Ибн Мәсғуд (р.ә.) жеткізген хадисте Хазіреті Пайғамбар ﷺ былай деген: «Расында шынайылық ізгілікке, жақсылыққа бастайды. Ал, ізгілік жәннатқа апарады. Бір адам шындықты көп айтса Алла Тағаланың алдында ол шыншыл деп жазылады. Өтірік бұзақылыққа әкеліп соқтырады. Ал, бұзақылық тозаққа апарады. Бір адам өтірік айта берсе, Алланың алдында өтірікші суайт деп жазылады».
Шыншылдық – мұсылманның сипаты. Ол – түбінде жәннатқа жетуге себеп болатын жақсы қасиет. Ал, өтірікшілдік – шайтанның амалынан, түбінде тозаққа түсуге себеп болатын қасиет. Бауыржан Момышұлы атамыз: «Өтіріктің балын жалап тірі жүргенше, шындықтың уын ішіп өлген артық» – деген. Ия, Алла тағала адам баласын ардақты етіп жаратты. Сол ардақтылыққа соққы болатын, жалғыз ардақтылыққа ғана емес пенденің толық адами қасиетін жоқ қылатын амал екен. Өмірімізде түрлі сынақтар, қателіктер болып жатады. Сол қателіктерімізді жасыру үшін өтіріктің балын жалап жүре бергіміз келеді. Алайда сол тәтті өтірік жинала келе беті ашылғанда үлкен бір жарылысқа айналады, әрине ол сәтте бәрі кеш болады. Өтірік, жалғандық пендені екі дүниеде де өкінішке түсіретін, Алланың алдында өтірікші деп жазғызатын күнә істіердің бірі. Иүгінеки Ахмед бабамыз: «Жалған сөз – ауру, шаншудай, Әділ сөз – шипа, жанға жай». – деген екен. Алла Тағала тілімізді өтіріктен сақтасын!
Шыншыл болу – Алланың разылығы, екі дүниенің бақыты. Пенденің адами ардақтылығын, тұлғалығын асқақтататын қаруы. Шыншылдық ізгілікке, жақсылыққа бастайды. Алланың алдында шыншылдардан болып жазылады. Ақырет дүниесінің бақыты, жәннатпен қуандырады. Құрметті ағайын дана халқымыз «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ дейді». Тіліміз тек шындықты, ақиқатты, әділдікті ту етсін.
Абзал Жауһари
Шымкент қаласы, «Имам ағзам» мешітінің найб имамы