан Иеміз!) Сенен жәннатты сұраймыз, Саған тозақ отынан құтқар деп сыйынамыз («Хашияту ибн Абидин», 2/49).

Тәсбихты үш рет оқып, соңында «Йа, Архамар-Раахимиин!» деп аяқтайды. Бесінші тәсбих оқылғаннан кейін: «Уа, Алла, Мұхаммедті және оның қауымын рақым етіп, аман қыла гөр. Уа, Алла, бізді иман зейнетіне, тура жол және танымдық шарапатына бөле, Рамазан айының оразасымен сыйла, бізге жәннатты нәсіп ет, күнәларымызды кешір. О, пәк Алла, біздің оқыған тарауық намазымызды қабыл ет. О, рақымды әрі бізге сұрамастан алдын ала беретін Алла, Өзіңнің кеңшілігіңмен әрі жомарттығыңмен біздің дұғамызды қабыл ет! О, аса рақымдылардың рақымдысы! Барлық жақсылық Сенің рақымыңмен ғана» деп тарауық намазын аяқтайды.

Тарауық намазының әр ракағатында «Фатиха» сүресінен соң бір қысқа сүре оқылады. Әдетте Құран Кәрімнің ең соңғы 10 сүресі оқылады. Бірақ, Рамазан айы ішінде Құранды басынан бастап, аяғына дейін толық бір рет оқып шығу – сүннет.

Тарауық намазын құптан намазынан кейін оқу – сүннет. Сондықтан құптан намазына үлгермеген адам алдымен құптан намазының парызы мен сүннетін оқып, одан соң тарауық намазына қосылады. Тарауық намазының қалған ракағаттарын және үтір намазын кейін өзі жалғыз оқып бітіреді. Тарауық намазының қазасы оқылмайды («Фәтауаи Татархания», 1/421).

 

Хасан АМАНҚҰЛ

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38