Адамның өмірі қандай болмасын, басына қандай қиындық түспесін, өзіне қол жұмсамақ түгілі, өлім тілеуіне де болмайды. Өйткені адамның жаны, тәні, өмірі – Жаратушы тарапынан берілген аманат.

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Сендердің біреулерің өзіне өлім тілемесін. Бәлкім, егер ол жақсы пенде болса, ұзақ өмір сүріп, жақсылығы көбейе түсер, сөйтіп, (өмір) ол үшін жақсы болар. Бәлкім, егер жаман адам болса, жамандығынан қайтарылар». Нәсәи риуаят еткен.

Өзін- өзі өлтіру- Жаратқанның жазмышына қарсы шыққанмен тең. Тіршіліктен баз кешіп өз- өзіне қол жұмсау- Алла Тағаланың қаһарына ұшыратады.

Алла Тағала қатардағы адамға ғана емес, барлық пайғамбарларға небір адам төзгісіз сынақтар берген.

Сондықтан өзін- өзі өлтіру- қиындықтан шығудың жолы емес. Майлықожа жыраудың:

«Адамның күні бар ма сыналмаған,

Бақ тайса мал менен бас құралмаған.

Күніне тоқсан түрлі көрсең пәле,

Сонда да күдер үзбе бір Алладан»- деп, келетін өлең жолдары біздің сөз етіп отырған ойымызды дәл жеткізген екен.

Басқа хадисте Пайғамбар (с.а.с.) былайша дұға қылуды өсиет еткен.

Оқылуы: «Аллааһуммә биъилмикәл-ғайб, уа қудратикә ъәләл-халқ, әхиинии мәә ъәлимтәл-хайәәтә хайран лии, уа тәуәффәнии изәә ъәлимтәл-уәфәәтә хайран лии».

Мағынасы: «Уа, Алла! Өзіңнен ғайыпты білетін білімің арқылы, жаратылысқа деген құдіретің арқылы сұраймын: маған өмірді қайырлы деп білсең мені тірі қыл, ал маған өлімді қайырлы деп білсең өлімді бер». Нәсәи, Ахмет риуаят еткен.

Яғни, өмір мен өлімнің тек қайырлысын сұрауға бұйырған.

Шымкент қаласы орталық мешіті

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38