…Бағдатта елді аштықтың қатты бір тықсырған кезі.
Бұл қиын жағдай әсіресе қолындағы арқанымен әркімнің жүгін тасып, солардың ұстатқан азын-аулақ тиын-тебенімен күнелтетін жүктасығыш «хаммалдардың» қабырғасын қайыстырып, жандарына қатты батты.
Бір күні жүк тасушы хаммалдың біреуі жаңа піскен нан исі бұрқырап шығып жатқан бір үйдің тұсынан өтіп бара жатып аштықтан бұратыла ішке дауыстады:
– Неше күннен бері нәр татпаған мен бейбаққа Алла ризалығы үшін бір үзім нан беретін жан болар ма?
Тандырдың қасындағы шешей жаңа піскен ып-ыстық күлшеден қызына беріп жатып «Ана кісіге ұстат» деді. Қызы бір ауыз сөзге келместен ыстық күлшені жақсылап ораған күйі аш хаммалдың қолына ұсатты.
Хаммалдың қуанышында шек жоқ. Неше күннен бері бір күлшеге зар болып еді. Енді міне сол тілеуін Құдай аяқ астынан берді деген сөз.
Бірден үйіне қарай бет алды. Алайда дәл осы мезет ту сыртынан естілген өктем дауыстан тұрған орнында қатты да қалды. Ол дауыс:
– Айт, тез, андағы нанды қайдан алдың?- деді.
Бұл байғұс жаңа ғана шыққан үйін қолымен нұсқады.
Қабағы онсыз да қату әлгі кісі ашуланған күйі:
– Бәсе,- деді,- мынадай заманда басқа кімнің үйі елді жарылқап нан береді дейсің?!
Сөйтті де үйіне барып:
– Қайыршы хаммалға нан берген қайсысың?- деп айғайлады.
Әйелі байғұс қатты қорыққандықтан жең ұшымен қызын көрсетті. Онысы – қызына жаны ашыр, басы артық қылыққа бара қоймас деген ойы еді. Алайда қыздың әкесі сараңдық пен ынсапсыздықтың ауруына мықтап шалдыққан болатын. Сондықтан да болар ойланып жатпастан босағада тұрған таяқпен «нан берген қолың осы болса» деп қызының қолынан оңдырмай салып қалды. Қыздың баж еткен даусы ғана шықты. Өйткені, онсыз да нәзік қолы сол мезет сынып кетіп, өмірлік мүгедек болып қалған-ды. Оған қарап жатқан әке бар ма?! Ол өз ісін іштей дұрыс деп түйді, «елдің бәріне нан тарата берсем бұл үйде нан қала ма» деп ойлады.
Алайда оның бір нәрсені ақылға салып таразылауға, түйсінуге парасат-пайымы жетпеген еді. Ол – өзіне нәсіп етілген әрбір нығметке шүкір ету қажеттілігі еді. Яғни адам баласы да әрқашан Алла Тағаланың маңдайға бұйырған әрбір жақсылығына іштей шүкіршілік қылып, соны біліп жүруі керек. Өйткені шүкір ұмытылған жағдайда Алла Тағаланың ол адамды бар жақсылықтан мақұрым ғып, құр алақан қалдыруы демде еді.
Айтқандай-ақ осы бір ақиқат шығайбайшыл әлгі сараңды өз ырқына бас идірді де. Көп өтпей-ақ ісі өрге баспай, кетеуі кете бастаған әлгі үй иесінің базардағы сауда орнын сатуы да сол берекесі қашқан тірлігінің бір көрінісі еді. Аз-ақ уақытта кедейленіп шыға келгені соншалық, бір күндері нан таппайтындай жағдайға қалай душар болғанын да өзі сезбей қалды.
Салы суға кетіп кешқұрым үйіне қайтқан ол үйдегілерге мынаны айтуға мәжбүр болды:
– «Болды енді, менен үміттеріңді біржолата үзіңдер! Бүгін күні бойы нан алатын ақша да таба алмадым. Қызым, бүгін сен одан да базарға барып өткен-кеткендерден біраз нан алатын ақша сұрап қайт!»
Қызы қол жайып қайыр сұрауға қанша арланса да шарасыздықтан қысыла-қымтырыла базардағы бұрынғы дүкендерінің алында тұрып таныс біреу-міреу кездесіп қалар ма екен деп күте бастады.
Сәлден кейін-ақ өзін байқаған әлгі дүкендегі кісі келіп:
– Сенің бір қыжалатың бар секілді. Бұл жерде кімді күтіп тұрсың?- деп сұрады.
Қыз лажсыздан бар шындықты жасырмай айтты:
– Шыны керек, нан алатын ақшамыз болмай, қолыма бірдеме ұстатар таныс кісілер кездесіп қалар ма деп тұрған жайым бар…
Әлгі кісі қолын бірден қалтасына салып біраз ақша алып «мә, ала ғой» деді. «Сен бұған қалағаныңша нан сатып ала аласың. Мен де сенің арқаңда Алланың өзіме жасаған жақсылығына аз да болса шүкіршілігімді қылған болып саналамын»,- деді.
Қыздың манадан бері бір қолын артына жасырып, берген бір уыс ақшаны да бір-ақ қолымен алғаны әлгі кісіні таңдандырмай қоймады. Сол сол-ақ екен:
– Қолыңда жара болса, айт, емдетіп берейін. Неге артыңа көрсетпей жасырып тұрсың? Алла маған көп нығмет-несібе бергенде мен де оған шүкіршілік етіп басқаларға жақсылық жасауым керек емес пе?- деді.
Қыз қолы жайлы қанша айтқысы келмей тартыншақтағанымен, әлгі кісі сұрап тұрып алғаннан кейін айтуды жөн көрді.
– Кезінде мен бір пақырға нан берген едім. Әкем әлгі байғұстан «нанды қайдан алдың» деп сұраса ол біздің үйді көрсетіпті. Әкем қатты ашуланып, үйге келе сала нан берген қолың осы болса деп менің қолымды таяқпен ұрып, өстіп мүгедек қылып тастады. Көрсетуге ұялатындықтан ел бетіне көрінбей үйде отырамын деп күйеуге де шықпай қалған жайым бар…
Әлгі кісі қыздың айтқандарын ести сала бар көрші-қолаңын шақырып айғай салады.
– Әй, көршілер! Келіңдер, мен өз қиялымдағы ақ жүректі аруды енді таптым. Ол, міне, алдарыңда тұр. Сендер де менің бұл ісіме куә болыңдар!
Сөйтеді де аң-таң болып тұрған қызға болған жайды әңгімелеп түсіндіре бастайды:
– Кезінде сенен нан сұраған бейбақ мен едім. Мен ол кездері елдің жүгін тасып күнелтетін кедей бір хаммал едім. Демек қолыңның сынғанына мен себеп болған екем. Сенің қолыңның сынғанына себеп болып қана қоймай, сенің тұрмыс құра алмағаныңа да себеп болғаным жарамас. Бұған Алла Тағала да разы бола қоймас. Сені көргенде іштей ұнатып қалғаным да рас. Маған нан берген қызға қатты ұқсайды екен деп қадала қарап қалған едім. Қателеспеген де екем. Әкең шүкіршілік етпегендіктен қолындағы барынан айрылып қалды. Ал керісінше оның айрылып қалған байлығын Алла Тағала маған нәсіп етті. Мен ондай шүкіршілікті білмейтін адам емеспін. Кел, екеуміз одан да некемізді қиғызып, отау құрайық. Әкеңді де қиыншылықтан құтқарармыз.
Екеуі бірге қол ұстасқан күйі қыздың әкесіне көмектеспек ниетпен жолға шығады…
«Шүкір етсеңдер ырыс-несібемді молайта түсемін. Ал шүкіршілікті ұмытсаңдар, қолдарыңдағы нығметімді аламын да шүкіршілігі бар басқаларға нәсіп етемін. Шүкіршілік етпегендерді әрі қатты азапқа ұшыратамын…» (Құран Кәрім, 14/7)
Қ.Бағашар, Тағлым тамшылары кітабынан