Елімізде әсіресе қыс мезгілінде жылыту жүйелерін дұрыс қолданбау және бірқатар қауіпсіздік ережелерін сақтамаудың салдарынан түрлі оқыс оқиғалар орын алып жатады. Тіпті мұның соңы қайғылы жағыдайларға душар етіп отыратыны да жасырын емес. Осындай оқиғалардың болдырмау мақсатында Шымкент қаласы, Еңбекші ауданында № 4 – қалалық өрт сөндіру бөлімінің ұйытқы болуымен халық арасында өрт қауіпсіздігін сақтауға байланысты түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Іс-шараға Шымкент қалалық № 4 өрт сөндіру бөлім бастығының орынбасары Ерсұлтан Сейітұлы Атабай мен өрт сөндіруші қызметкерлер, Еңбекші ауданына қарасты Смайыл ата мешітінің бас имамы Ташенов Ержан қатысты.
Түсіндіру жұмыстары барысында өртті болдырмау, оның алдын-алу шаралары мен бірқатар қауіпсіздік ережелері кеңінен баяндалды. Сондай-ақ халыққа қауіпсіздік ережелеріне байланысты шығарылған буклеттер таратылып, арнайы нұсқаулықтар берілді. Смайыл ата мешітінің имамы Ташенов Ержан сақтық шараларын жиі жүргізіп, ескертіп тұрудың пайдалары, әрбір адам өз қауіпсіздігін сақтауға міндетті екенін халыққа түсіндіріп өтті.
ҚМДБ Шымкент қаласы орталық мешітінің баспасөз қызметі