Құдіреті күшті Алла Тағала Өзінің Кітабы – Құран Кәрімде осы Құранның адамдар үшін бір шипа екендігін нақтылап айтқан:

﴿وَإِذَا مَرِضْتُ فَهُوَ يَشْفِينِ﴾

«Егер ауырсам Ол (Раббым) маған шипа береді» (Шұғара: 80).

﴿قُلْ هُوَ لِلَّذِينَ آمَنُوا هُدًى وَشِفَاء﴾

«Ол (Құран) –  иман келтіргендер үшін туралық әрі шипа деп айт» (Фуссилат: 44).

﴿يَا أَيُّهَا النَّاسُ قَدْ جَاءتْكُم مَّوْعِظَةٌ مِّن رَّبِّكُمْ وَشِفَاء لِّمَا فِي الصُّدُورِ وَهُدًى وَرَحْمَةٌ لِّلْمُؤْمِنِينَ﴾

«Ей, адамдар! Сендерге Раббыларың тарапынан бір уағыз және жүректегілеріңе шипа әрі иман келтірген үшін туралық пен мейірім  (Құран) түсті» (Жүніс: 57).

﴿وَنُنَزِّلُ مِنَ الْقُرْآنِ مَا هُوَ شِفَاء وَرَحْمَةٌ لِّلْمُؤْمِنِينَ﴾

«Құраннан иман келтіргендер үшін шипа әрі мейірім түсіреміз» (Исра: 82).

Соңғы аяттағы мағына жалпылық мәнінде, яғни Құранның кейбір бөлігі ғана емес, барлығы тұтастай шипа. Алдыңғы аятта нақтылап айтылғандай, шындығында, бүкіл Құран Кәрім – шипа. Ол – жүректердегі надандық пен күдік-күмән атаулының емі. Құдіреті күшті Алла Тағала бұрын-соңды кез келген ауруды кетіретін дәл осы Құрандай ұлық дауаны түсірмеген.

Екі Сахих кітаптарында Әбу Сағидтен риуаят етілген төмендегідей хадис бар. Әбу Сағид былай дейді:

«Бірде пайғамбардың (с.ғ.с.) сахабалары жолға шығады. Олар жолда араб тайпаларының біріне тоқталып, қонақ болмақшы болады. Бірақ әлгі тайпа бұларды қонақ етіп күтуден бас тартады. Сөйтіп тұрғанда осы тайпаның көсемін бір жәндік шағып алады. Туыстары қанша тырысса да оның емін таба алмайды. Сонда олардың біреуі: «Ел шетіне түскен әлгі жолаушы топқа барайық. Бәлкім солардан бір ем табылып қалар», – дейді. Сөйтіп, бұларға келіп: «Әй, жолаушы топ! Біздің көсемімізді бірдеңе шағып алды. Қанша тырыссақ та оның емін таппадық. Сендердің араларыңда оған ем болатын нәрсе бар ма?» – деп сұрайды. Жолаушылардың біреуі: «Уаллаһи, мен дұға оқи аламын. Бірақ сендер бізді құдайы қонақ етуден бас тарттыңдар. Сондықтан маған бір сый бермесеңдер емдемеймін», – дейді. Олар бұған бір қора қой беруге келіседі. Бұл жолаушы әлгі науқас көсемге барып «Әлхамды» (Фатиха сүресін) оқып, дем салады. Солақ екен, науқас байлаудан шешілгендей орнынан тұрып, жүріп кетеді. Ештеңе болмағандай құлан-таза жазылады. Жолаушылар сыйға алған бір қора қойды бөліп алу туралы ұсыныс білдіреді. Бірақ емдеген кісі пайғамбарға (с.ғ.с.) бармайынша ештеңе істемейтіндігін айтады. Бұлар пайғамбарға (с.ғ.с.) келіп болған жайды баяндайды. Сонда пайғамбар (с.ғ.с.): «Мұның дұға екендігін қайдан білдің?» – деп сұрайды. Сосын: «Сендер дұрыс істегенсіңдер. Қойды бөліп алыңдар. Маған да бір үлес беріңдер», – дейді.

Міне мұнда дерттің дауасын дәлме-дәл сәйкес келгені сонша дерттің ізі де қалмаған. Бұл – ең оңай шипа. Егер пенделер «Фатиха» сүресімен жақсылап емделсе оның ғажайып шипагерлік әсерін көрер еді.

Шымкент қаласы орталық мешіті

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38