Дастан Желеуов, Шымкент қаласы, Қаратау аудандық мешіттің бас имамы
«Мұсылман бауырлар» ұйымы – трансұлттық, діни-саяси, террористік ұйым. Бұл ұйымды 1928 жылы Мысырда мектепте, мұғалім болған Хасан әл-Банна есімді адам құрған. «Мұсылман бауырлар» ұйымының ол кездегі негізгі мақсаты – жастарды ізгілікке, сауапты істерге шақырып, күнәлі, тыйым саланған істерден қорғау болатын. Сондай-ақ «Мұсылман бауырлар» ұйымы миссионерлік қызметпен шұғылданып, Египет қоғамының Батыстың кері ықпалынан қорғауды, мешіттер мен медреселерді көбейту арқылы жастардың моральдық тұрғыдан азғындауына тосқауыл қоюды мақсат еткен. Өткен ғасырдың 30-жылдарына қарай «Мұсылман бауырлар» ұйымының қызметі саяси сипат ала бастады. Ұйымның бұл саясаттану бағыты Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары күшейе түсті. Тарихшылардың жазуынша, «Мұсылман бауырлар» ұйымы бірінші болып Египет пен басқа да Таяу Шығыс елдерінде террорлық актілерді мемлекеттік билікке саяси ықпал ету құралы ретінде пайдалана бастады. 1940-50 жылдары «Мұсылман бауырлар» ұйымының торрорлық әрекеттері шарықтай түсті: 1948 жылы премьер-министр Нукраши-паша мен Каирдың полиция бастығы өлтірілді, ал 1954 жылы президент Г.А.Насерге қастандық жасалды. Осы жылы «Мұсылман бауырлар» ұйымының қызметіне тыйым салынды. 1971 жылы «Мұсылман бауырлар» ұйымына шайх Омар ат-Тилмисани басшы болғаннан соң, ұйым парламенттік үлгідегі партияға айнала бастады. Ұйымның қызметіне бірқатар өзгерістер енгізілді, ең бастысы – «Мұсылман бауырлар» ислам мемлекеттерінде террорлық актілерді саяси құрал ретінде пайдаланудан бас тартты. Осылайша мың құбылған «Мұсылман бауырлар» ұйымы бүгінде ислам әлеміндегі ең қуатты, әсіре идеологияланған діни ұйымдардың бірі болып табылады. Ұйымның идеологиялық іргетасы да, материалдық базасы да мықты деп есептеледі. «Мұсылман бауырлар» ұйымының халықаралық сипаты айтарлықтай ауқымды. Еуропа, Азия, Америка және Африканың 30 астам елінде ұйымның бөлімшелері бар. Сарапшылар: «Мұсылман бауырлар» ұйымының мән-мазмұнына тереңірек үңілген адам бұл ұйымның діни-саяси қозғалыс екенін аңғарады дейді. Ұйымның түпкі мақсаты – Құран, Сүннет және Шариғат негіздерінде әлем мұсылмандарын бір Халифат аясында біріктіру, алпауыт мемлекеттердің үстемдігі мен өктемдігінен құтылып, өз қауымын батыстану үдерісінің түрлі жағымсыз жақтарынан сақтау болып табылады. Сондай-ақ «Мұсылман бауырлар» ұйымының парламенттегі өкілдері банктік пайыздарды (риба) жою және спирттік ішімдіктерді сатуға тыйым салу мәселесін ұзақ жылдар бойы тиянақты түрде көтеріп келеді. «Мұсылман бауырлар» ұйымы 1984 жылдан бері парламенттік сайлауларға белсенді түрде қатысады. 1987 жылы «Мұсылман бауырлардың» 37 мүшесі парламентке сайланды. 2011 жылдың наурыз айында – Хосни Мүбәрак тақтан тайғаннан соң, «Мұсылман бауырлар» ұйымы ресми түрде үкіметтік емес ұйым ретінде, 57 жылдан соң қайта тіркелді. Ұйымның қызметіне 1954 жылы тыйым салынған болатын. «Мұсылман бауырлар» ұйымы 2011 жылы 4 желтоқсанда өткен парламенттік сайлаудың бірінші басқышының өзінде сайлаушылардың 40 пайыз дауысын алып, жеңіске жетті. Тізімге енген электораттың 62 пайызы қатысқан бұл сайлауды ел тұрғындары да, халықаралық бақылаушылар да легитімді, яғни еркін және заңды сайлау деп қабылдады.
Ал 2012 жылы «Мұсылман бауырлар» ұйымының өкілі Мұхаммед Мурси Египет елінің президенті болып сайланды. 2013 жылы жазда мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырып, демократиялық жолмен сайланған президент Мұхаммед Мурсиді тақтан тайдырған маршал Абдул-Фаттах Халил ас-Сиси президент болып сайланды. Египетте ілгеріден әскерилердің ықпалы күшті болғанын, олардың зайырлы биліктің тараптары екенін айта кету керек. Египеттің билік басына келген әскерилері батыстық, зайырлы жолды өзінің басты басымдығы санап, мыңнан астам «Мұсылман бауырлар» ұйымының өкілдерін өлім жазасына кесті, біразын кешіргенімен, «Бауырлардың» 700-ге жуығы өлтірілді. Ең ауыр үкімге кесілгендердің ішінде «Мұсылман бауырлар» ұйымның жетекшісі Мұхаммед Бади де бар. Генералитет тарапынан ұйымдастырылған мемлекеттік төңкерістен кейін «Мұсылман бауырлар» ұйымының Египет қоғамындағы төменгі таптар – кедейлер мен жоқ-жұпынылар арасындағы беделі арта түсті. Тағынан тайдырылған президент Мұхаммед Мурси 2013 жылдың 26 шілдесінде қамауға алынды. Оған «түрмеге от қойды, сол мекеменің құжаттарын жойып жіберді, Палестинаның «Хамас» ұйымымымен ынтымақтасып, полиция учаскелері мен әскерилерге шабуыл жасамақ болды» деген айыптар таңылды. Египет Армиясы «Мұсылман бауырлар» ұйымына 24 сағат уақыт беріп, осы уақыт ішінде ымыраға келу процесінің «Жол қартасына» қосылуды бұйырды. Президент Мұхаммед Мурси тағынан тайдырылғаннан кейін оның миллионға жуық жақтасы Египеттің ірі қалаларында төңкеріс жолымен билікке келген уақытша үкіметке қарсы бейбіт шерулер ұйымдастырып, Мұхаммед Мурсидің билікке қайта келуін талап етті.
«Мұсылман бауырлар» ұйымының өкілі, президенттік тағынан тайдырылған Мұхаммед Мурси мен Уақытша үкімет арасындағы текетірес алты апта бойы жалғасты. Ішкі және сыртқы күштер тараптарды демократия бағытында ымыраласуға шақырып жатты. Парсы бұғазы мемлекеттері, Еуроодақ және Америка әкімшілігінің мәселені қантөгіссіз жолмен шешуге бағытталған әрекеттері нәтиже бермеді: әскери төңкеріс жасаған генералитеттің бұйрығымен 2013 жылдың 14 тамызы күні таңғы сағат 7-де «Мұсылман бауырлар» ұйымының өкілдері танктер, бульдозерлермен «Тахрир» алаңынан ығыстырыла бастады. «Мұсылман бауырлар» ұйымы әскерилер қатыгездігіне жауап ретінде бірқатар провинцияларда полиция учаскелеріне шабуыл жасады. Әскерилердің уақытша үкіметі елде төтенше жағдай жариялап, бүкіл елді қатаң бақылауға алды. Билікке заңды жолмен, демакратиялық сайлаулар арқылы келген «Мұсылман бауырлар» ұйымын АҚШ әкімшілігі қолдаудан бас тартты. 2013 жылдың 20 тамызында «Мұсылман бауырлар» ұйымының лидері Мұхамед Бади әскерилер тарапынан тұтқындалды, ал арадан бір ай өтіп, 23 қыркүйекте Египет елінің соты «Мұсылман бауырлар» діни-саяси қауымдастығының қызметін тоқтату, коммерциялық емес қоғамдық ұйым мәртебесінен айыру және барлық қаржылық активтерін тәркілеу туралы қаулы шығарды. «Мұсылман бауырлар» ұйымы Ресей Федерациясы, Тәжікстан және Өзбекстанда террорлық ұйымдардың қатарына енгізілген. «Мұсылман бауырлар» ұйымы 2014 жылы Сауд Арабиясында да террорлық ұйым деп танылды. Саудия билігі осы жылдың 3-ші ақпан күні «террорлық ұйымға қатыстылар 3 жылдан 20 жылға дейін қамау жазасына тартылады» деген шешім қабылдады. «Мұсылман бауырлар» ұйымы тағдыры тауқыметті, тар жол, тайғақ кешулі, өкілдері демократиялық сайлаулар нәтижесінде парламентте көпшілікті, ал басшыларының бірі Египет елінің президенті мәртебесіне жеткен діни-саяси қозғалыс.
Қорытындылай келе, Мұсылман бауырлар идеологиясының негізінде панисламизм жатыр. «Ассоциация» Ислам тараған елдерде (Мысырдан бастап) «Ислам әділеттігіне» сүйенген Құранда және шариғатта тұжырымдалған Ислам парыздарын қатаң сақтайтын қоғам құруды өзінің басты мақсаты етіп ұстады. Хасан әл-Банна өлгеннен кейін олардың арасына іріткі түсіп, жеке-жеке топқа бөлініп, «Таяу және Орта Шығыс Мұсылман бауырлар қозғалысы» деп аталатын ұйымдар жұмыс істей бастады. Қазіргі кезде «Мұсылман бауырлар қозғалысы» үш бағытта жұмыс істейді: «салауаттылар» — бұлар Хасан әл-Банна мен Сәийд Қутбтың іліміне сүйенушілер; «Ислам демократтары» мен «Ислам социализмі» жазушылардың әртүрлі бағыттарын біріктіреді; көптеген оң қанатты экстремистік топтар. Исламды қорғау партиясы да осы топқа жатады. Олар мұсылман бауырлар ассоциациясына бөлінген болатын, қазір барлық араб елдерінде кұрылған және жасырын жұмыс істейді. Оның идеологиясы мен саясаты реакциялық мәнге ие және көптеген елдерде олардың қызметіне тыйым салынған. Олардың ұйымының кейбірінің қызметі Батыс Еуропада орналасқан орталықтар арқылы үйлестіріледі. Ислам әдебиеттерінде кең және тар деп алатын екі ұғым бар. Тар мағынасында өздерін «мұсылман бауырлар» деп атайтындарға байланысты нақты қозғалыс мүшелері кіреді. Ал, кең мағынасында Ислам елдерінде кең тараған, яғни «мұсылман интегризмі» деп аталатын топ жатады. Бұл бағыттың өкілдері Исламды алғашқы таза нұсқасына көшіруді насихаттайды. Құран мен Сүннеттің қоғам игілігі үшін бүгінгі ғылым мен техниканың жетістіктерінен қашпай саяси, экономикалық, әлеуметтік және заң жүйесінде пайдаланылуын жақтайды.