Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Барлық мадақ әлемдердің Иесі бір Аллаға ғана лайық! Ардақты Пайғамбарымызға, оның әулеті мен сахабаларына Алла Тағаланың сансыз салауаты мен сәлемі болсын!
Бүкіл әлемдерді, адамзат пен жынды Жаратушы Хақ Тағала Ниса сүресінің алғашқы аятында: «Уа, адамдар! Сендерді бір жаннан (Адам атадан) жаратқан және одан өзінің жұбайын (Хауа ананы) жаратқан, сосын ол екеуінен көптеген ерлер мен әйелдер жаратқан Раббыларыңнан қорқыңдар! Бір-біріңнен сұралатын Алладан, туысқандық байланысты үзуден қорқыңдар. Расында, Алла сендерді бақылаушы», – деген.
Шынында да асыл дініміз Ислам – Алла Тағаланың Өзінің пенделеріне разылықпен түсірген ең соңғы әрі ең толыққанды діні. Алла Тағала соңғы аяттарының бірінде былай деген: «Бүгін Мен сендерге діндеріңді кемеліне жеткіздім әрі нығметімді толықтырдым және Исламды сендерге дін етіп құптадым» (Мәида, 3). Ендеше, Ислам – кемеліне жетіп, толысқан дін, біртұтас жүйе, әділ үкім, раббылық заңнама, шынайы бағыт, орта бағдар, әлемдік дағуат, рух пен тәннің талаптарын толықтай қамтамасыз ететін бірден-бір дін, жеке тұлғаның да, тұтастай қоғамның да қос дүниедегі мүдделерін толықтай қорғау. Демек, осы діннің тағылымдарына құлақ асып, құлақ асып қана қоймай, оларды бұлжытпай орындаған жан мамыражай әрі тұрақты тіршілікпен бақытты ғұмыр кешпек.
Әуелде Алла Тағала адамзат пен жындарды Өзіне ғибадат жасаулары үшін жаратқан. Жаратушы Хақ Тағала Зәрият сүресінің 56-аятында «Жын мен адамзатты өзіме құлшылық етулері үшін ғана жараттым», – деген. Сол ғибадаттардың жай-жапсарын жер бетіндегі жын мен адамзатқа түсіндіру үшін әр заманда пайғамбарларын жіберіп отырды. Алланың ең соңғы елшісі Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) екендігі белгілі.
Енді кім сол Алла түсірген жолмен жүрсе, екі дүниенің бақытына жетіп, мерейі үстем болатын болды. Ал кім басқа бұралаң жолға түсіп, тура жолдан ауытқитын болса, осы дүниеде де, ақыретте де сорлылықтың қамытын киетін болды. Жазмыш жазуы – тағдыр тақтасында осылай жазылды. «Кім Аллаға және Елшісіне бой ұсынса, шынында, ұлы табысқа жетеді» (Ахзаб, 71). «Ал кім Аллаға, Елшісіне қарсы келсе, ол анық адасқан болады» (Ахзаб, 36). Олай болса, пендені Раббысына жетелейтін тура жол анық көрсетілген.
Адам баласының бүкіл өмірі – сынақ. Бұл тұрғыда тек ауызбен иман келтіріп қана қою жеткіліксіз. Аяттарда былай делінеді: «Адамдар «иман келтірдік», – десек болды, сыналмаймыз» деп ойлай ма екен? Шындығында біз олардан бұрынғыларды да сынаған едік» (Анкабут, 2,3). Сондықтан да мұсылман баласы дүние тіршілігіндегі түрлі сынақтарға көркем түрде шыдамдылық танытып, оның өткінші қызықтарына, шайтан мен нәпсінің азғыруына алданып адаспай, тура жолдан таймаса ғана екі дүниенің бақытына кенеледі.
Алланың хақ жолынан адасу күнәлы іс-амалдарға деген ізгі ниеттен шынайы ыстық ықыластан басталады. Ықылассыз істелінген амал толыққанды болмайды. Алла Тағала Зумәр сүресінің 39-аятында Пайғамбарға (с.а.с.): «Аллаға ықыласты түрде құлшылық қылуға бұйырылдым деп айт», – деп әмір еткен. Ал Ағраф сүресінің 29-аятында: «Сондай-ақ, әрбір мешіттерде жүздеріңді Аллаға ықыласты түрде бұрыңдар (намаз оқыңдар)», – деген.
Сондай-ақ Бәйинә сүресінің 5-аятында: «Ал олар шынайы ықыласты түрде, таза дінмен Аллаға ғибадат етіп, намаз оқып, зекет беруге бұйырылған еді», – делінеді.
Ықылас салихалы пенделердің, пайғамбарлардың сипаты. Нақ осы сипаттың амалдың кемелдікке жетуі үшін керек екендігін Пайғамбарымыз (с.а.с.) да талай хадистерінде айтып өткен.
Имам Хаким жеткізген хадисте Алланың Елшісі (с.а.с.): «Дініңе шынайы түрде ықылас қой, сонда аз амалдың өзі саған жеткілікті болады», – дейді.
Ал имам Байһақи риуаят еткен хадисте: «Кімде-кім бұл дүниеден жалғыз Алладан басқа құдай жоқ екендігі туралы шын ықыласпен өтсе және намаз оқып, зекетін берсе, Алла оған разы болады», – деген.
Имам Хакимнің Ибн Аббастан жеткізген риуаятында бір кісі Алланың елшісіне (с.а.с.) келіп: «Уа, Расулалла! Мен Алланың разылығын қалайтындай халде болғым келеді сол үшін не істеуім керек?» – деп сұрайды. Сол уақытта ол кісіге және сондай барлық мұсылмандарға жауап ретінде Пайғамбарымызға (с.а.с.) «Кімде-кім Раббысымен кездесуді қаласа, ізгі амал істеп, Раббысына деген құлшылығында Оған ешқандай серік қоспасын» деген Кәһф сүресінің соңғы 110-аяты уахи етілген екен.
Демек, ықыластылық, ғибадатты жалғыз Аллаға ғана арнап орындау ол амалдың қабыл болуының кепілі.
Имам Ахмадтың Әбу Зәрдан жеткізген риуаятында Алланың елшісі (с.а.с.): «Жүрегін иманына ықыласты еткен, жүрегін аман-сау етіп сақтаған, нәпсісін тыныштандырған, мінез-құлқын туралап, түзеткен, құлағы мен көзін сақтаған жан тозақтан құтылады», – деген.
Алла Тағала Бақара сүресінің 281-аятында:
وَاتَّقُوا يَوْماً تُرْجَعُونَ فِيهِ إِلَى اللهِ
«Аллаға қайтатын күннен қорқыңдар», – деген.
Алла Тағала бәрімізді Өзінің сүйікті ықыласты құлдарынан етсін! Әрбір ісімізде ықыласты болуымызды нәсіп етсін! Шынайы ықыласпен жасаған амалдарымызды, ғибадаттарымызды қабыл алсын! Елімізге тыныштық, Ислам дініне күш-қуат берсін! Намаз оқитын, нағыз ықыласты ізгі мұсылмандардың санын арттыра берсін!
Абзал Нұрғалиұлы, ҚМДБ Шымкент қаласы, «Имам ағзам» мешітінің найб имамы