«Алла бар. Одан басқа ешбір тәңір жоқ. Сондықтан мүміндер, Аллаға тәуекел етсін!»(«Тағабун» сүресі, 13-аят)
Құдыреті шексіз Жаппар Хақ барша дүниені, жансыз бен жандыны жоқтан бар етіп жаратқан соң, оларға тіршілік етуге лайықтап ризық-несібе бөліп, жүріп-тұруы мен тынығуы үшін күндіз бен түнді жаратты. Күндіз жарық та жылу үшін шуақты күнді, түні нұрлы болсын деп күнге шағылысқан айды көк төрінде жүздірді. Дана да Кемеңгер шексіз ғылым иесі Хақ тағала көк күмбезді кезеңімен кезген күн мен айды жылу мен жарық көзі ғана емес, мерзім мен мезгілдің ағымын реттеуші етіп қойды. Күннің шығысы мен батысы, айдың тууы мен толуы – адамзат баласы үшін тұрлаусыз уақыттың өлшемі, өлшеніп берілген өмірдің таразысы.
Жаратқан жалғыз Иеміз өз пендесіне білмегенін білдіріп, жалған өмірі жүйесіз болмасы үшін көптеген ғылымнан хабардар етіп, күн мен айдың көмегімен уақыт санағын жүргізуді үйретті. Әлмісақтан Ақыретке дейінгі өткінші өмірін жылдарға бөліп, бір жылды он екі айға бөліп, кейбіріне айдарлап ерекше қасиет пен қадір берді. Дінімізде жылсанақ он екі айдан құралатыны Құдай Сөзі Құранда анық айтылған. Олардың ішінде кейбірі ерекше ғибадаттарға лайықты әрі адамзатты Аллаға рухани жақын болуға жетелейтін қасиетті айлар болса, кейбірі тыйым салынған харам айлар болып бекітіліп қойылған. Он екі айдың әрбірі Алланікі, ал кіршіксіз Алла зұлымдықтан пәк.
إِنَّ عِدَّةَ الشُّهُورِ عِندَ اللّهِ اثْنَا عَشَرَ شَهْرًا فِي كِتَابِ اللّهِ يَوْمَ خَلَقَ السَّمَاوَات وَالأَرْضَ مِنْهَا أَرْبَعَةٌ حُرُمٌ ذَلِكَ الدِّينُ الْقَيِّمُ
«Расында Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың Кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардан төртеуі құрметті айлар. Міне осы берік дін» [1]
Алланың айларының ешбірі қасиетсіз, зұлым немесе зиянды болуы мүмкін емес. Мұсылман жұрты қолданатын ай жылсанағында бірінші ай Мұхаррам болса, одан кейін Сафар айы келеді. Исламға дейінгі жәһилиет жұрты, дінсіз қоғам бұл айды зұлмат айға балап, некелесуден, жолға шығудан, үлкен бір істерді бастаудан, жалпы Алланың өзі рұқсат еткен нәрселерден тыйып, кейбір маңызды амалдарынан бас тартатын болған екен. Өкінішке орай, Хақтан хабар келіп, әлемге Ислам, жүрекке иман орнықса да, әлі күнге дейін сол әдеттен арыла алмай Сафар айы деп сапардан бас тартушылар кездесіп жатады. Білімсіздіктен немесе ырымға деген ымырашылдығынан ба, біздің қазақ халқының арасында да осындай немесе осы іспеттес әркеттер кездесіп жатады. Кей ырымдар қазақтың өз ішінен шыққан болса, кейбірі басқа міллеттерден енген. Мысалыға; қара мысық кессе жол кесіледі, бос шелекпен өткен әйел кесапат әкеледі, мезгілсіз шақырған әтештің бәле шақырады, байғыз аттаған бақытсыз болады, иттің ұлығаны өлімге не қиындыққа деген сенімдер. Сол сияқты кей аймақта көптеп кездесетін мамыр айында үйленуге болмайды, кісі қайтқан үйде құрбан айтта құрбан шалынбайды, айттың алдында міндетті түрде бір орамал болса да кір жуу керек, мәйіт шыққан үйдің табалдырығына шеге қағу, қабірге мәйітпен бірге құлыптаған құлыпты көмсе өлім болмайды деген сияқты сенім де кездеседі. Қазақтың, «Халық ырым етеді, ырымы қырын кетеді» деген сөзі, көптеген ырымдар шариғаттың жолынан қырын кететінін меңзеген. Әрине, әдепсіздіктен, құрметсіздіктен тыю немесе дінде негізі бар ырымдар басқа.
Сафар айына келер болсақ. Сафардың сапарға еш қатысы жоқ. Арапша түпнұсқадағы «Сафар» (صفر ) араптың «сод» әріпімен жазылса, «сапар» (سفر ) да арап тілінен енген сөз, бірақ кәдімгі «с» яғни «син» әріпімен басталады. Әріп өзгерген соң, мағына да өзгереді. «Сафар» сөзінің түп мағынасы «сарғаю» деген яғни күз мезігілі деген мағынаға сәйкес.
Егер шындығында Сафар сәтсіздіктің айы болса, құлдарына ерекше мейірімді Алланың Өзі және Оның Елшісі Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүйікті асхабтарына, ардақты үмметтеріне бұл айдың қыр сырын түсіндіріп берген болар еді. Егер бұл ай сапарға қолайсыз болса, Пайғамбарамыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Сафар айында жорыққа шығып Хайбарды бағындырмаған болар еді. Егер осы айда некелесіп, отбасын құрғандар құрдымға кетер болса, Әзірет Әлі мен Фатима анамыздың дәл Сафар айында отау құрмаған болар еді. Маңызды істі Сафар айы жарамсыз етер күші болса әлі күнге дейін жаңғырып тұрған Мәдина қаласындағы қасиетті «Пайғамбар мешітін» осы айда тұрғызбас еді.
Әрбір мұсылман баласының толық иман келтіріп, шынайы мұсылман болуының алғы шарты жеті маңызды нәрсеге иман келтіріп, күмәнсіз сенуіне байланысты. Аллаға, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға, ақырет күніне, адамның басына келер жақсылық пен жамандық Алланың жазған тағдырынан екеніне және өлімнен кейін қайта тірілуге деген сенім иманның шарттарынан.
Ешбір пендені сырт айналып өтпейтін өмір сынақтарының Алланың тағдырынан екеніне иман келтірген мұсылман баласы, басына келген қиындықтар мен кедергілерді бір жаратылыс немесе ай мен күннің құбылысынан емес екенін біледі. Сафар айын сәтсіздікке балап маңызды істерін, жолсапарын кейінге қалдырып жүрген естияр адам, бала кезінде сөмкесін теріс ұстаса сабақтан екілік алатынан сенген баладан айырмасы болмайды. Құдай тағала Құран Кәрімде:
مَا أَصَابَ مِن مُّصِيبَةٍ إِلَّا بِإِذْنِ اللَّهِ وَمَن يُؤْمِن بِاللَّهِ يَهْدِ قَلْبَهُ وَاللَّهُ بِكُلِّ شَيْءٍ عَلِيمٌ
«Алладан бұйрықсыз ешбір қайғы-қасірет болмайды. Ал және кім Аллаға иман келтірсе, оның жүрегін түзейді. Алла барлық нәрсені толық білуші – деген аят, тағдырдың жаратушы бір Құдайдың қолында екенін білдіреді[2].
Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
عن أبي هريرة رضي الله عنه عن النبي صلى الله عليه وسلم قال: «لا عدوى، ولا طيرة، ولا هامة، ولا صفر
«(Алланың қалауынсыз) Жұқпалы ауру жоқ, құспен(ұшуына қарап) пал ашу жоқ, байғыз (қонған үйге бақытсыздық келуі) жоқ және сафар (айында ешқандай ырым) жоқ»[3] – деген. Жоғарыдағы аят пен кейінгі хадисті атамыз қазақ бір ауыз сөзбен «Құдайсыз қурай да сынбайды» деп қысқа да нұсқа түйіндейді.
Біз үшін жеті иманның әрбіріне сену парыз болғандықтан, сафарды ырымдап, тағдырды жоққа шығарып, иманымыздан ажырап қалу қауіпі те өте жоғары. Мұсылманның басты мақсаты мұсылман болып өмір сүру және мұсылман болып өту. Өйткені Жаратушы Жаппар иеміз:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اتَّقُوا اللَّهَ حَقَّ تُقَاتِهِ وَلا تَمُوتُنَّ إِلَّا وَأَنْتُمْ مُسْلِمُونَ
«Әй, мүміндер! Алладан шынайы қорқумен қорқыңдар да Мұсылман болған күйде ғана өліңдер» [4] – деп бұйырды.
Өткінші өмірімізді асыл дініміздің қағидаларына қатысы жоқ ырымдарға сенумен, өзімізді өзіміз буынсыз жерден байлап, тыйымсыз жерден тыймай, игі амал, жақсы сөз, сауапты істермен өткізгеніміз игі. Пайғамбарамыздың өзі жақсы сөзді жақсы ырымға балап, жамандық пен қорқыныш тудыратын ырымдарға қатаң тыйым салған. Раббымыз қасиетті Кәләмінда:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اتَّقُوا اللَّهَ وَقُولُوا قَوْلاً سَدِيداً . يُصْلِحْ لَكُمْ أَعْمَالَكُمْ وَيَغْفِرْ لَكُمْ ذُنُوبَكُمْ وَمَنْ يُطِعِ اللَّهَ وَرَسُولَهُ فَقَدْ فَازَ فَوْزاً عَظِيماً
«Әй, мүміндер! Алладан қорқыңдар да дұрыс сөз сөйлеңдер. Алла істеріңді оңалтып, күнәларыңды жарылқайды. Сондай-ақ кім Аллаға, Елшісіне бой ұсынса, әрине ол; ұлы табысқа ие болады» [5] – деп әмір етеді.
Қазақтың «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген мәтелінің төркіні де жоғарыда келтірілген Құран мен Сүннеттен бастау алғанын білдіріп тұр емес пе?!
Әнәс бин Мәлік (Алла одан разы болсын) Ардақты Пайғамбарымыздың мына сөздерін жеткізеді:
لاَ عَدْوَى ، وَلاَ طِيَرَةَ ، وَيُعْجِبُنِي الْفَأْل قَالُوا وَمَا الْفَأْلُ قَالَ كَلِمَةٌ طَيِّبَة
«(Исламда) Өздігінен жұғатын кесел, құспен пал ашу жоқ. Тек «Фәءл» ғана маған ұнайды» дегенде, жанындағылар: «Фәءл» деген не? – деп сұрады. Сонда адамзаттың асылы (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жақсы сөз» деп жауап берген екен.
Алла баршамызды иманға байытып, Исламмен кемелдендіріп, Өзінің хақ жолымен жүруімізді нәсіп етсін. Ырым етіп қырын кеткендердің емес, жақсы сөз, игі амал, сауапты істермен ғана саналы ғұмыр кешуімізді нәсіп еткей Раббымыз!
Қуаныш Жұмабайұлы, Ақмола облысының бас имамы