Белгілі әдебиет танушы, тілші ғалым Ахмет Байтұрсынов: «Бата – біреуге алғыс бергенде айтылатын сөз» – деген. Кең пейілді қазақ халқы қашан да алғыс айтудан қашпаған. Халық арасында «Алғыс – бата» деген ұғым бар. Көпті көрген ақсақалдар жастарға алғысын білдіріп, жасаған іс-әрекеттеріне көңілі толып, батамды берейін, алғысымды білдірейін деген үлкен тәрбие бар. «Алғыс айту» – халықтың жан ділі қуатты болмысын дәлелдейтін, ризалық сезімін білдіретін бата-тілек. Алла Тағала Қасиетті Құранда «Лұқман» сүресі, 14-аятында: «Біз адам баласына ата-анасына барынша жақсылық жасауды бұйырдық. Анасы оны әлсіреген үстіне әлсіреп, қинала жүріп (тоғыз ай бойы) көтерді оның емшектен шығуы да екі жыл алады. Ендеше, (Уа, адам баласы!) маған және ата-анаңа шүкіршілік ет! Ақыр соңында Маған қайтасың (және істеген істерің үшін жауап бересің)» – деген. Келесі Қасиетті «Рахман» сүресі, 60-аятында: «Ия, жақсылықтың қарымы дәл сондай жақсылық емей немене?!» Ал енді Алла Елшісі Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Кім адамдарға (жақсылықтарына) алғыс білдірмесе, Аллаға шүкіршілік етпегені» (Әбу Дәуідтің сунанында келген, Сахих тізбекпен) Келесі хадисінде Алла Елшісі Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Кім де кім азға шүкір етпесе, көпке де шүкірсіз болады. Ал, кім адамдардың (жақсылықтарына) алғыс айтпаса, Аллаға да шүкірсіз болғаны. Алланың нығметтерін айтып жүру шүкірліктің белгісі, оны жасыру, яғни Алланың нығметтерін жоққа шығару – күпірлік. Ауызбіршілікте болу – мейірім, ал бөліну – азап» (Имам Ахмадтың муснадінда келген). Мүмкін болып жатса жақсы сөз айтудан жалтарып қалмау керек. Бұл – алдымен әдептіліктің белгісі. Ізгілер сөздерінен: Хәзіреті Омар ибн әл Хаттаб (оған Алла разы болсын) былай деген: «Егер біреу өзінің бауырына: «Алла сені игілікпен жарылқасын», – деп айтқан сөзіне не берілетінін білсе, сөзсіз бір-біріне бұл сөзді өте көп айтар еді». Имам Хатаби (Алла Тағала рақымына бөлесін): «Кімде-кім адамдардың жасаған жақсылықтарына алғыс білдірмесе, Алланың нығметтеріне шүкірсіздік танытқаны және оны жасырғаны әрі мойындамағаны» – деген. Нақыл сөздер:
- «Қонағыңның алтынын алма, алғысын ал»
- «Алтын деген жер сыйы, алғыс деген ел сыйы»
- «Жақсының қадірін білмегеннен, жақсылық кетеді»
1- Наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-бірін және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған Қазақ халқына алғыс айту күні ретінде аталып өтілуде. Кез-келген мұңайып тұрған адам жылы сөзді ести сала, көңілі жібиді, жадырап шыға келеді. Адам баласы өзіне жақсылық жасаған, сондай іске себепкер болған адамға да өзінің алғысын, рахметін айтып жүруі тиіс. Алғысын айтып үлгере алмаса да жақсы ниетпен, ізгі тілегімен өзгелерге айтып жүруі керек. Қорытындылай келе Алла Елшісі Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Муаз ибн Жәбәл (оған Алла разы болсын) есімді сахабаны Йемен қаласына аттандырып жатқан сәтінде үйреткен дұғасымен аяқтауды жөн көрдік. Бата: «Уа, Алла Тағалам сені тұрақты еске алуға, саған шүкір етуге және саған көркем құлшылық жасауға жәрдем бер».
Шымкент қаласы бойынша өкілдігі Абай ауданы, «Темірші ата» мешітінің Имамы Ербол Тастанбекұлы Қалшабеков