Абдулхамид Қаттани мешітінде Шымкент қаласының бас имамы Бағдәулет Абдрахманов дін қызметкерлерімен мәжіліс өткізіп, алдағы уақытта имамдар түгел ревакцинациядан өтетінін және барша шымкенттіктерді індет қатерінен қорғану үшін қосымша екпе алуға шақырды.
— Шаһарда 88 мешіт бар, онда 259 имам діни қызмет көрсетеді. Бүгінгі таңда Шымкент қаласының мемлекеттік бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес мегаполистегі мешіттер бес уақыт намаз бен жұма намаздар үшін жабылды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының пәтуәсі бойынша өткен жылғы Рамазан айының алғашқы күндері қаладағы имамдар вакцина салдырды. Қоғамда көпшілікпен тығыз байланыста жұмыс істейтін болғандықтан екпе алу дін қызметкерлері үшін өте қажет. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, бұрынғы мамыражай күйімізге оралу үшін адамдар вакцина арқылы ортақ иммунитет қалыптастыруы керек, – деді Бағдәулет Нұрматұлы.
Бас имам Ислам діні вакциналау ісіне қарсы емес дегенді айтты. Оның пікірінше, керісінше, Құран Кәрім мен Пайғамбар хадистерінде адамдардың денсаулығын қорғауда көп өсиеттерді табуға болады. Мәселен, Мәида сүресінің 32-аятында Алла Тағала «Кім жазықсыз бір адамды өлтірсе, бүкіл адамды өлтіргенмен тең, ал кім бір адамды құтқарса, барша адамзатты құтқарғандай болады» дейді. Яғни вакцина алмай, індеттің таралуына себепші болып, өзгелердің денсаулығына, өміріне қауіп төндірген адамның күнәсі өте ауыр деген сөз. Сол секілді хадис-шарифте Алланың ардақты Елшісі Мұхаммед саллалаһу ғалейһи уа саллам «Адам екі нәрсенің қадірін білмейді. Ол бос уақыт пен денсаулық» деген. Демек, денсаулықты барында қадірлеп, аурудың алдын алу үшін бүгінгі медицина талап еткен барлық амал-әрекеттерді жасауымыз керек.
— Қоғамда екпеге қарсы сөз айтатын азаматтар баршылық. Ондайлар намазхандар арасында да табылады. Медицина мамандары екпе маңызды десе, демек шынымен солай болғаны. Әр саланың кәсіби маманына сенім артуымыз керек. Имамдар діни жоралғыларға жауапты, бірақ денсаулық мәселесінде тек медицина өкілдеріне иек артады. Нахль сүресінің 43-аятында Жаббар Жаратушымыз «Егер білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар» дейді. Бұл аят вакцина бойынша сауалға тікелей жауап болмағанымен, мұсылмандар әрдайым кез келген мәселеде сол саланың маманына жүгінуі қажет. Мұндайда қазақта «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген әдемі мақал бар емес пе?! Сондықтан ресми медицинаға бойұсыну, өз денсаулығын сақтау мұсылман баласы үшін уәжіп саналады, – деді Бағдәулет Нұрматұлы.
Осы орайда қаланың бас имамы мешіттерде барлық санитарлық талаптар қатаң орындалатынын жеткізді. Эпидемиологиялық ахуалға байланысты құлшылық үйлерінде адамдар 1,5 метр арақышықты сақтап намаз оқуға міндетті. Сонымен бірге, әр мешітте қолды өңдейтін санитайзерлер мен зарарсаздандырушы арнайы кілемшелер қойылған. Бұдан бөлек Бағдәулет Нұрматұлы жаназа намазын оқу кезінде және құдайы аста мейлінше санитарлық талаптарды бұзбауға шақырды.

© Әнуар ЖҰМАШБАЕВ

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38