Шымкент қаласындағы ресми сапарының екінші күнінде ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қаратау ауданы, Сайрам тұрғын үй алабында орналасқан «Қарашаш ана» қайырымдылық мекемесінің ашылуына қатысты.
Салтанатты жиын қасиетті Құран оқумен басталды. Осыдан соң Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы құттықтау сөз сөйлеп ғимарат ішін аралап тамашалады.
Айта кетейік, екі қабаттан тұратын ғимаратта шәкірттер үшін жатақхана, спорт зал, асхана, дәрісхана, іс-шаралар өтетін арнайы зал орналасқан.
Бір ерекшелігі, мекемедегі әрбір дәрісханаға елімізден шыққан даңқты тұлғалардың есімі берілген. Атап айтқанда, «Әл-Фараби», «Ибрахим ата», «Қ.А.Яссауи», «Абай Құнанбайұлы» және өзге де бөлмелерге атау берілген. Ал бүгінде еліміз бойынша 20 қайырымдылық мекемесі жұмыс істейді.