Elikteu

Elikteu

Еліктеу…
Латын тілінен аударғанда «біреудің мінез-құлқын көшіру» дегенді білдіретін бұл ұғымның күнделікті өмірімізде тіршілік ететінін біріміз білсек, енді біріміз оған мән бере бермейміз.
Адам баласы шырылдап, дүние есігін ашқаннан бастап осы құбылыстың жетегінде болады екен.Үлкендерден көріп, тамақты қасықпен жеуге, кесені өзі ұстауға, жүруге талпыну осы еліктеудің бір көріністері. Әлі дүниетанымы толық қалыптасып үлгермеген, оңы мен солының ара жігін ажырата қоймаған бала, егер, ата-анасы тарапынан дұрыс бағыт сілтенбесе, жақсыға да, жаманға да еліктегіш келеді. Бірі еліктеу идеалын ата-анасының бойынан тапса, енді бірі оны теледидардан не интернеттен қалыптастырып жатады.
Қазіргі қазақ қоғамында да еліктеудің рөлі ерекше болып тұр. «Қазақ еліктегіш халық», «нені болса, соны өзіне жапсыруға, біреудің қаңсығын таңсық көруге бейім» дейтін пікірлер көп. Әрине, бұл пікірлер негізсіз де емес – қазақ еліктеудің зардаптарын тартудай-ақ тартып келеді. Тарқатып көрелікші…
Арғысын былай қойғанда, көзіміз көрген Кеңес өкіметі тұсында біздер, балалар, ғарышкерлерге, Ұлы Отан соғысының қаһармандарына, қызыл партия саясаты үшін «зияны жоқ» қазақтың көрнекті тұлғаларына, оқыған кітаптарымыздағы көңілге қонған кейіпкерлерге ғана еліктеп өстік. Одан арғыға кеңестік идеология мүмкіндік бермеді.
Тәуелсіздігіміз өз қолымызға тигеннен бастап, басымдықты саяси-экономикалық тұрақтылыққа ғана берген біздер, көктемде қорадан шығып, балғын көкке көзі тоймай, көк қуатын, соңынан іші тоқтамай, айналасын бүлдіретін қойдай, батыстан ағылған жақсылы-жаманды дүниелерді талғап жатпай, сіңіре бердік те, нәтижесінде әлгі бейшара қойдың күйін кешіп келеміз.
Әлеуметтік-рухани құндылықтарымыз біртіндеп жоғала бастады. Қазақилық «артта қалушылық» саналып, кішілеріміз батыстың атыс-шабыс киноларының, мультфильмдерінің кейіпкерлеріне еліктеп, батысқа жат туыстық құндылықтарды, үлкенге құрметі мен кішіге ізетін азайта берсе, үлкендеріміз ағылшынның «джентельмендігіне» есі кетіп, дастарханынан ішімдік, аузынан темекінің күлімсі иісі орын тепті. Қазақтың қайыненесі орыстың «тещаға» деген қатынасымен біте қайнасып, анекдоттарға азық болды. Әйелдеріміз жартылай жалаңаштанып, сән қуып, D&G, Armani, CocoChanel-дермен «ауырды».
Бір қызығы, қазір қоғамдық жерлерде айналаңызға көз тастап, егде тартқан әйел кісілердің ішінен шашының ұзындығы иығынан төмен түскен ана іздеп көріңізші, таба қоюыңыз екіталай. Үлкен кісілердің шолтиған шашына қарап тұрып, қазақ әйеліне тән шаш құндылығының құны төмендегенін сезінесіз.
Ол ол ма, бүгінгі күні қыздарымыз арын сақтауды ар санай бастады. Батыстың фильмдерінде мектепті бітіру балында көңілі қалаған жігітімен міндетті түрде күнәға батуды дәстүр қылып көрсетеді. Еліктеушілік пе? Еліктеушілік.
Атасы үстіне сауыт киіп, қолына қалқан ілген қазақтың ұлдары ашық түстерге әлеміштеп шашын бояп, үстіне қыздардың киіміне ұқсас тыртиған бірдеңені жапсыратын болды. Бұл да күнделікті кәріс сериалдарындағы жастардың қылығы. Еліктеушілік пе? Еліктеушілік.
Қазақтың күй-термесінің орнына рэп, хип-хоп, рок тыңдаймыз. Оның сөздерін түсініп, оған мән беріп жатқанымыз шамалы. Сол әнсымақтардың кейбірін аударуға тырысып көріңізші, мағынасын білгенде жағаңызды ұстайсыз. Қаныпезер Гитлер «қандай да бір ұлтты аздыру үшін оған азғын ән тыңдату жеткілікті» деген көрінеді.
Батыстың fastfood-ына (мағынасы – «жылдам тамақтану») құмар болып алдық. Соны жесек ғана өзімізді өркениетті, мәдениетті сезінетін секілдіміз. Ал, оның зияны өз алдына бір төбе. Басқасын былай қойғанда, «жылдам тамақпен» көп қоректенетін АҚШ халқының 80 пайызға жуығы семіздіктен зардап шегеді екен.
Fastfood демекші, жақында гамбургерлерімен әйгілі Макдональдс компаниясы Астанада өз өкілдігін ашты. Ашылу салтанаты бітісімен, қала қалқы мейрамханаға лап қойды. Қарап тұрып, ішің ашиды. Осыдан 2-3 жыл бұрын ғана француздық танымал шев-аспаз Джейми Оливер Макдональдс өнімін сынап, сотта жеңіп шыққан еді. «Макдональдс өнімі тек иттерге беруге ғана жарамды», дейді Джейми Оливер. Гамбургер ішіне салынатын котлет үшін әдетте итке тасталатын ет қалдықтары алынады екен де, олар зарарсыздандырылып, қызғылт рең алуы үшін аммоний гидроксидімен өңделеді екен…
Бірді айтып бірге кеттік. Айыпқа бұйырмағайсыз, оқырман!
Қысқасы, еліктеу әзірге қазаққа қол болмай тұр дегім келген еді. Алайда, бұдан шығатын қорытынды «еліктеу – ессіздің ісі» болмауы керек.
Қоғамда болып жатқан бұл жағымсыз көріністерде біздің де үлесіміз бар ма деп ойлаймын кейде. Ата-ана ретінде баланы жастайынан дұрысқа еліктеп, бұрыстан қашуына жағдай тудырсақ (дұрыс тәрбиенің ішіне өзімізді де тәрбиелеу кіреді, өйткені баланың алдындағы ең жақын еліктеу объектісі – ата-ана), оның ішінде балаға теледидар мен интернетті толықтай қолжетімді етпесек, қазақтың тілімен, дінімен, салт-дәстүрімен, мәдениетімен сусындатудан танбасақ (өйткені, сол тілде жазылған жауһарларда, сол халық ұстанған Ислам дінінде, сол халықтың бітім-болмысында жоғарыда аталған түйткілді мәселелердің емі тұнып тұр емес пе?!), еліктеудің осындай жағымсыз нәтижесіне емес, жетістіктеріне ие болған болар едік.
Әлі де кеш емес. Қоғамды түзетуге тырысушы мықты кісілер бар. Солардың ішінен табылуға тырысайық. Өйткені бұл қоғам біздің қоғамымыз, біздің ертеңгі балаларымыздың қоғамы. Тым құрығанда, балаларымызға «ие болайық». Оларға дұрыс тәрбие бере алмасақ, өзінде жоқ нәрсені ол да ертең баласына бере алмақ емес.
Әлі де кеш емес…

Нариман Темірбайұлы

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38