Пітір садақасы қажеттілігін қоспағанда, мал-мүлкі нисаб[1] мөлшеріне жеткен әрбір мұсылманға беруі – уәжіп[2]. Ол – оразаның қате-кемшіліктерін толтыратын, Құдайға шүкіршілік ету үшін берілетін және кедейлерді қуантатын садақа.
Ибн Омардан жеткен хадисте былай дейді:
فرض رسول الله زكاة الفطر من رمضان صاعا من تمر أو صاعا من شعير على العبد الحر والذكر والأنثى والصغير والكبير من المسلمين وأمر بها أن تؤدى قبل خروج الناس إلى الصلاة
«Алла елшісі Рамазан айында пітір садақасын әрбір азат мұсылманға, ер мен әйелге, үлкен мен кішіге бір сағ құрмадан немесе арпадан беруді міндеттеді. Әрі оны адамдар Айт намазы басталмай тұрып өтеуді әмір етті»[3].
Ибн Аббастан (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте:
فرض رسول الله صلى الله عليه وسلم زكاة الفطر طهرة للصائم من اللغو والرفث وطعمة للمساكين
«Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пітір садақасын беруді Рамазан айындағы ораза кезінде жіберілген қателіктерді тазарту үшін әрі міскіндерге бір той болу үшін міндет еткен» [4], – делінген.
Тұрмысы нашар, яғни артық мал-мүлкі нисаб мөлшеріне жетпеген кісі пітір садақа беруге міндетті емес, сауап үшін беріп жатса, өз еркі. Қайтыс болған адамдарға, ана құрсағындағы балаға пітір садақа берілмейді.
Пітір садақаның мөлшері бидай немесе ұн және мейізден – жарты сағ (2 кг), ал арпа мен құрмадан – бір сағ (4 келі), яғни осылардың ақшалай құны беріледі[5].
Бидайдың 2 келісі – 310 теңге.
Ұнның 2 келісі – 500 теңге.
Арпаның 4 келісі – 630 теңге.
Мейіздің 2 келісі – 4990 теңге.
Құрманың 4 келісі – 9135 теңге.
Әр адам мүмкіндігіне қарай жоғарыдағы көрсетілген өнімдердің қалаған бір түрінен пітір садақа берсе, мойнынан міндеті түседі.
Қазіргі таңда тұтынушалыр арасында бидайдың өзі емес, ұн, талқан секілді оның өнімдері кеңінен қолданылады. Сол себепті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пітір садақасы құнын ұнмен есептеуді негізге алады. Өйткені шариғатта бидаймен қатар оның өнімдерімен де пітір садақа беруге рұқсат етіледі.
Пітір садақа берудің уәжіп уақыты – айттың бірінші күні. Пітір садақаны Рамазан айының бірінші күнінен бастап беруге болады[6]. Уақытында бере алмаған жағдайда Айт намазынан кейін берсе де болады. Алайда пітірді Айт намазына дейін беру – мұстахаб.
Осыған орай 2022 жылғы Рамазан айында бір адам үшін берілетін пітір садақа мөлшері 2 келі ұнның нарықтағы орташа бағасымен есептеліп, 500 теңге етіп белгіленді. Дегенмен бай, ауқатты адамдар пітір садақаны 2 келі мейізбен (4990 теңге) немесе 4 келі құрмамен (9135 теңге) бергені жақсырақ. Ал підия мөлшері – бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы. Оның биылғы мөлшері 3000 (үш мың) теңге болып бекітілді. Бұған шамасы келмегендер оразаның әр күніне пітір садақасының құнын береді.
Сансызбай ШОҚАНОВ,
ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти,
Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі
[1] Нисаб – шариғат бекіткен байлықтың зекет беруге жеткен ең аз мөлшері. Яғни дүние-мүлкі күміс нисабына (595 гр) жеткен адам пітір садақа беруі керек.
[2] Әл-ихтияр ли тағлили әл-мухтар, 1/387.
[3] Бұхари, №1503.
[4] Әбу Дәуіт, №1609. Ибн Мәжа, №1827.
[5] Әл-Һидая шарху бидаяту әл-мубтади мәғә шархи әл-әлләмәти Абдулхаи әл-Ләкнәуи, 2/235. Мухаммад Мәжид Итр, әл-муфассал фи әл-фиқһ әл-ханафи, 285. Әл-Фәтәуа әл-һиндия, 1/210-211.
[6] Фәтху бәби әл-инәя, 1/554.