Хадисте «теңдесі жоқ» деп аталған оразаның тағы бір басты ерекшелігінің бірі – оның риядан, яғни «басқалар көрсін» деген көзбояушылықтан таза болуында. Өйткені, ораза – егер ораза ұстаушы өзі айтып қоймаса, басқа ешкім біле алмайтын, Алла Тағала мен құлының арасындағы сыр тәрізді ерекше ғибадат. Әуелі бәрімізге белгілі хадис мәтініне зер салайық: «Адам баласының барлық амалы еселенеді: жақсы амал оннан жеті жүз есеге дейін көбейеді. Алла Тағала айтады: «Адам баласының барлық амалы – өзі үшін. Тек ораза – Мен үшін. Оразаның есесін, сыйын Өзім беремін. Өйткені, пендем Мен үшін шақуат қалауы мен тамағынан тыйылады». Ораза ұстаушы бөленетін екі шаттық бар: ауыз ашқан кездегі қуаныш және Раббысымен жолыққан уақыттағы қуаныш. Мұхаммедтің жаны қолында болған Алламен ант етемін! Алла Тағаланың алдында ораза ұстаған адамның аузының иісі мисктің (әтірдің) исінен де жағымды!» (Бұхари, Муслим жеткізген)
Осы хадисте айтылған Алла Тағаланың «Оразаның сауабын Өзім беремін» деген сөзіне орай ғалымдарымыз: «Адамдар басқа құлшылық түрлерінде рияға ұрынып жатады, ал рияны, яғни әрекет-амалды көрер көз үшін істеуді Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) «кіші серік қосу» деп атаған. Оразада рияға ұрыну қаупі жоққа тән; сондықтан оның сыйы да – ерекше», – дейді.
Расында, дініміздегі көптеген құлшылық түрлеріне қатысты ықылас-ниетке байланысты және амал етуге байланысты қателіктерді кездестіруге болады. Мәселен: білместікпен әруақтарға арнап құрбандық шалып жатқандар кездеседі; берген зекеті мен садақасына мақтан мен міндетсу араластырып алып жатқандар қаншама? Қажылыққа барса да рияға ұрынған, қайтып келген соң да «қажылығын» бұлдап жүрген кісілерді де көріп жүрміз. Жеке оқыған намазы – басқаша, көптің көзінше оқығаны – басқаша қаншама жан бар. Яғни, шайтанның азғыруы, нәпсінің мақтаны араласпаған ғибадат түрін көзге елестету – қиын. Алайда, ораза құлшылығы – бұл кемшіліктерден ада. Өйткені, оразаны тек Алла Тағалаға ғана арнауға болады және өзі айтпаса, Жаратушы Иесі мен ораза ұстаушы адамның арасындағы құпия сыр болған бұл құлшылықты басқа ешкім біле де алмайды, көре де алмайды. Шындығында, ораза ұстаушы адамның ешкім жоқ жерде тамақтанып алуына, ал басқалардың көзінше аузы берік адам секілді жүріп-тұруына ешнәрсе кедергі емес. Оны ондай екіжүзділіктен тек Алла Тағаланың көріп тұрғанына деген кәміл иман мен тек Жаратушысының разылығын іздеген шынайы ықыласы ғана сақтайды. «Сый» демекші, қажылық, намаз, зекет, садақа секілді ғибадаттарымыз үшін мақтау естіп, иығымызға шапан жабылып, өзіміз секілді пенделерден «сыйлық алып» жүрміз ғой. Ал ол құрмет пен мақтан пенденің нәпсісін семіртіп жіберуі әбден мүмкін… Ал ораза – жоғарыда айтқанымыздай, ел көретін құлшылық емес. Оразаға Жаратушы Иеміз ғана куә, ол үшін Алланың разылығынан басқа сый да жоқ! Қорыта айтқанда, оразада хақ дін Исламның басты талабы болған Алла Тағаланы Бірлеу – таухид сенімі анық көрініс табады және ниеттегі ықылас та өз кемелін табады. Міне, сондықтан тек Өзіне ғана бағышталған Оразаның сауабын Жаратушы Иеміз Өзі береді және Өзінің құдіреті мен мейіріміне лайық түрде береді!..
Бәріміз білеміз: хақ дін Исламды қабылдау – Алладан басқа Тәңір жоқ екеніне әрі Мұхаммедтің (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) Алланың елшісі екеніне жан-жүрегімізде күдіксіз сену және тілмен айту арқылы жүзеге асады. Өз кезегінде «Алладан басқа Тәңір жоқ» деген сенімнің астарында: «Алла Тағаладан басқа Жаратушы, Басқарушы жоқжәне Алла Тағаладан өзге құлшылық қылуға лайық басқа Құдай жоқ» деген өзекті ұғым жатыр. Ал, дәл осылай Алла Тағаланы Бір деп білу, ой-ниетімізбен, сөзімізбен және денемізбен орындалатын құлшылықтарды тек қана Аллаға арнау және тек Оның ғана разылығын мақсат тұту – біздің мұсылмандық сеніміміздің негізі әрі хақ дінді дұрыс ұстанудың, құлшылықтарымыздың қабыл болуының ең басты шарты. Міне, осы шартқа ораза толық сай болып тұр…
muftyat.kz