Бүгін, ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша өкілдігі мен Шымкент қаласының Дін істері басқармасы және Сарын Қоғамдық Қайырымдылық Қорының ұйымдастыруымен ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және «18 қазан – Рухани келісім күніне» орай діни конфессия өкілдері арасында Спартакиада басталды.
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша өкіл имамы Бақдәулет Әбдірахманов пен Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан сайыстың салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, командаларға сәттілік тіледі.
Шыңғыс Жұмабекұлы спорт бәсекесі арқылы түрлі діни конфессия өкілдері арасында келісім мен өзара құрмет бекемделе түсетінін атап өтті. Шымкент қаласында діни конфессия өкілдері саламатты өмір салтын насихаттап, спорт бәсекесінде бас қосуды дәстүрге айналдырған.
Игі шара, «Аламан» спорт кешеніндегі сайысқа қаладағы діни бірлестіктерден және басқармадан 10 команда қатысуда. Атап айтқанда, футбол, үстел теннисі және шахмат бойынша тартысты бәсекелер өтеді. 22 қыркүйек пен 15 қазан аралығында іріктеу турнирі өтсе, 15 қазан күні финалдық сайыстар ұйымдастырылады. 18 қазан күні жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталады.
Барлық қатысушылар ұйымдастырушылар атынан Алғыс хатқа ие болып, жеңімпаздарға құнды сыйлықтар мен кубок табысталады. Жарыс толықтай медициналық қызметкердің қатысуымен және карантиндік сақтық шараларын сақтай отырып, өткізіледі.
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі