Бүгін, Шымкент орталық мешітінде ҚМДБ-ның жеті бағыт жұмысы бойынша аудан бас имамдарының 2021 жылы атқарған есебі тыңдалды.
Есеп беру мәжілісіне Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет қажы Нұрматұлы, найб имамдар Мұсабек Ақтамберді, Ахметжан Керімбек, қала имамының кеңесшісі Бекайдар қажы Төлжанұлы, қалалық «Халал Даму» ЖШС-ның бақылаушы өкілі әрі найб имамы Қазыбек Сарыбаев, Қажылық және «Darhan Dala» жобасының қалалық өкілі әрі іс басқарушы Азамат Әбдікерімұлы, қалалық «Зекет және қайырымдылық» қоры мен жастар ісі секторының жетекшісі, Абай, Әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау аудан имамдары қатысты.
Есеп беру барысында Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет қажы Нұрматұлы тарапынан діни оңалту бағыты, діни сауат ашу және уағыз- насихат жұмыстары мен халал ісі бөлімі, әлеуметтік желі арқылы атқарылған жұмыстарды ширату туралы нақты тапсырма берілді.
Сондай-ақ, өкілдік тарапынан кураторлық ететін найб имамдар тарапынан бірқатар мешіт имамдарының жұмысының салғырттығына байланысты ескертулер мен сөгіс беру ұсынылса, ал керісінше жыл бойы нәтижелі жұмыс атқарған мешіт имамдарына алғыс білдірілді.
Биылғы жыл есеп балл қою арқылы жүзеге асырылды. Ең үздік ауданға Қаратау және Абай аудандары ие болды. Абай аудандық мешіттің бас имамы Бердалы Жәміш, «Бойы ата» мешітінің имамы Бейсенбай Жұмабаев, «Үсенбек ата» мешітінің имамы Бауыржан Мұстағаға отбасымен берге шипажайға жолдама берілді. Ал жылдың үздік қызметкері Азамат Әбдіркерімұлы мен бұрын қалада қызмет еткен ағамыздың еңбегі еленіп дінтанушы Мұхамеджан Естеміровке «Тауаф» қажылық компаниясы арқылы қасиетті Мекке-Мәдинаға Ұмра қажылық сертификаты табыс етілді.
Мәжілісі барысында 2022 жылы атқарылатын жұмыс жоспары таныстырылып, әрбір бағыт бойынша белсенді болуға шақырды.
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі