С: Сафа мен Маруа таулары арасында қалай жүгіру керек?
Ж: Қажылық немесе ұмра жасаушы тауап жасап, тауаптағы екі рәкағат нәпілді оқып болған соң Қара тасқа барып тәу етеді. Сонан соң Сафа тауына барып, оған шығады. «Иннас-сафа уал-маруата мин шаъаириллаһ» – «Шындығында, Сафа мен Маруа Алла Тағаланың белгілерінен» деген аятта оқиды. (Бақара, 158). Бәйтуллаға бұрып «Аллаһу Әкбар! Лә иләһә иллаллаһ!» деп, Пайғамбарымызға (с.а.с.) салауат айтады. Алла Тағаладан қажетін сұрайды. Мұнда мына дұғаны үш рет оқу сүннет. «Лә иләһә иллалллаһ үахдаһу лә шәрикә ләһ ләһул-мулку уа ләһул-хамд уа һуа алә күлли шәйин қадир. Садақаллаһу уаъдаһу уа насара абдаһу һәзәмәл-ахзаба уахдаһу». Сосын Маруаға қарай жүреді. Бірінші жасыл белгіге жеткен соң екінші белгіге қарай «Раббиғфир уархам уа әнтәл-аъаззул-әкрам уа тәжәуаз ъамма тәъләм» деп тездетіп жүреді. Екінші белгіден асқанда қалыпты жағдайға көшіп, асықпай жүреді. Маруаға келіп, Сафада істегенін қайталайды. Осылайша екеуінің арасында бір жүріп өту бір айналымға жатады. Жеті рет жүріп өтеді. Сафадан бастап, Маруадан аяқтайды. Жүріп бара жатып Алланы зікір етіп, мадақ айтады. Екі жасыл белгінің арасында жылдамдығын күшейтеді. Әйел кісі жүгірмей, бірқалыпты жүреді.