БАС МҮФТИ ЕЛШІ КЕҢЕСШІСІНЕ АЙРЫҚША АЛҒЫС БІЛДІРДІ

Бүгін елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Түркия елшісінің діни істер жөніндегі кеңесшісі Галиб Акынмен кездесті.

Бас мүфти қызметтік міндетін аяқтаған Галиб Акынға алғыс білдіріп, ілтипатын жеткізді.

«Сіз бауырлас елдер – Қазақстан мен Түркия арасындағы байланысты арттыруға ерекше үлес қостыңыз. Соның ішінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жұмысына қамқорлық танытып, көптеген игі жобалардың жүзеге асуына тікелей қолдау көрсеттіңіз. Сіздің қамқорлығыңызбен көптеген діни кітап жамағатқа тегін таратылды, имамдарымыз Түркияда білімін жетілдірді. Осы ретте Түркия Дін істері басқармасының төрағасы Әли Ербаш мырзаға, сізге айрықша алғысым мен риясыз ризашылық ниетімді жеткіземін. Санаулы мерзім ішінде жасаған ізгі ісіңізге Алла мол сауаптан жазсын!» деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Өз кезегінде Галиб Акын: «Қызмет барысында өзіңіз бастаған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жұмысы мен игі бастамаларына барынша қолдау көрсетуге тырыстық. Аллаға шүкір, мүфтияттың әлеуеті жыл сайын артып келеді. Біздің сіздерге көрсеткен көмегіміз – бауырластық міндетіміз. Ізгі істеріңізге Жаратқанның өзі жар болсын!» деген тілегін білдірді.

Кездесуде Бас мүфти мәртебелі мейманға құрмет көрсетіп, қазақы салтпен иығына шапан жапты, сонымен қатар «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына 30 жыл» мерекелік медалымен марапаттады.    

Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38

Добавить комментарий