Негізінде дерт атаулы екіге бөлінеді: дене дерті және рухани дерт. Қайсысы болса да Алла Тағаланың әмірімен әрі адамның қолекі істеген істерінің нәтижесінде туындайды. Денсаулық пен дерт деген ұғымдарды әу баста жаратқан жаратушы Хақ Тағала былай дейді:

﴿مَا أَصَابَ مِن مُّصِيبَةٍ إِلَّا بِإِذْنِ اللَهِ﴾

«Әрбір мұсибат (бәле-қаза, сынақ) Алланың рұқсатымен ғана келеді» (Тағабун: 11);

﴿وَمَا أَصَابَكُم مِّن مُّصِيبَةٍ فَبِمَا كَسَبَتْ أَيْدِيكُمْ وَيَعْفُو عَن كَثِيرٍ﴾

«Сендерге әрбір мұсибат (бәле-қаза, сынақ) сендердің қолекі істеген-деріңнен келеді және Ол (Алла) сендердің көп нәрселеріңді кешіреді» (Шура: 30).

Сондай-ақ, дерт адам үшін бір сынақ, Алланың сынағы. Алла Тағала пенделерін түрлі бәле-қаза, тау-қымет, ауру, үрей-қорқыныш, жұт арқылы сынның тезінен өткізіп, олар-дың ішіндегі иманы күштілер мен әлсіздерін, имансыздарын анықтайды. Сыннан сүрінбей нағыз сабырлыларды сүйікті құлдарының қатарына қосады.

﴿وَلَنَبْلُوَنَّكُمْ بِشَيْءٍ مِّنَ الْخَوفْ وَالْجُوعِ وَنَقْصٍ مِّنَ الأَمَوَالِ وَالأنفُسِ وَالثَّمَرَات ِوَبَشِّرِ الصَّابِرِينَ﴾

«Шындығында Біз сендерді аздаған қорқынышпен және аштықпен, мал-мүлікті, жандарды (жақындарды, балаларды), өнімдерді кемітумен сөзсіз сынаймыз. Олай болса сабырлыларды (жұмақпен) қуандыр» (Бақара: 1).

Дерттің екінші түрі – рухани дімкәстік негізінен иманы әлсіздерде, екізжүзділер мен кәпірлерде болады. Бұл дерт – жүрек дерті. Жүрек әу баста иманның ұясы болу үшін жаратылған. Ал егер иманның орнын дүнияуи мүдделер, Құдайға серік қосу, күпірлік басса, cөзсіз жүрек кеселге шалдығады. Дер кезінде лайықты емін, ылажын тауып емдемесе, дәйім дерттілікке, созылмалы сырқатқа айналады. Соңыра бұл дерт үйреншікті жәйтке айналып, жүрек жансызданады. Ол – нағыз имансыздықтың белгісі. Өйткені Алла Тағала Құран Кәрімде екіжүзділерді «жүрегінде дерті барлар» деп сипаттаған. Ал ондайларды о дүниеде үлкен азап күтіп тұр:

﴿فِي قُلُوبِهِم مَّرَضٌ فَزَادَهُمُ اللهُ مَرَضاً وَلَهُم عَذَابٌ أَلِيمٌ بِمَا كَانُوا يَكْذِبُونَ﴾

«Олардың жүректерінде дерт бар. Алла олардың дерттерін көбейтеді. Өтірік айтқандары үшін оларға күйзелтуші азап бар» (Бақара: 10).

Расында да рухани дерттің жанында егер науқас иманды болса дене дерті ештеңе де емес. Себебі дене дертінің дауасы табылады және дерттің бұл түрі көбіне уақытша болып келеді. Ал рухани дерт, яғни имансыздық обасы жүректің жарығын сөндіргеннен кейін оны қайта тірілтетін бір Алладан басқа шипагер жоқ. Өйткені туралыққа салатын да, адастыратын да Оның бір Өзі. Алла адастырғанды ешкім туралыққа бастай алмайды.

﴿فَإِنَّهَا لَا تَعْمَى الْأَبْصَارُ وَلَكِن تَعْمَى الْقُلُوبُ الَّتِي فِي الصُّدُورِ﴾

«Шындығында жанарлар соқыр болмайды, кеуделердегі жүректер көр болады» (Хаж: 46).

Иман келтіргендер үшін дене дертінің жақсы жақтары бар. Әсілінде адам баласы кейбір нәрсені қатты ұнатпағанымен сол нәрседен бір қайырлылық болуы ықтимал. Керісінше бір нәрсені қатты жақсы көргенмен одан бір жамандық болуы кәдік. Бұл – бір Алла білетін білім. Пенделерінің мүдделері үшін солай етеді:

﴿وَعَسَى أَن تَكْرَهُواْ شَيْئاً وَهُوَ خَيْرٌ لَّكُمْ وَعَسَى أَن تُحِبُّواْ شَيْئاً وَهُوَ شَرٌّ لَّكُمْ وَاللهُ يَعْلَمُ وَأَنتُمْ لاَ تَعْلَمُونَ﴾

«Бәлкім, сендер жек көрген нәрселерің сендерге қайырлы болар. Бәлкім, сендер жақсы көрген нәрсе сендер үшін кесір болар, Алла біледі, ал сендер білмейсіңдер» (Бақара: 216).

Иман келтірген жанның басынан өтетін ауру және тағы басқа тауқыметтер оның бұрын істеген күнә-қателіктерінің кәффараты, өтемі. Сондай қиындықтар арқылы оның қателіктері жуылып, соңыра Құдайдың қалауымен екі дертінен де құлантаза айығады.

Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) жеткізген риуаятта пайғамбар (с.ғ.с) былай дейді: «Мүмин адамның басына қандай да бір ауру, қайғы, кедергі, тіпті, тікенек тап келмесін – Алла олармен оның қателіктерін жуады» (Бұхари).

Өз басындағы, жанұя мүшелерінің басындағы қандай да бір сынақтарға, бәле-қазаларға, сондай-ақ, мал-мүліктен таршылық тартуға көркем түрде сабыр еткен иман келтірген пендені Раббысынң алдында мол сый күтіп тұрады. Оған мына хадис дәлел:

Пайғамбар (с.ғ.с.): «Бір Мүминннің жанұясында, мал-мүлкінде, баласында бір бәле-сынақ болып, ақырында Аллаға жолыққанда оның бойында ешбір күнә-қателігі қалмайды», – деген.

Алла Тағала сынақты өзінің сүйікті құлдарына ғана береді:

Әбу Һурайраның (Алла оған разы болсын) айтуынша пайғамбар (с.ғ.с.): «Алла кімге бір қайырлылық қаласа, оған сынақ жібереді», – деген (Бұхари).

Дүние сынағының ақыреттегі сыйы – Алланың рахымы және мәңгілік жәннат тіршілігі. Мәңгілік жәннатпен салыстырғанда иман келтірген пенденің бұл дүние тіршілігі құдды абақтыдағы тұтқынның тұрмысындай болса, керісінше имансыз адамның дүниеде көрген рақат-қызығы оны ақыретте күтіп тұрған тозақтың жанында жұмақ сияқты. Пайғамбардың (с.ғ.с.) бұл туралы мынадай хадисі бар:

«Дүние – мүминнің түрмесі, кәпірдің жәннаты».

Алланың ең сүйікті пенделері – пайғамбарлардың бастарынан небір бәле-қазалар, ауыр сынақтар өтпеді десеңізші. Олардың өмірбаяндарын оқып қарағанда осындай жағдайлардың талайына куә боламыз:

﴿وَأَيُّوبَ إِذْ نَادَى رَبَّهُ أَنِّي مَسَّنِيَ الضُّرُّ وَأَنتَ أَرْحَمُ الرَّاحِمِينَ﴾

 «Аййубты да есіңе ал. Ол Раббысына: «Расында маған кесір тиді, Сен – рахымдылардың рахымдысысың», – деп дұға қылғанды» (Әнбия: 83).

Мүмин пенде үшін Алладан келген сынақ-дерттің мынадай жақсы жақтары бар. Атап айтар болсақ, иманы берік жан үшін ауру Аллаға жақындататын нәрсе:

Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен риуаятта пайғамбар (с.ғ.с.) былай дейді: «Алла былай дейді: «Уа, Адам баласы! Пәлен деген пендем ауырғанда сен оны зиярат етпедің, егер зиярат еткеніңде Мені соның қасынан табар едің» (Мүслим).

Әнастан (Алла оған разы болсын) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.ғ.с.): «Сыйдың мол болуы бәле-сынақтың мол болуынан. Егер Алла бір қауымды жақсы көрсе, оларды сынайды. Кім оған разылық танытса рызылығына жетеді, кім ашуланса ашуына ұшырайды», – деген (Термези).

Айқын иманның иесі үшін ешқашан да бір жеңіліс жоқ. Өйткені оның әрбір ісі, сөзі, сабыры Раббысы үшін болады. Сондықтан да оған өмірінің әрбір сәтінде сауап жазылады:

Суһайыбтан (Алла оған разы болсын) жеткен риуаятта пайғамбар (с.ғ.с.) былай дейді: «Мүминнің ісі неткен ғажап! Шындығында оның барлық ісі қайырлы. Бұл Мүминнен басқаға жазылмаған. Егер оның басында қуаныш болса, Аллаға шүкір етеді – сонысына сауап алады. Егер оған бір жамандық төнсе, оған сабыр етеді – онысына да сауап алады. Алланың мұсылманға жазған әрбір тағдыры қайырлы» (Мүслим).

Абдуллаһ ибн Әмрден (Алла оған разы болсын) жеткен риуаятта пайғамбар (с.ғ.с.) былай деген:«Адамдардың біреуі денесінде бір бәлеге тап болғанда Даңқты әрі Ұлық Алла оны (пендені) қорғайтын періштелерге: «Бұл пендеме әрбір күні мен түніне Менімен жақсы байланыста болған кезінде жасаған амалындай сауап жазыңдар», – дейді» (Ахмет).

Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен риуаятта Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Бір адам Алланың алдында амал арқылы жете алмайтын дәрежеде болады. Алла оны ұнатпайтын нәрсесі арқылы сынап сол дәрежеге жеткен» (Ибн Хиббан).

Бағзы даналар былай деген екен: «Алла Тағала үш нәрсені тек сүйген құлына береді: кедейлік, ауру, сабыр».

Әбу Дарда (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Мен адамдар жек көретін үш нәрсені кедейлік, ауру және өлімді жақсы көремін. Өйткені кедейлік – міскіндікті білдіреді, ауру күнә – қателіктердің өтемі, ал өлім – Алла Тағаламен жолығу».

Хатим ибн әл-Асам былай деген екен: «Төрт нәрсенің қадірін төрт адам білер. Жастықтың қадірін қарт білер. Аман-саулықтың қадірін бәлеге ұшырағандар білер. Денсаулықтың қадірін науқас білер. Өмірдің қадірін өлілер білер».

Пайғамбар (с.ғ.с.) былай деген:

«Бес нәрседен бұрын бес нәрсені пайдаланып қал:

1)  қартаймастан бұрын жастық шағыңды,

2)  ауырмастан бұрын денсаулы-ғыңды,

3)  кедейленбестен бұрын байлы-ғыңды,

4)  өлместен бұрын өміріңді,

5)  жұмыстан бұрын бос уақытыңды».

Шымкент қаласы орталық мешіті

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38