С: Тігілген киім жайы қалай?
Ж: Ихрам жағдайындағы кісі ұмытып, яки әдейі не қателесіп болсын немесе еріксіз түрде кисін, үзірлі не үзірсіз болсын – тігілген киім кисе, жазасын өтеуі керек.
С: Оның жазасы қандай?
Ж: Тігілген киімді бір күн немесе бір түн бойы киіп жүрсе оған харам аймағында бір қой сою керек.
С: Егер бір күн немесе бір түннен аз кисе не болады?
Ж: Киген уақыты бір сағаттан асатын болса бидаймен т.б. тағамдармен пітір садақасы сияқты садақа беру керек. Егер бір сағаттан аз болса бір уыс бидай береді.
С: Егер бірнеше күн және түн кисе жазасы еселене ме?
Ж: Жоқ, бәріне бір қой сойса жеттеді. Ал, бір-екі күн кигеніне бір қой сойғаннан соң тағы да кисе, не тастамай киіп жүрсе, онда жазасына тағы да бір қой союы тиіс.
С: Егер бір күнде тігілген киімнің көйлке, шалбар сияқты бірнеше түрін кисе жазасы көбейе ме?
Ж: Жазасы көбеймейді. Мұның барлығы үшін бір қой сойса жетеді.
С: Көйлекті шалбар орнына, шалбарды көйлек орнына кисе жазасы қандай болады?
Ж: Оған жаза жоқ. Өйткені тыйым салынған нәрсе – тігілген киімдерді әдеттегідей кию.
С: Ихрам киімі ретінде шеттері тігілген жамылғы оранса жазасы қалай болады?
Ж: Оған ешқандай жаза жоқ. Өйткені бұл кәдімгі киімдер сияқты дене мүшелеріне арнайы тігілген киімдер емес. Негізі, ихрам жамылғыларының тігілмегені дұрыс.
С: Тігілген және әтір себілген киімді бір күнде киіп жүрсе оның жазасы қандай болмақ?
Ж: Тігілген киім киіп, әтір сепкені үшін екі жаза – екі қой союы қажет.
С: Егер аяғына мәсі, шұлық немесе етік сияқты тігілген аяқ киім кисе не болады?
Ж: Бір күндей немесе бір түндей кисе қой союы керек. Бір күннен аз болса садақа береді. Мұнда аяқ киімінің екі тобықты жауып тұруы шарт.