Ислам дінінде көп балалы болудың артықшылығы нақтылы түрде айтылған.Өйткені ұрпақтың көптігі мұсылман үмбетінің көптігіне, ұлттың нығаюына себепші болады. Ал, бұл өз кезегінде Пайғамбардың (с.а.с.) өсиетін орындау әрі оның (с.а.с.) Қиямет күні басқа пайғамбарлар мен үмбеттерден биік тұруына жәрдем деген сөз, қала берді, Құдай Тағаланың разылығына жеткізеді.
Мағқил ибн Ясардан; «Бірде Пайғамбарға (с.а.с.) бір кісі келіп: «Мен текті әрі әдемі әйел таптым, алайда бала таппайды екен. Соған үйленейін бе?» – деп сұрайды. Пайғамбар (с.а.с.): «Жоқ», – деп жауап береді. Сосын әлгі кісі екінші жолы келеді, онда да тыйым салады. Үшінші мәрте келгенде Пайғамбар (с.а.с.): «Сүйкімді әрі көп бала туатын әйелге үйленіңдер! Басқа үмбеттерге (Қиямет күні) сендердің көптіктеріңмен мақтанатын болайын», – деген. (Әбу Дәуіт риуаяты).
Мал-жанның көптігі адамзат баласының болмысына жазылған. Тіпті, пайғамбарлардың өздері де ізгі ұлдарының көп болуын қалаған.
Әбу Һурайрадан жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.) былай деген: «Бірде Дәуітұлы Сүлеймен (а.с.): «Бүгін түнде жетпіс әйелге кірермін. Әрқайсысы Алла жолында күресетін жауынгерге жүкті болсын», – дейді. Сонда оның жолдасы: «Алла қаласа», – дейді. Алайда ол (Сүлеймен) оны айтпайды. Сонда олардың (әйелдердің) ешқайсысы да бала көтермей, тек жартыкеш түсік тастайды. Пайғамбар (с.а.с.) былай дейді: «Егер оны (яғни, «Алла қаласа» деп) айтса еді, (олар туылып) барлығы да Алла жолында күресер еді». Басқа риуаяттарда тоқсан әйел делінген, сол дұрысырақ. (Бұхари таратқан хадис).
Көп перзентті болып және соларға адал жолмен ризық іздеу – Раббының разылығына жеткізетін іс. Пайғамбар (с.а.с.) былай дейді: «Ғайыпты болжап айтудың күнә екені болмаса бес адамның жәннаттық болатыны туралы айтар едім:
- көп балалы пақыр кісі;
- күйеуі разы болған әйел;
- жарының жағдайына қарап қалыңмалын талап етпеген әйел;
- әке-шешесі разы болған бала;
- күнәсіне тәубе жасаған пенде».
Әдетте, жұбайлардың көп балалы болуларына кедергі келтіретін жайт – балалардың ризығын табу машақаты. Шынайы мұсылмандық сенім бойынша ризық беруші – бір Алла. Жер бетіндегі әрбір жан иесінің ризығын Жаратушы әу баста Өз жауапкершілігіне алған.
«Жер бетіндегі қандай жәндік болмасын, оның ризығы Аллаға тән. Ол олардың болатын орындарын және сақталатын орындарын біледі. Барлығы анық кітапта (жазылған)» (Һуд, 6).
Қазақтың «Бір қой егіз туса бір жусан артық шығады» дегені осыдан алынса керек.
Шымкент қаласы орталық мешіті