С: Қажылық жасаушы тауап жасап, Сафа мен Маруаның арасын жүгіріп өткен соң алдындағы аздаған күндері не амалдар істейді?
Ж: Ихраммен Меккеде тұра береді. Бәйтуллаға барған сайын тауап жасайды. Бес уақыт намазын жамағаттан қалмай, Харам Мешітінде оқиды. Өйткені бұл мешітте оқылған намаз басқа жерде оқылған намаздан жүз мың есе артық. Сегізгі күні болғанда Минаға қарай шығады.
С: Минаға жеткен соң не істейді?
Ж: Ертеңгі Арафа күніне дейін сонда қалып, бес уақыт намазын жамағатпен бірге оқиды.
С: Арафа күні не істейді?
Ж: Арафа күні таң атып, күн Сәбир тауы жағынан көтерілген уақытта Арафат тауына шығып, күн батқанға дейін сонда болады. Бесін уақыты кіргенде имам бесін мен екінті намаздарын біріктіріп оқиды. Намаздан бұрын
екі бөліктен тұратын хұтпа айтып, онда адамдарға қажылық рәсімдерін түсіндіреді. Бір азан екі қаматпен бесін мен екінті намаздарын біріктіріп оқиды. Бұл біріктіріп оқылатын намазға мұсылмандардың әмірі не оның орынбасарының имам болуы, хаждың ихрамы және бесіннің уақыты болу шарт. Бұл Әбу Ханифаның пікірі. Оның пікірінше өзінің шатырында жеке түрде немесе басқа жамағатпен оқыса екі намазды біріктірмей, бөлек-бөлек өз уақыттарында оқу керек. Ал, Әбу Юсуф жеке оқыса да біріктіріп оқиды деген.
С: Намаздан соң не істейді?
Ж: Намаздан соң Мауқифқа (тұратын орынға) барады. Арафат тауы түгелдей мауқифқа жатады. Тек Урана жазығы мауқифқа жатпайды. Ғұсыл алу, күн батқанша талмай дұға ету мұстахаб. Екінтіні имаммен оқымағандар осы аралықта оқып алады. Рахма тауына жақын түрегеп тұрып дұға ету мұстахаб. Дұғаны өзінің шатырында жасаса да болады. Көлігінің үстінде тұрып дұға қылып, адамдарға қажылықтың үкімдерін түсіндіру имам үшін мұстахаб іс.