Мешіт – мұсылман қауымның құлшылық жасайтын мінажат үйі ғана емес, адамның діни дүниетанымын арттырып, рухани тәлім алатын тәрбие ордасы.
«Шын мәнінде мешіттер Аллаға тән, ендеше Алламен бірге ешкімді шақырмаңдар» (Жын сүресі 18-аят) деген Алла тағала. Тәуба сүресінің 108-аятында Алла Тағала: «(Мұхаммед!) Ол мешітте әсте намаз оқыма. Әу бастан-ақ тақуалық негізінде салынған (Құба) мешіті намазға тұруыңа әбден лайық. Онда заттың және рухани кірлерден тазалануды жанындай сүйетін адамдар бар. Алла да тазаланғандарды сүйеді» – деген. Хадисте: «Мұсылмандар үшін қабірстан мен монша, әжетханадан тыс бүкіл жер жүзі – мешіт» дейді. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Алла Тағаланың мешіттерін тек Аллаға және ақырет күніне иман еткен, намаз оқыған, зекетін берген және Алладан басқа ешкімнен қорықпайтындар ғана салады», – дейді (Тәубә сүресі, 18-аят). Мешіт салу ісі өте сауапты. Пайғамбарымыз (с.а.с.) заманында Мединеден салынған Мәсжид-үн-Нәбидің құрылысына сахабалар түгел қатысты. Пайғамбарымыздың (с.а.с.): «Кім жер бетінде Алланың үйін салуға атсалысса, Алла Тағала ол кісіге жұмақтан орын дайындайды» – дегенін естіген сахабалар маңдай терін аяған жоқ. Аммар бин Ясәр (р.а.) бірін пайғамбарымыз, екіншісін өзі үшін деп екі кірпіштен тасыған. Мұны көрген пайғамбарымыз хазіреті Аммардың қасына барып, арқасын қағып «Ей, Сүмәййәнің ұлы! Басқалардың бір, сенің екі сыйың бар» -деп қуантты.
Мешітке ниет етіп шыққан кісінің және мешіт табалдырығын аттаған жанның қадамына сауап жазылады. Пайғамбарымыз с.а.с. хадистеріне сүйенсек, мешітке келушілердің оң аяғына сауап жазылатыны, дәрежесі артатын болса, әрбір басқан сол аяғының күнә-кемшіліктері кешіріледі.
Сахих Әл-Бұхариден келген хадисте Жамағатпен оқылған намаздың жеке оқылған намаздан 27 есе артық екені айтылған. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.с.) «Періштелер намазын оқып болып, дәреті бұзылмай өз орнында қалған адам үшін дұға жасайды. Олар: «Алла, оны кешіре гөр. Алла, оны жарылқай гөр», – деп айтатын болады» – дейді. Тағы бір хадисінде Пайғамбарымыз (с.а.с.) «Мешітке барып жүретін адамды көрсеңіз, оның иман келтіргендігіне куәлік беріңіздер, өйткені Алла былай деген: «Кімде-кім Аллаға және Қиямет күніне иман келтірсе, Алланың мешітіне барады» – дейді.
Абу Һурайрадан (р.а.) келген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Егер адамдар азан айту мен бірінші сапта намаз оқудың сауабын білсе еді, әрі сол сауапқа жету үшін таласты тек жеребе тастаумен ғана шешуге болатын болса, жеребе тастар еді. Егер мешітке ерте барудың сауабын білсе еді, онда оған жету үшін жарысар еді. Әрі егер құптан мен таң намазында қандай сауаптың бар екенін білген болса, онда оған еңбектеп болса да келер еді» – деген
Мешітке барып таң және құтпан намазын оқыған мұсылманға түнімен күнімен намаз оқығандай сауап жазылады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) құптан және таң намаздарын мешітте жамағатпен оқыған адамның түнімен намаз оқығандай сауапқа кенелетінін айтқан. Әбу Хурайра (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.а.с.) былай айтқанын келтірген: «Кімде-кім мешітке таңертең және кешке баратын болса, Алла оған әр кез таңертең ол мешітке кетіп бара жатқанда әрі кешке қайтып келе жатқанда Жұмақтан орын дайындап қояды» – деген.
Анас бин Малик (р.а.) риуаят еткен қудси хадисте Алла Тағала: «Ұлылығым және құдіретіммен ант етемін! Мен жер бетіндегілерге бір азап бермек боламын. Сонда Менің үйлерімді (мешіттерді) тұрғызғандарға, Менің жолымда бір-бірін жақсы көргендерге және сәресі уақытында тәубе сұрағандарға қараймын да, азапты оларға жолатпаймын»,- дейді. Әбу Сағид әл-Худри (р.а.) Алла елшісінен (с.а.с) мына Қудси хадисті риуаят еткен: «Расында Менің жердегі үйім – мешіттер. Мені зиярат етушілер сол мешітті салушылар. Үйінен дәрет алып (тазаланып) Менің үйіме зиярат етіп келгенге жәннат болғай. Үй иесі қонағына құрмет етпек».
Демек мешіт құлшылық жасауға арналған орын ғана емес, Алланың қонағы болуға деген зор мүмкінік. Біз мұсылман болғандығымыз үшін шүкірлік етіп, Аллаға ғибадат етіп, парыз етілген үкімдерді орындауға асыға білсек нұр үстіне нұр болмақ. Мына жалған әлемде мұсылман болып жаратылғанымыздың өзі шексіз бақыт емес пе.
Абу Райхан Беруни имамы Сабыров Сайдирасул
Пайдаланған әдебиеттер:
asyldin.kz
(Бухари, Муслим).
Байһақи