Біз ағаның алдынан кесіп өтпеген, үлкенге құрметі, кішіге ізеті дайын тұратын бабалардың ұрпағымыз. Қазақ халқы қай кезде де сабырын серік етіп, дала заңының тәртібіне бағына білген.
«Ашу бар жерде ақыл тұрмайды. Алдын ашсаң, арқырар, Ашу деген – ағын су, Ақыл деген – дария, Алдын тоссаң, тоқырар» деп Әйтеке бабамыз айтып кеткендей, қандай жағдайда да алдымен санасын ақылға жеңдіретін халықпыз. Бұл қасиеттердің артында даналардың сөзіне бас иіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын, бабалар заңынан аттап өтпейтін, тәртіптің қағидасы байқалады. Ибн Маджадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз с.а.с.«Адамдардың жақсысы – құқықтарды сақтауда жақсысы болып табылатындар» деген. Мүслимен жеткен тағы бір хадисте «Мұсылманның жақсысы – оның тілі мен қолдарынан өзге адамдар зиян көрмейтіні» делінген. Асыл дініміздің тайға таңба басқандай етіп айқындап берген тәрбиесінен таймай амал ету әрбір адамзат баласының міндеті. Қасиетті Құран кәрімнің Шұра сүресінің 30 аятында Алла тағала: «Сендерге келген әр бақытсыздық, өз қолдарыңмен істеп, тапқан күнәларыңның кесірінен. Солай бола тұра Аллаһ көпшілігін кешіреді, бақытсыздыққа ұшыратпайды» деп ескертеді.
Кез келген қоғамда көрініс табатын қиыншылықтарға сабыр ету, күрделі мәселенің шешімін табу жолында тәртіпке бағыну – үлкен нығмет. Бауыржан атамыз айтқандай: «Тәртіпке бағынған құл емес». Керісінше елдің тыныштығы мен берекесін қорғаудың амалы. Сабырсыздық жаппай тәртіпсіздікке алып келеді, оның соңы, жекелеген адамнан бастап тұтас қоғамға зиянын тигізеді.
Адамзат баласының Алланы тануы оған жасаған құлшылық әрекеттерімізде белгілі тәртіптермен орындалады. Тіршілігімізде ата заңымызға мойын сұну, жол ережелеріне амал ету, олай етпеген жағдайда өзіңеде, өзгегеде зиянын тигізеді.
Ата-бабамыз қандайда бір қиыншылық,жоқшылық замандардан біреудің ала жібін аттамай сабырлық пен төзімі, ақылы мен тәртібі алып шыққанын қалай ұмытайық.
Қайсібір қоғам болмасын әрқашан тәртіпке негізделгенде ғана қалыпты тіршілік етеді. Тәртібі жоқа болса, іштен бұзылып, құлдырайды, келешегінен айрылады. Сондықтан ұлтының болашағын, елінің келешегін ойлаған әрбір жанашыр азамат ең алдымен тыныштық пен сабырын сақтайды. Өз елінің заңына, тәртібіне бой ұсынады. Себебі жоғарыда айтып өткеніміздей тәртіпке бағыну құл болуды білдірмейді. Керісінше бейбітшіліктің тұғырын берік нығайтады. Қасиетті Құранның Ниса сүресіндегі 59 аятта: «Ей, мүминдер! Сендер Аллаға бойұсыныңдар, Пайғамбарға бойұсыныңдар әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне де. Егер, бір нәрсе үстінде талас-тартыста қалсаңдар, Аллаға және пайғамбарға жүгініңдер. Егер сендер Аллаға, ақырет күніне сенетін болсаңдар, осылай істеу әрі қайырлы әрі жақсы нәтижелі болмақ»,- деп ескертеді. «Адамдар басшысы мен ғалымдарын сыйласа жақсылықта болмақ. Егер (басшысы мен ғалымдарын) құрметтесе, Алла олардың дүниелік тіршілігі мен ақыреттік өмірін түзейді, ал егер оларды елемесе, онда олар өздерінің бұ дүниесі мен о дүниесін құртады», -деген екен Сахіл ибн Абдуллаһ әт-Тустари.
Төртінші халифа Әли ﴾ р.а.﴿ ел билеген тұста «хауариж» деген дінбұзар топ пайда болды. Олар елдің ішіне іріткі салып, тыныштыққа қауіп төндіріп, елдің берекесін ала бастады. Олардың негізгі дәлелі Құрандағы «Барлық билік Аллада. Ол әділ үкім етеді. Үкім жасауда Алладан артығы жоқ…», деп келетін «Әнғам» сүресінің 57-аяты еді. Яғни Алладан басқаның үкіміне бағынбаймыз дегенге келтірді. Сонда хз. Әли: «Иә, үкімді тек Алла шығармақ. Алайда, адамдарға тақуасы болсын, яки, тақуасы болмасын бір басшы қажет. Басшы мұсылман болса, айтылған үкімі орындалуға тиіс. Ал, мұсылман емес болса, құлақ асу қажет», – деп бүлікшілердің бетін қайтарды. Хз. Омар ибн Хаттабтың ұлы Абдулла Язид бин Муғауия халифалыққа сайланғанда: «Язид жақсы басшы болса, біз разымыз, жаман болса, сабыр етеміз», – деген. Ол кезде Муғауиядан білімі мен тәжірибесі, беделі мен көргені артық қаншама сахабалар болды. Бірақ олар билікке таласпады. Себебі олар үшін елдің тыныштығы маңызды еді әрі Исламда басшыға бағыну тәртібі парыз болатын.
Қорыта айтқанда еліміздің болашағы кемел болуы үшін бүгінімізді қалай өткізгеніміз маңызды болмақ. Елдің ертеңін, бүгінгі ұрпақтың жарқын болашағын ойлаған әрбір азамат заң шекберінен шықпай, таза ниетпен шынайы тілеулестік білдіргені жақсы. Береке мен бірлік бар жерден иман мен шапағат қашпайтынын түсінсек игі.
Әкбар қажы Шәкірбай мешіті имамы: Абдухаймов С.