АҚ КИМЕШЕК АСТЫНДА…

Уа, қайда құт құрсақ,

Жақұт жатыр аналар,

Ақ кимешек астында

Ар күзеткен даналар.

Сенен де көшті бір бақыт,

Жаулығыңды жұлмалап,

Ақ шашыңды тұлдатып. 

«Бір Құдайдан былайғыны көзге ілмей», өлеңінің әр тармағы жебедей тіліп түсетін Төлеген Меллат деген ақын замандасымыз осылай жырлап еді. Шынында, Шоқанның Шоқан болуы, Абайдың Абай болуы Айғаным мен Зере, Зейнеп пен Ұлжан секілді «ақ кимешек астында» бүкіл ақыл-парасатын жасырған, «ар күзеткен даналардың» арқасы емес пе еді?!

Айғаным Шоқан үшін даналықтың үлгісі болған адам еді. Әкесі Сарғалдақ Бұқардан білім алған білімді молда екен. Айғаным 17 жасында Абылай ханның ұлы Уәли ханның аяулы жары болды. Шығыстың бірнеше тілін меңгерген, француз, орыс тілдерін жетік білді. Орыс шенеуіктерін сөзден жаңылдырған шешен, жұртты жұмылдырған көсем де болды. 1821 жылы ері Уәли хан дүние салғанда мұрагері Шыңғыс 10 жаста еді. Сондықтан ел басқару ісін жасы қырыққа жақындаған Айғаным ханым өз қолына алды. Айғанымның ел алдында айрықша беделді болғаны соншалық, Патша үкіметі қазаққа қатысты шешім шығарар кезде алдымен Айғаныммен ақылдасатын еді. Айғанымның өтініші бойынша, І Александр оған Сырымбеттен қыстау салып берді. Аты қыстау дегені болмаса, бұл нағыз хан ордасы болатын. Мұнда мектеп, медресе, мешіт тұрғызылды, мейманхана, монша секілді жайлар бой көтерді.

Ұлы Шыңғысты Омбыдағы әскери училищеде оқытып, оған аға сұлтан билігін аманаттады. Айғанымның мына қасиетін қараңызшы, Шыңғыс Омбыда оқығанда асының адалынан болғанын қалап, оны орыстардың ортақ асханасынан тамақтандырмай, мұсылман үйіне тұрғызған.

Шоқанның да ғалым болып қалыптасуына әжесі Айғанымның әсері аз болмады. Немересіне «Мұхаммед-Ханафия» деп ат қойып, кейін еркелетіп Шоқан атап кеткен де осы әжесі еді. Қазақтың аңыз-әңгімелерін, тарихи тағылымдарын әжесінің аузынан естіп, терең қайнарынан қанып ішкен Шоқан да есейгенде елге тұтқа болды.

(Жас келіншек. 1914 жыл. Авторы – В.Пельц. Сурет Кунсткамера музейінен алынды)

Айғаным Шыңғыс пен Шоқанға қалай ықпал жасаса, Құнанбай мен Абайдың алашқа аты танылуына Зере де дәл солай әсер етті. Зере парасатты да тақуа әйел еді. Ел арасында Зере айтты деген «Мен Құнанбайды бір күн дәретсіз емізіп көргем жоқ және омырауымды жумай, бісміллә айтпай, емізген мезгілім болған жоқ» деген сөз бар. Мұны Мұхамеджан Тазабек «Тектілік үлгісіндей Зере әжеміз, Құнанбайды дәретсіз емізбеген. Атаның бойындағы тазалықтан, Абай туды тектілік негізбенен» деп жырмен қуаттай түсті. Рас, мұсылманның тазалығы мен тектілігі дәреттен басталады. Міне, бұрынғының аналары тағылым тұқымын қалай сепкен?!

Зеренің шын аты – Тоқбала Бектемірқызы. Әкесі Бектемір елге сыйлы адам деседі. Кейін Тобықтының беделді биі Өскенбай бидің бәйбішесі болды. Зере немерелері ішінде Ибраһимді бауырына басып, Абай деп еркелеткен. Абайдың өлең-жырмен ауыздануына, ақын болып қалыптасуына әжесі Зеренің ықпалы мол болды.

Иә, қазақтың қай тұлғасын алып қарасаң да оның өсіп-кемелденуіне ар күзеткен ақ жаулықты анасы һәм әжесінің ықпалы мол болғанын байқаймыз. Шәкәрімнің әжесі Күңке, Мұхтар Әуезовтың әжесі Дінәсіл де – қазақтың абзал аналарының бірі еді. Күңке – Ағанас бидің қызы. Ақыл-парасаты мол әйел болған. Дінәсіл –
атақты Ақтайлақ бидің шөбересі. Ол да мейірімді, жұмсақ адам болған деседі. Немерелері ішінен Мұхтарды өте жақсы көріп, «Қоңыр қозым» деп еркелеткен. Мұхтар 6 жасқа толғанда Абайға апарып, ақынның ақ батасын алған. Дінәсілдің дана әйел болғанын осыдан-ақ аңғаруға болады. Мұхтар Әуезов шығармаларында әжесінің есімін ерекше құрметпен атап, қалам ұстауға деген қабілетін  ашқанын сағынышпен еске алады.

Қазір заман өзгерді, көшеге кимешек киіп шықсаң күле қарайтындай үркеміз. Негізінде бәрі өзімізден. Көнені жаңғырту да өз қолымызда тұр. Осыдан оншақты жыл бұрын көшеге шапан киіп шықсаң, жұрт сені музейден тіріліп келген экспонат секілді қабылдап, жаға ұстайтын. Қазір олай емес. Шапанның жаңғыртылған, үйде, жұмыста, жиын-тойда киюге арналған неше түрі шықты. Үстінен тастамай киіп жүрген аға-інілер бар. Сол секілді ақ кимешекті де алға оздыратын күн туса екен деп тілеп келеміз.

«Мен сыйға тартқан орамал» атты жеке дүкенін ашқан елдің сүйікті әншісі Роза Әлқожа: «Бірде Салтанат Айбергенова апам «Мен сыйға тартқан орамал» дүкені кимешек істеп сатсаңдар, алушы ек» деген. Өзіме әлі ауылы алыс көрінген соң ба, апамды қартайтқым келмеді ме, мән бермедім. Енді «қалай дамытсақ екен?» деп ойланып отырмын» деген пікір айтты. Шынында, неге кимешекті қайта тірілтпеске. Аналарымыз, Төлеген ақын айтқандай, «ақ кимешек астында ар күзетсе», балаларымыз кешегі Шоқан, Абай, Шәкәрім, Мұхтарлардай дара да дана оғлан болып жетіле ме деген оқшау ойымыз еді бұл.

Әбу НАЗАР

Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38

Добавить комментарий